СпортТОП

ОСЫ ЖҰРТ РАМАЗАНДЫ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?

Бір кездегі Шығыстан шыққан тұңғыш велосипедші қазақпен ойда-жоқта жолықтым. Ол кісінің түскен үйіне іздеп барып сәлем бердім. Жасы 70-тен асып кеткен еңгезердей ақсақалға амандасып, таяп барып едім, баяу қимылдап келіп ұсынған қолымды алды. Алақаны күректей, қарулы екен. Жас кезінде талай сұлудың арманы болғанын бүгінде мерзім мекендеген өңінен бірден байқауға болатындай. Толқынды қара шашы, кавказдық жігіттерге келетін шүңіректеу қаршыға көзі ағаның осал адам еместігін байқататындай. Қолымды қысып, көзіме тік қарап тұрып, сауалдарыма жымия жауап бере бастады.

Велосипедке келуіне нағашы ағасы себепкер болыпты

Рамазан Садырбаев 1947 жылы Аягөз қаласындағы №244 (қазір Кешірім Бозтаев атында) орта мектебін бітірген. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ спортқа бейім, ынталы болған. Бесінші сыныптан бастап шаңғы тепкен екен.

– Денешынықтыру сабағында немесе қолымыз қалт еткен бос уақытта қаланың солтүстік-батысындағы Битан тауына барып, шаңғы тебуші едік, – дейді Рамазан аға. – Қазіргідей оқушыларға шаңғы жетпей қалу деген жоқ ол кезде. Мектептің шаңғы тұратын жерінің өзі атшаптырым болатын. Қаз-қатар самсап тұрған шаңғыдан көз сүрінетін. Аягөздіктер «Битан тау» атап кеткен жазықтау келген биік төбелердің үстінде сырғанақ тепкен жұрттың қарасы мол болушы еді. Олар қас қарайғанша сол жерде сайран салушы еді-ау… Ал жазда жеңіл атлетикамен айналысатын едік. Аягөз ауданында, облыста өтетін жарыстарда жүлделі орындардан көрініп, кейін Аягөз қаласының чемпионы атандым. Негізінен, қыста шаңғы, жазда велосипед тептім. Басында жеңіл атлетикадан Шымкент, Ақтөбе облыстарында өткен Қазақстан біріншілігіне қатысып, үздік ондыққа еніп жүрдім.

Бойындағы күш-қуатын сарқа пайдаланатын жас жігіт сөйтіп жүріп, аяқ астынан велосипедке ауысты. Онда да өзінің туған нағашысының баласы Мерхат Хамитовқа еліктеп аталмыш спорт түріне келген болатын. Алматы денешынықтыру, кейін Семейдің медициналық институтын бітірген Мерхат сол тұста велосипед спортымен айналысып, әжептәуір жетістіктерге қол жеткізіп жүрген жігіт болатын. Марат Ахметов, Юрий Слесаренко, Мерхат Хамитов, Овчинников, Поливкин деген жігіттер Аягөз велоспорты мен шаңғы спортын биік деңгейге көтерді.

1965 жылы сәуір айында Семейде велоспорттан көпкүндік жарыс өтіп, 17 жастағы Рамазан Садырбаев та дүбірлі додаға қатысады. Бірақ ол сайыста велосипедші жігіт жүлделі орыннан көріне алмайды.

– Ол кезде спорттық велосипедтер жоққа тән. Кәдімгі великтің суқағарын (крыло) жел кернейді деп алып тастайтынбыз да зуылдата беретінбіз. Әрине, қазір ойлап отырсам, жастық қой. Көп алаңдамайсың. Алған бетіңнен қайтпайтын бір дәурен екен ғой! – дейді бұрынғы Семей облысының велосипед спортынан қазақтан шыққан тұңғыш чемпион Рамазан Өзбекұлы Садырбаев.

Дегенмен сол жолы жас жігіт өз-өзіне серт беріп, осы спорт түрімен түбегейлі айналысуға ден қояды. 1966 жылы шаңғы бәсекесінен жастар арасында өткен облыстық сайыста чемпион атанады. Сол жылы Көкшетауда өткен республикалық сайыста жүлделі үшінші орын жеңіп алады. Ал жазғытұрым Семейде велосипедтен өткен жарыста тағы үшінші орынды місе тұтты.

100 шақырымды 2 сағат 5 минутта жүріп өткен

Осылайша Р.Садырбаев Семей облыстық «Қайрат» қоғамдық бірлестігінің атынан облыстық сайыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрді. Аягөз теміржолының «Локомотив»  депосының токарі Рамазан Садырбаев тынымсыз еңбегі мен үздіксіз жаттығулардың арқасында 1967 жылдың маусым айында «КСРО спорт шебері» атағын қорғайды. Осы жолы Семейде  өткен Қазақстан теміржолшылары арасындағы веложарыста Рамазан Өзбекұлы 100 шақырымды 2 сағат 5 минутта, 25 шақырымды 33 минут 43 секундта жүріп өтіп, мамандардың назарына ілінеді. Кейін Семейде, Көкпектіде, Бородулихада, Георгиевкада (Қалбатау) өткен 50, 100 шақырымдық велобәйгеде топ жарады. Сол жылы Алматыда республикалық спартакиада өтіп, 25, 120 шақырымдық велобәйгеде жерлесіміз үшінші орын алады. Ал Аягөз ауданының спортшылары 100 шақырымдық жарыста жалпыкомандалық бірінші орынды иеленеді. Сол жолы талантты жас жігіт Қазақ ССР спорт комитетінің төрағасы Аманша Ақбаевтың қолынан «Құрмет грамотасын» алады. Көп ұзамай Рамазан Садырбаев Ресейдің Астрахань қаласында өткен Бүкілодақтық «Золотой колос» деп аталатын жарысқа қатысады. Алайда жүлделі орыннан көріне алмайды. Спорт болған соң жеңісі мен жеңілісі қатар жүреді ғой. Көп ұзамай Рамазанды әскер қатарына шақырады. Ресейдің Иркутск қаласында Забайкал әскери округінде борышын өтеген ол сол жерде де Шығыс Сібір аймағы бойынша өткен жарыстарға тұрақты қатысып отырды. Тіпті, бір жолы ата-баба әруағы қолдап, көмбеге бірінші жетіп, жеңіс тұғырына көтерілді.

Әскерден келген соң Алматыдағы Қазақ денешынықтыру институтына (Каз ГИФ) оқуға түсіп, оны отбасылық жағдайына байланысты сырттай бітіреді. Бұрын локомотив депосында жұмыс істеген Рамазанды әскерден кейін Михаил Измайлов деген Аягөз спорт мектебінің директоры жаттықтырушылыққа шақырады. Зейнетке шыққанға дейін осынау сүйікті ісінен айырылмаған Рамазан аға бүгінде өзінің жүріп өткен жолына, атқарған қызметіне еш өкініш білдірмейді. Жасы жетпіске келген ақсақал кейде оңаша қалған сәттерінде өткен шақтардың елесіне шомып, жүріп өткен жолының оңы мен солын, дұрыс-бұрыстығын сараптайды. Қаншама спортшыны тәрбиелеп, тәлім берген бапкерді шәкірттері ерекше құрметтейді.

Балалары әке жолын қуыпты

Бүгін Алматыда тұратын Рамазан аға 1987 жылға дейін Аягөзде жаттықтырушы болып жемісті еңбек етті, аудандық, қалалық білім бөлімдерінде қызмет атқарды. Жан жары Жансұлу Әбіләшімқызы екеуі үш қыз, екі ұлдан әлденеше немере сүйіп отырған жайы бар. Бес баласының үшеуі әке жолын қуып, жаттықтырушы, денешынықтыру пәні мұғалімі болып еңбек етеді. Үлкен ұлы Ерлан Сексенбаев суда жүзуден жаттықтырушы болса, Талғат Рамазанұлы – денешынықтыру пәні мұғалімі, Анель Рамазанқызы – спорт нұсқаушысы.

Бір қуанарлығы, Рамазан аға сол тұста Сергиопольде (қазіргі Мамырсу) спорт мектебінің ашылуына өз үлесін қосты. Ауданның алғашқы спорт мектебінің директоры болды. Бір сөзбен айтқанда, ол кісінің жас ұрпақты спортқа баулуда атқарған еңбегі орасан. Оның бір шәкірті Анатолий Божко Одақ көлемінде чемпион атанды. Енді бірі Олег Ялунин жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионы болды.

– Жерлестеріме рақмет! 1996 жылы Аягөз аудандық денешынықтыру және спорт мектебінің басшысы Еркін Юсупов бауырымның бастамасымен менің атымда волейболдан турнир өткізді. Бұл да болса жерлестерімнің әлі де мені ұмытпағаны деп білдім. Рас, одан бері ширек ғасыр өтті… Дегенмен ешкімге де өкпе артпаймын, бауырым, – деп ардагер спортшы алып денесімен орындықтан көтерілді…

Берікхан Тайжігіт

Аягөз ауданы.

Суреттерде:  Спортшы Рамазан Садырбаев.

 

Осы айдарда

Back to top button