Қоғам

Қостанайдан Күршімге велосипедпен келіпті

Қостанайдан Күршімге велосипедпен келіпті


Күршімдіктер ауылға кіреберістегі Барақ батыр ескерткіші жанында жөн-жосықтары бөлек, өзгеше бір қонақтарды күтіп алды. Велосипед мінген қос жиһанкездің Күршімді бетке алып, жақындап келе жатқаны туралы хабар алдын ала жеткен соң, оларды құрметпен қарсы алуға ниет білдірген ауыл азаматтарының қарасы да мол болатын. Қостанай қаласында тұратын Күршімнің елге танымал бір түлегі, запастағы полиция полковнигі Қайшантаев Дәуітхан жақын араласып жүрген әріптес достарын лайықты деңгейде қарсы алуды өтінгенде, ауылдастары оның сөзін жерге тастамаған еді.

Жандарына таяп келіп тізгін тартқан қонақтарға күршімдіктер емен-жарқын пейілмен, ежелгі таныстарындай жарқылдай амандасты. Бұдан соң осында басшылары Б.Өлмесековтің жетекшілігімен арнайы келген аудандық Мәдениет үйінің әншілері сырнайшы С.Ахметовтің сүйемелдеуімен «Күршім елі – осындай» әнін нақышына келтіре шырқады. Риза болған қонақтарды әңгімеге тарттық.

– Мен осыдан 31 күн бұрын велосипедпен Қостанайдан шыққан болатынмын, – деп бастады әңгімесін өзін Ырғызбаев Қайратпын деп таныстырған 55 жастағы жиһанкез. – Астанаға жетіп, мына Эрнст ағамызбен басымыз қосылған соң Павлодарға келіп, Баянауылға соқтық. Одан соң Семей, Өскеменді басып өтіп, Тарғын, Самар, Васильев өткелі арқылы Катонға беттедік. Межелеген жеріміз Рахман қайнары еді, бірақ ондағы жұрт ауа райының жаңбырлы, жердің балшық екенін алға тартып, жолы қиын аймаққа тәуекел етпегеніміздің жөн болатынын айтты. Бұдан соң біз кері бұрылып, Үлкен Нарын арқылы Күршімге аттандық. Әйгілі Марқакөлді көрсек деген ойымыз бар, содан кейін Зайсанға барып, одан әрі Тарбағатай, Аягөзді шарлап өтіп, Алматыға жетпекпіз. Астанадан шыққалы 26 күн өтті, спидометрім 2635 шақырымды көрсетіп тұр.

Бұл сапар жердің шалғайлығынан, ауа райының қолайсыздығынан қорықпай, сайтанарбамен жол шеккен азаматтардың алғашқы жорықтары емес екен. Олар өткен жазда Қазақстанның бүкіл батысы мен солтүстігін, сондай-ақ, Ресейдің Челябі, Орынбор облыстарын, Башқұртстанның бірталай аудандарын аралап шығыпты. Қайрат велосипедтен түспегелі төрт жылдан асыпты десек, Эрнст ағамыз екі дөңгелекпен жиһан кезгелі тоғыз жыл болыпты.

Қостанайдан Күршімге велосипедпен келіпті

-Мен өзім Алматының тумасымын, – дейді Э.Баймұхамбетов. – Өзім ұзақ жылдар бойы арнаулы салада тер төгіп, мемлекеттік күзет қызметінің департаментін басқардым. Полковник шенімен зейнетке шыққаныма да он төрт жыл болып қалыпты. Мына Қайрат та сол арнаулы қызметтің подполковнигі, оның да зейнетке шыққанына төрт жыл болды.

Есіміме таңырқап отырған шығарсыздар, менің әкем коммунист болған, соғысқа қатысып, Германияға дейін барған. Неміс коммунистерінің ерліктеріне тәнті болған ол менің атымды Эрнст, ал екі жас кіші інімнің атын Тельман деп қойыпты. Өзім 64 жастамын, бірақ спортқа, ел кезіп, жер шарлауға деген құмарлығым әлі басылған жоқ.

Жолаушылардың артып алған жүктері де біршама болып шықты. Жол-жөнекей қонақтауға қажетті шатыр, ұйықтайтын қапшық, ас пісіретін примус сияқты ең қажетті деген дүниелердің өзі аз салмақ емес қой. Дегенмен «керек тастың ауырлығы жоқ», екі аяқтың күшімен жүретін темір көлік бәрін көтеріп келе жатыр екен.

Демалу үшін қажетті жағдайдың бәрін жасап қойған күршімдіктерге риза болған қонақтар ертеңінде таңғы салқынмен Марқаны бетке алып жүріп кетті.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button