Қосымша кепілдік пен сақтандыру қаншалықты қажет?
Жаңа тұрмыстық техника сатып алғанда сатушылар қосымша кепілдік пен сақтандырудың артықшылықтарын айтып, рәсімдеуге көндіріп әлек болып жатады. Тауарды аз ақшаға сатып алмаған соң, сіздің де оны түрлі жағдайдан сақтандырғыңыз келетіні түсінікті. Алайда, кейде қосымша кепілдік пен сақтандырудың тауарға берілетін міндетті кепілдіктен айырмашылығы жоқ болып жатады. Сондықтан тұтынушылардың кепілдік пен қосымша кепілдік, сақтандырудың бір-бірінен қандай айырмашылықтары бар екендігін білгендері абзал.
Кепілдік. Техника сатып алынғаннан кейін, оған бірден өндірушінің кепілдігі беріледі. Техника өндірістік ақаулардың салдарынан істен шықса, ол осы кепілдік бойынша өндірушінің есебінен қалпына келтіріледі. Кепілдіктің мерзімі болады. Оны өндіруші өзі белгілейді. Әдетте тұрмыстық техникаға бір жылдан үш жылға дейін кепілдік беріледі. Айта кетерлігі, кепілдік бойынша тек өндірістік ақаулар жөнделеді. Олар сапасыз бөлшектер мен жинақтау кезінде технологияның дұрыс сақталмауынан болады. Кепілдік бойынша заттар арнайы сервистік орталықтарда жөнделеді. Мұндай орталықтар өндірушімен келісімшартқа ортырып, лицензия алады, аттестациядан өтіп отырады. Өйтпеген жағдайда өндіруші олармен келісімшартты бұзады.
Техниканың өндірістік ақауы жөндеуге келмейтін жағдайда оның 100 пайыздық құны қайтарылады.
Қосымша кепілдік- бұл ақшаға сатып алынған кепілдік. Ол қосымша кепілдік сертификаты деп аталады. Мәселен, өндіруші тауарға тек бір жыл кепілдік берсе, сіз ақша төлеп тағы бір жылын сатып алуыңыз мүмкін. Мұндай сертификатты әдетте техниканы өндірушілер мен сауда орталықтары жасайды.
Олардың талаптары әртүрлі болады. Қосымша кепілдік алмас бұрын осы талаптарға мұқият назар аударыңыз.
1. Сертификаттың күшіне ену мерзімі. Мәселен, сертификат тауардың өндірістік кепілдік мерзімі біткеннен кейін емес, тауарды сатып алған күннен бастап күшіне енуі мүмкін. Мұндай жағдайда сатып алған кепілдігіңіз артық шығын болып саналады.
2. Техниканы қандай сервистік орталықтар жөндейді. Сертификатты сатып аларда осыған да назар аударыңыз. Өйткені, істен шыққан тауар арнайы орталықта емес, арзан шеберханаларға да жөнелтілуі мүмкін. Ондай жерлерде бөлшектердің түпнұсқасы емес, көшірмесі пайдаланылуы, лицензиясы болмағандықтан жөндеу технологиясы бұзылуы ғажап емес.
3. Техниканы жөндеу мерзімі. Кейбір сертификаттарда жөндеу мерзімі 90 күнге дейінгі аралықта болуы мүмкін. Сондықтан кейін түсінбестік болмауы үшін сертификат сатып аларда мұны да нақтылап алған абзал.
Сақтандыру да қосымша кепілдікке ұқсас. Бірақ бірнеше ерекшелігі бар.
– Қосымша кепілдік техниканы өндірістік ақаулардан сақтандырса, сақтандыру – өндірістік ақаулармен қатар, сатып алушының кінәсінен істен шығуды, ұрлық, өрт, найзағай, кернеудің құбылуы және осы сынды өзге де жағдайларды ескереді.
– Қосымша кепілдікті техниканы өндіруші мен сауда желісі берсе, сақтандыруды сақтандыру компаниялары рәсімдейді.
– Қосымша кепілдік арқылы техниканы жөндеу үшін қосымша құжаттар қажет болмаса, сақтандыру арқылы ақауды қалпына келтіру үшін көптеген құжат қажет. Мысалы, сіздің тоңазытқышыңыз істен шығып қалса, оны жөндеу үшін сізден өрт инспекциясынан анықтама, кернеудің жоғарылауы салдарынан
екендігін анықтау үшін электр энергиясын таратушы компаниядан анықтама сынды құжаттар талап етіледі.
– Сақтандыру компаниялары әр жағдайға қатысты әртүрлі шешім қабылдайды. Бұл дегеніңіз компания шешім шығармайынша, техника жөндеуге жіберілмейді деген сөз. Сақтандыру компанияларды өтінішіті шамамен 20 жұмыс күн ішінде қарастырады. Ал қосымша кепілдік бойынша техника бірден жөндеуге алынады. Сондай-ақ әр сақтандыру компаниясының шарттары да әртүрлі. Сондықтан техникаңызды сақтандырған жағдайда келісімшартты мұқият оқыған абзал.
Мерзімі бітпесе де, жөндете алмай әлек
Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің облыс бойынша департаментінің тұтынушылар құқығын қорғау бөлімінің басшысы Бақытжан Жуконевтің айтуынша, істен шыққан тұрмыстық техниканы кепілдік бойынша жөндете алмау – ең жиі түсетін шағымдардың бірі. Сондай тұтынушылардың бірі – Алма Оразова. Осы мәселеге байланысты ол тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне төмендегідей сауал жолдаған екен:
Тоңазытқыш сатып алған едік, кепілдік мерзімі – 1 жыл. 10 айдан кейін ол мұздатпайтын болды. Дүкенге барып едім, сервис-орталығына жіберді, онда жөндеуге қажет қосымша тетік уақытша жоқ екенін айтты. Екі ай өтті, тоңазытқыш сервис-орталығында тұр, бірақ әлі жөнделген жоқ. Дүкен ақшаны қайтаруға қарсы және басқа мамандарға жөндеуге беруге кеңес береді. Мұндай жағдайда не істеуге болады? Дүкен өкілдерінің тұтынушыға ақшаны қайтарудан бас тартуға құқылары бар ма?
Сауалға департаменттің тұтынушылар құқығын қорғау бөлімінің бастығы Бақытжан Жуконев жауап береді: -Заңның 30-бабының 5 тармағына сәйкес, сатушы (дайындаушы) кепілді мерзімін белгілеген тауарға қатысты, сатушы (дайындаушы) егер тауардағы кемшіліктер оларды тұтынушыға бергеннен кейін тұтынушының тауарды пайдалану немесе оны сақтау ережелерін бұзуы не үшінші бір тұлғалардың іс-әрекеті немесе еңсерілмейтін күштің салдарынан туындағанын дәлелдей алмаса, тұтынушының талаптарын қанағаттандыруға міндетті.
Заңның 15 бабының 1 тармағына, 17 бабының 2 тармағына, 30 бабының 5 тарамына сәйкес, егер тұтынушы кепілді мерзімде тауардың кемшіліктерін анықтаса, шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.
Егер сатушы тауарға төленген соманы қайтаруға қарсы болған жағдайда, Заңның 22 бабына сәйкес, тұтынушы тауарды (жұмысты, көрсетілген қызметті) сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) өз құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықты жою туралы және осы бұзушылықтардан тұтынушыға келтірілген залалды (зиянды) ерікті түрде өтеу туралы кінә қойып жүгінуге құқылы.
Егер сатушы (дайындаушы, орындаушы) қойылған кінәға күнтізбелік он күн ішінде жауап бермесе немесе бұзушылықтарды жоюдан және келтірілген залалды (зиянды) ерікті түрде өтеуден бас тартса, тұтынушы сотқа жүгінуге құқылы.
Заңсыз әрекетке тап болсаңыз…
Өз құқығыңызды қорғау үшін сатушының атына (орындаушыға) сотқа дейінгі жазбаша арыз жазуға, тұтынушылар құқығын қорғау бірлестіктеріне, сотқа жүгінуге құқылы екендігіңізді білгеніңіз жөн. Сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мамандары сіздерге тегін кеңес беруге дайын. Ол үшін Өскемен қаласы, Буров көшесі мекен жайына немесе 8(7232)-26-37-40 телефонына хабарласа аласыз.
Қораптағы маңызды төрт белгі
Сатып алынған тұрмыстық техниканың қорабында түрлі белгілер мен логотиптерді байқаған боларсыз. Көп жағдайда олардың мәнін түсінбеген соң, үңіліп қарамаймыз. Алайда, олардың маңызды кепілдік беретін сертификаттардың логотипі екендігін білгеніміз артық болмас.
REACH
Еуроодақ елдерінде техника материалының химиялық қауіпсіздігіне үлкен мән беріледі. Егер қорапта осы белгіні көрсеңіз, демек бұл тауар химиялық қауіпсіз материалдан жасалған. RoHS белгісі техниканың дайындалған материалында қорғасын, кадмий, сынап, алты валентті хром, бромидің шектеулі екендігін білдіреді.
PFOA FREE
Бұл белгісі бар тұрмыстық техникада қатерлі ісікті тудыратын перфтороктан қышқылы бар материал қолданылмаған. Осындай белгі негізінен тефлоннан жасалған ыдыстарға және мультиварка, нан пештері, гриль пісіргіш техникаларының қораптарында болады.
GS: қауіпсіздігі тексерілген
Бұл – еуропалық сапа белгісі. Тауар сыртында мұндай белгінің болуы оның қауіпсіздігін растайтын бірнеше сынақтан өткендігін білдіреді.
EAС: Еуразиялық сапа белгісі
Бұл белгі елімізге заңды және ресми түрде енгізілген тұрмыстық техниканың сыртына соғылады. ЕАС белгісі тауардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік нормаларына сәйкес екендігін, сондай-ақ осы елдің аумағында орналасқан өндірушінің барлық сервистік орталықтарында қызмет көрсетілетіндігін білдіреді.
Лаура Тілеубайқызы