Қоғам

Қосымша зейнеткерлік жарна төлеуден не ұтамыз?

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударатын міндетті жарнасының көлемі тағы бес пайызға артып, барлық жиыны 15 пайызды құрайды. Оның он пайызы қызметкердің жалақысынан аударылса, бес пайызы жұмыс берушінің есебінентөленбек. Алайда бұл жаңалық қоғамда алғашқы күннен бастап әртүрлі пікір-талас тудырып келеді.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіндежұмыс берушілердің бес пайыз міндетті жарнасын енгізу қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға және қызметкерлердің жұмыс өтіліне сай лайықты зейнетақы алуына кепілдік береді, деп санайды.
– Қазіргі уақытта зейнеткерлерге төленетін зейнетақы төлемдерінің қомақты бөлігі – мемлекеттік бюджет есебінен төленетін базалық және ортақ зейнетақыдан құралатындығы белгілі. Алайда жұмыс берушілер осы уақытқа дейін өз қызметкерлерінің зейнетақысына ешқандай үлес қосқан жоқ (зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегендерге төленген міндетті кәсіптік зейнеткерлік жарналарды есептемегенде). Сол себепті зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесіне жұмыс берушіні тарту – мемлекеттің, жұмысшының және жұмыс берушінің ынтымақты жауапкершілігіне негізделген зейнетақы жүйесін құрудың соңғы сатысы, – деп түсіндіреді министрлік өкілдері.
Зейнетақы жарналарының жаңа түрін енгізу барысында, әрине, халықаралық тәжірибелер терең зерттеледі. Бұл ретте мамандар Швецияның зейнетақы жүйесі озық үлгі болып табылады деседі. Шведтер бұл модельді әлемде тұңғыш рет 1998 жылы енгізген екен. Сондықтан Қазақстанда осы жаңа ережені әзірлеуде Швецияның тәжірибесі ескеріліпті. Министрлік мамандарының болжамы бойынша, жұмыс беруші тарапынан төленетін қосымша жарнаның нәтижесінде зейнетақы қорына ай сайын 35 миллиард теңге түседі.
Мұрагерлікке берілмейді
Бір қарағанда, жаңа ереже халықтың тұрмысын көтеруге, айналып келгенде, қартайған шағында күнкөрісіне молынан жететін зейнетақы алуына игі ықпал етеді екен. Ендеше тұрғындардың наразылығын тудырған не? Егер әлеуметтік желілердегі пікірлерді сараптап қарасақ, салымшыларды ең алдымен жиналған қаражаттың мұрагерлікке берілмей, зейнетақы қорында қалатыны, ертең ол қаржының зейнеткерлерге қандай принциптермен үлестірілетіні алаңдатады екен. Біз көпшілікті толғандырған осы сауалымызды «БЖЗҚ» АҚ-ның облыстық филиалының директоры Мамыралы Мәмбетовке жолдаған едік. Облыстық филиалдан келген ресми жауапта былай делінген:«Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын аудару үшін Қорда жұмыс берушінің ұсынған тізімі бойынша әрбір жұмыскердің атына шартты зейнетақы шоты ашылады. Сөйтіп барлық отандық жұмыс берушілер еңбек жағдайларына қарамастан, өз қаражаты есебінен жұмыскерлерінің пайдасына олардың айлық табысының 5 пайызын ай сайын Қорға аударып отырады. Яғни, бұл жарналар жұмыскердің табысына кері әсер етпейді. Ондағы жинақтар жұмыскердің меншігі болып табылмайды және мұраға қалдырылмайды. Өйткені бұл жарналар жұмыскерлердің айлық табысынан емес, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен төленеді. Егер міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтар зейнеткерге таусылғанша төленсе, шартты зейнетақы шотындағы жинақтар оған өмір бойына ай сайын тұрақты төленіп отырады. Қалайша? Себебі, бұл төлемдер сол шартты-жинақтаушы жүйедегі жинақталған қаржыны салымшылар арасында қайта бөлу, қайта үлестіру арқылы жүзеге асырылады. Нақты айтар болсақ, қайтыс болған салымшылардың, Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен адамдардың және өмір бойына ай сайын кемінде екі еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінде зейнетақы төлеп тұруға жеткілікті сомадан жоғары жинағы бар адамдардың шартты зейнетақы шотындағы қаражат шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесінде қалған басқа қатысушылар арасында қайта үлестіріледі.»
Қордан жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен төленетін төлемдердің көлемі шартты зейнетқы шотындағы жинақтардың көлеміне байланысты болады. Бұл ретте осы жарналар есебінен төленетін төлемдердің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен аспайды.
Көлеңкелі бизнес дамуы мүмкін
Дегенмен еліміздің экономистері мен сарапшылары бұл жаңашылдықтың кейбір осал тұстарын да айтады. Мысалы, белгілі экономист Олжас Худайбергенов зейнетақы төлемдерінің жаңа ережесі жұмыс берушілерге қосымша жүктеме болып, тіпті олардың көлеңкелі бизнеске кетіп қалуына ықпал етуі мүмкін деген күдігін жасырмайды.
-Жоба авторлары жұмыс берушінің қаражаты жұмыскерінің жалақысын төмендетпей-ақ, қосымша жарна төлеуге әбден жеткілікті деп санайды. Мемлекеттік секторда еңбекақы азаймайды, оның көлемінің өсуіне де қосымша жарнаның кәрі әсері бола қоймас. Жеке меншік секторында ірі жеке компаниялар да бұл талапты қабылдар, олар экономикалықбелсенді тұрғындардың 30-40 пайызын ғана құрайды. Қалғандарының жұмыс берушілері көлеңкеге кетіп қалуы мүмкін, өйткені олардың кейбіреуі салықтарын әрең төлеп отыр. Сондықтан өмірде жұмыс берушілер жарнаны жұмыскерінің есебінен төлегісі келеді, сол себепті оның қолына алатын жалақысын төмендетуі ықтимал. Немесе еңбекақысының бір бөлігін ресми түрде қолына, екіншісін жасырын түрде, конвертпен береді. Не болмаса, мүлде көлеңкелі бизнеске кетіп қалады, – дейді экономист.
Біз бұл жерде экономистің алаңдаушылық танытуы орынды екенін қабылдаймыз. Дегенмен еңбек шарттары мен жалақы мөлшері еңбек шартында қарастырылғандықтан, қосымша жарна жұмысшылардың жалақысын төмендетуге себеп болмауы керек екендігіне назар аударамыз.Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, еңбек шартына кез-келген өзгертулер тек қызметкер мен жұмыс берушінің өзара келісімі бойынша ғана енгізілуі мүмкін. Оның үстіне еңбек құқығы бұзылған жағдайда, қызметкер жұмыс орнындағы еңбек инспекциясына немесе Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетіне хабарласуға құқылы.
Танымал саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Саясаттану негіздері» кітабының авторы Есенғазы Қуандықта «Жас Алаш» газетінің сайтына берген сұхбатында зейнетақы төлемі мөлшерінің бес пайызға өсуіне қарсы екенін білдірді.
-Жалпы кез келген заң адамға қызмет ету керек. Біздің мемлекетте басқаша. Бюджеттегі ақша азайды, жер-көктен алатын ақша жоқ. Соның орнын бес пайыз өсіммен толтыруды қарастырып отыр деп ойлаймын. Бұл халыққа жасап отырған заңсыз нәрсе. Өзім қарсымын, – дейді профессор.

Қызметкердің зейнетақысы қомақты сомаға өседі

Жаңа ережеге сай зейнеткер базалық және өзі жинаған жинақтық зейнетақылардан басқа жұмыс берушінің міндетті жарнасынан құралған қаражаттан өз үлесін алады. Бүгінгі таңда жұмыс берушінің міндетті зейнеткерлік жарнасын (ЖМЗЖ) енгізу жөніндегі нормаларды іске асыру үшін жарнаны есептеу және аудару жөніндегі, сондай-ақ жарна есебінен төлемдерді жүзеге асырудыңтиісті Ережелері әзірленген. Ереже жобаларымен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында танысуға болады:(https://www.enbek.gov.kz/ru/node/360804; https://www.enbek.gov.kz/ru/node/360919)

Жұмыс берушінің міндетті зейнеткерлік жарнасы есебінен зейнетақының қаншалық өсетінін мысал ретінде қарастырып көрейік. Мысалы, еңбек өтілі 33 жыл, еңбекақысы 172 мың теңге (бүгінгі күні орташа жалақы) қызметкерді алайық.33 жыл ішінде инвестициялық табысты есепке ала отырып, қызметкердің жалақысынан 10 пайыздық зейнетақы жинақтары шамамен 12,7 млн.теңгені құрайды.Бұл жерде жалақының өсуі ескерілмейді. Еңбек демалысына шыққан кезде қызметкердің зейнетақысы 140 мың теңгені құрайды, оның ішінде жинақтау -110 мың теңге, базалық – 30 мың теңге. Ал енді жұмыс берушінің жарнасын енгізу есебінен (ЖМЗЖ) қызметкердің зейнетақысы 50 мың теңгеге ұлғайып, 190 мың теңгені құрайды.

Қазақстанда 2,2 миллион зейнеткер бар. 2019 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша зейнетақының орташа мөлшері 85 697 теңгені құрап отыр, оның ішінде базалық зейнетақы – 26 978 теңге, ортақ зейнетақы – 58 719 теңге.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button