Қоғам

Қосымша кіріс көздері қолымызды ұзартады

Экономикасының негізін ауыл шаруашылығы құрайтын Көкпекті ауданында туризм, балық өңдеу ісі және жер қойнауын пайдалану салаларын дамыту арқылы халықтың тұрмысын жақсарта түсуге мүмкіндік бар. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ауданға жасаған іссапарында осыған көз жеткізді.

Қосымша кіріс көздері қолымызды ұзартадыМиролюбовка ауылында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жаңа наубайхана ашылды. «Рахат-нан» деп аталатын нысанның жұмысымен танысқан аймақ басшысы шалғай елді мекендерде қарапайым тұрғындардың кәсібін ашқаны құптарлық іс екенін, алайда, ауылда тұрып өз азығын қамдауға құлықсыздық белең алып кетпеуі керектігін айтты. Жеке кәсіпкер Ләззат Құдайбергенова осы наубайхананы ашу арқылы өзі мен жолдасынан бөлек тағы екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Күніне 400 бөлке нан пісіруге қауқарлы пештер Өскеменнен алынған екен. Жұмыс қалыпқа түскесін, тоқаштың түр-түрін пісіріп, туристер мен жолаушыларға сатуды жоспарлап отырған кәсіпкер бүгіннің өзінде ауылдастарын нан-тоқаш өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Несиеге берілген екі млн. теңгеден бөлек наубайханаға тартылған инфрақұрылымның 1,2 млн. теңге шығыны мемлекет есебінен өтелмек.

Туристерді тартудың тың идеясы

Миролюбовка ауылы Зайсан көлі мен Ертіс өзеніне жақын орналасқандықтан, балық өңдеуге қолайлы. Осыны ескерген «Миролюбовка НВХ» ЖШС-нің директоры Нұрлан Алпысов бағалы балық түрлерін өндіретін инкубациялық цех құрып, консервілеу зауыты мен сүйекті балық етін өндіру цехын ашуды жоспарлап отыр. Жобаның негізгі мақсаты – аталмыш арналардағы балық санын бұрынғы қалпына келтіріп, бекіре тұқымдастарын көбейту. Аталмыш жоба «Өскемен EXPO-2014» көрмесіне ұсынылады. Сатып алынған балық тұқымдарын мұндағы суға бейімдеу ісімен Алматыдан арнайы шақырылған Евгений Федоров есімді маман айналысып жүр.

Өңір басшысы жобаның идеясы өте тартымды болғанымен, әуелі судың қоры мен сапасын түбегейлі зерттеу керектігін, гидрологиялық шешімі бекітілгеннен кейін ғана іске кірісу керектігін ескертті.

– Көбінесе осындай жақсы идеяларды толық барлау жасамастан бастап аламыз да, кейін сан соғып жатамыз. Солай болмас үшін, судың қоры мен химиялық құрамын анықтау қажет. Ертең қымбат балықтар бұл суда жандана алмай қырылып жатса, босқа шығын болады, – деді ол. Жобаны ұсынушылардың айтуынша, мұнда өсірілетін бекіре тұқымдас балықтардың отаны осы өңір болған екен. Аталмыш жоба арқылы облыстың су қоймаларындағы балықтың алуан түрін қалыпқа келтіруге болады. Жоба сонымен қатар, бұрынғы «Қаракөл» аңшылар үйінің орнына демалыс ошағын құруды көздейді. 81 гектардан астам жерді алып жатқан аумақта туристер балық аулап қана қоймай, заманауи туризмнің түрлі қызметтерін пайдаланады деп күтілуде. Жобаның сызбасымен танысқан облыс басшысы мұнда да бірқатар ескертулер жасады.

– Шетелден келген туристке жол талғамайтын қымбат көлік пен коттедждер қызық емес. Олар ашық аспан астында түнеп, тұмса табиғатты атпен немесе жаяу аралау үшін келеді мұнда. Одан кейін инфрақұрылым мәселесін реттеп алмай іске кірісу бекер. Соңғы кезде неше түрлі әдемі жобалар қағаздағы мінсіз сызба күйінде қалып жатыр. Бұл да солардың тағдырын қайталап жүрмесін. Бір идеядан бір идеяға аттай бермей, нақты іске кірісу керек. Мәселен, бұл жобаны ең әуелі мектеп оқушыларын тартудан бастауға болады, – дей келе, облыс әкімі оқушылардың жазғы демалысын осындай мазмұнды шаралармен толықтыру керектігін айтты.

Игі іске мұрындық болған – «Мәмбет» шаруа қожалығы

Көкпекті – өзінің тұрақтандыру қорын құрып отырған облысымыздағы бірегей жалғыз аудан. Өңір басшысы аталмыш қордың азық-түлігі сақталған «Мәмбет» шаруа қожалығының базасында болып, қалған өнімнің мөлшерін көрді. Самар ауылынан азықты ауданның түкпір-түкпіріне жеткізуге алты жүк көлігі жұмылдырылыпты. Осындай игі іске мұрындық болып отырған аталмыш қожалық 105 адамды жұмыспен қамтып отыр. Астықты сұрыптау мен ұнтақтау жұмыстары соңғы технологияларға негізделген. Орылған астық әуелі салмағы бойынша іріктеледі де, кейін фотосеператордың көмегімен түсіне қарай сұрыпталады. Осының нәтижесінде өнімнің сұрыпталу дәлдігі 99,9 пайызға жетеді. Ал заманауи диірмен болса, сұрыпталған бидайды аз ғана жұмыс қолының қатысуымен қаптағы дайын өнім ретінде жөнелтеді.

Жетекшісі Есімбек Мәмбетовтің айтуынша, екі жарым мың гектардан астам жері бар шаруа қожалығы 440 бас ірі қара, 2719 ұсақ мал мен 70 бас жылқы асырап отыр. Өңір басшысы аудандағы тұрақтандыру қорының негізін қалаушы орын болғандықтан, шаруа қожалығына мал санын арттырып, халықты етпен қамтамасыз ету ісіне көңіл бөлу керектігін айтты. Қожалық бұл бағытта да жұмысты жандандырып келе жатқан көрінеді. Жуықта ғана Астана қаласына 750 тоқтыны тірідей жеткізуі – соның дәлелі.

Облыс басшысы Самар ауылындағы агротехникалық колледжге де бас сұқты. 206 баланы техник-механик, тракторшы-машинист, газ және электр дәнекерлеуші, электрик, омарташы, ветеринарлық санитар, наубайханашы-кондитер, аспазшы, шаштараз-модельер, даяшы-бармен сынды мамандықтарға оқытып жатқан кешеннің меншігінде 35 трактор, 420 орындық қос оқыту ғимараты, 100 орындық жатақхана мен 860 га жері бар. Бүгінде «Мәмбет» шаруа қожалығы колледжбен бірге дуальді оқыту жүйесі негізінде мамандар даярлауға құлық танытып отыр. Ал Өскемендегі ауыл шаруашылығын ғылыми зерттеу институты өз мамандарын жіберіп, шеберлік сағаттарын өткізуде. Алдағы уақытта колледж оқытушыларын аталмыш институтта біліктілік арттыру сабақтарына жіберу жөнінде келісім жасалыпты. Аймақ басшысы мекеме директорына түлектердің жұмысқа орналасуын қадағалау да колледждің міндеті екенін ескертті.

Келешегі жоқ келісімшарттар жойылуы тиіс

Аудандағы жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындар мен білім саласының басшылары облыс әкімінің алдында атқарылып жатқан шаруалар жөнінде есеп берді. Өткен жылы көштің соңғы бөлігінде қалып қойған көкпектіліктер биыл ҰБТ нәтижесі бойынша ортақ көрсеткішті 85 балға жеткізуді жоспарлап отыр. Жыл бойында атқарылған әдістемелік шаралардан бөлек, ауданда тестілеу бекетінің ашылуы бұл межені іске асыруға мүмкіндік туғызатыны айтылды.

Ал жер қойнауын пайдаланушы төрт бірдей компанияның бұл жиынға тек үшеуі келіпті. Аудан әкімі Дүйсенғазы Мусин кәсіпорындардың жерді пайдалану жөніндегі келісімшарттың талаптарын жөнді орындамай отырғанын жеткізді. Атап айтсақ, «Каскад-Н» ЖШС және «СемГео», «Бенефис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері Құлынжон, Родниковый сынды кен орындарынан алтн өндірумен айналысса, «Сәтпаев кен байыту комбинаты» ЖШС ильминит шығарады. Алайда аталмыш мекемелердің басшылары жиі ауысатындықтан, салық түсімдері ұдайы түспейтін көрінеді. Геологиялық барлауды да ақсатып отыр. Кездесуге келген серіктестік басшыларының уәжін тыңдай келе, аймақ басшысы оларға кемшіліктерді түзетіп, жұмысты жандандыруға мүмкіндік беруге болатынын айтты. Ол үшін жұмысшылардың орташа еңбекақысын 84 мың теңге көлеміне көтеріп, барлау жұмыстарын ширату қажет. Қарапайым жұмыс күші жергілікті тұрғындардан құралуы керектігі де ескертілді. Ал бұл жиынға ат ізін де салмаған, міндетті есептерін уақытында өткізбейтін «Бенефис» ЖШС-мен келісімшартты бұзу керектігін жеткізді.

Өңір басшысы келешегі жоқ келісімшарттарды жою керектігін ескерте келе, аталмыш кәсіпорындардың жұмысына тұрақты қадағалау жасай алмай отырған «Востокнедра» өңіраралық департаментінің жұмысын сынға алды.

Самар ауылының тұрғындарымен кездесу барысында аймақ басшысына Ертістің үстінен өтетін көпір құрылысы, Қытайдың шағын тракторларын құрастыру жобаларына қатысты сауалдар қойылды. Әуелі аудан әкімі ауданның экономикасын арттыруға мүмкіндік берер жобалар жөнінде баяндады. «Көкпекті жолдары» ЖШС қолға алған асфалть-бетон зауыты, туризм, өндіріс ошақтарына берілетін жер телімдерін мемлекеттік сату, шаруа қожалықтарындағы қызметкерлердің еңбекақысын заңды жолға қою, демалыс орындарының есебін жүргізу сынды шаралардың нәтижесінде кіріс мөлшерін көбейтуді жоспарлап отырған аудан басшысы балық өңдеу ісіне де баса мән берілетінін жеткізді.

Облыс басшысы қосымша кіріс көздерін анықтап, оларды іске қосуға ауылдық округ әкімдері белсене араласу керектігін ескертті.

Аудан орталығында да балық өңдеу ісі қолға алына бастапты. «Кузьмич» шаруа қожалығы 2014-2018 жылға бағытталған кешенді жобаны жүзеге асырмақ. Бағалы балықтар мен шаян, жылыжай көкөнісін өсіру, экотуризмді дамыту, биогумус өндіру мақсаттарын біріктірген бұл жобаның алғашқы кезеңі ойдағыдай жүзеге асып үлгерген. Арнайы аквакешендегі балықтардың күтімі мен өзге де жұмыстарға 33 адам тартылмақ. Албырт, бекіре, сиг балықтары мен шаянды тұтынушыларға дайын күйінде саудалаудан бөлек, балық аулау сапарларын ұйымдастыру да жоспарда бар. Ал мұнда өндірілетін биогумус алқапқа 5 жылда бір рет қана себіледі. Соның өзінде жердің құнарын 20 пайызға арттыра алады. Өңір басшысы кешенді жобаның келешегін оң бағалады.

Көкпектіліктер облыс басшысымен кездесу барысында аудан орталығына спорт кешенін салу жөнінде өтініш жасады. Өңір басшысы Көкпекті, Тарбағатай, Бесқарағай аудандарынан басқа барлық өңірлердің орталығында мұндай нысандар ашылғанын айта келе, аталмыш екі ауданнан кейін кезек Көкпектіге де келетінін, әзірге мұндай ғимараттың қызметін Самар ауылындағы кешен атқара беретінін түсіндірді.

Аудан әкімінің есебін қорытындылаған аймақ басшысы қосымша кіріс көздерін табудың және мемлекеттік бағдарламаларды игілікке жаратудың маңызына тоқталды.

– Қазіргі таңда бізде өндірілетін металдарға деген сұраныстың төмендегені ешкімге жасырын емес. Соның салдарынан экономикалық өсім мөлшері төмендеуі мүмкін. Осыны болдырмас үшін бұрын мән берілмеген қосымша көздерді табу жөнінде барлық аудан басшыларына тапсырма берілген. Оны орындау – тек аудан әкімінің ғана емес, ауыл әкімдерінің де міндеті. Ал қарапайым халық мемлекеттік бағдарламалар ұсынатын шағын несиелер мен субсидияларды тиімді пайдалануы қажет, – деді облыс әкімі.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button