Қоғам

Оспан көлінің қадіріне қашан жетеміз?

Оспан көлінің қадіріне қашан жетеміз?


Абай елі – алаштың маңдайына біткен бірегей өлке. Бұл атырапта тылсымы терең, табиғатымен тамсандырар жерлер баршылық. Солардың бірі – Қарауылдан 32 шақырым қашықтықта орналасқан Оспан көлі. Соңғы жылдары ұлылар мекеніне алыстан ат арытып келетін туристер де Жидебайдағы тарихи құнды жерлерді аралап шыққаннан кейін Оспан көліне бет бұратын игілікті үрдіс қалыптастыруда.

Тарихтан аз-кем тәбәрік. Жидебайдағы Абай қорық мұражайының меңгерушісі Әсет Мырзақасымның айтуынша, атышулы Мұсақұл шайқасынан соң Бөжей мен Құнанбай арасындағы айтыс-тартыс бірде өршіп, бірде бәсеңсіп, ақыры бұл «мәселе» 1850 жылдары Құнанбай ұрпақтарының иелігіне біржолата көшеді. Жидебай өңірінің тағдыры осылайша өзге арнаға түседі.

Аға сұлтандықтан түссе де, Тобықтыға әлі де пәрмені жүретін, әрі би ретінде билігі бар Құнанбай 1861 жылы үш баласы Тәңірберді, Ысқақ, Абайды бір күнде үйлендіріп, сырт жайлауда құда күтіп, отау тіккізіп, ұлан асыр той жасайды.

Тойдың да, жайлаудың да қызығы тарқап, ел бауырға түсерде Құнанбай үш баласына теңдей енші беріп, «алыс Ақшоқыны қоныс қыласыңдар» деп ұйғарым жасайды.

Құнанбайдың тағы бір шешімімен Ұлжаннан туған кенжесі Оспан мен Айғыздан туған Смағұлға Жидебай бұйырады.
Осы тәртіппен Жидебайда Құнанбайдың қос әйелі Ұлжан мен Айғыз тұрақтап, Зере осы үлкен отауда қалады. Кейіннен Зере әжеге, Ұлжан анаға топырақ та осы Жидебайдан бұйырады.

Оспан – Құнанбайдың кіші ұлы, Абайдың інісі. Құнанбай өз ұлдарына енші ретінде жер бөлу кезінде Жидебай қорығы аумағын Оспанға берген. Оспан ер жетіп, үйленіп, Жидебайға иелік жасап, шаруашылығын бірден дөңгелетіп әкетеді. Малы өседі, айналасына ықпалы артып, саудамен айналысады. Төңірегіне ел жақсыларын жинап, Оспан-жомарт, Оспан-бай, Оспан-болыс атанады. Бұл жасы келген Құнанбайдың билікке араласпай Ақшоқыны қоныс қылып, дүние сөзі емес, құдай мен Құран сөзін ұстап, елден оқшауланған тұсы еді.

Сөйтіп, дәуірлеген, шалқыған Оспан 1892 жылы 40 жасында кенеттен қайтыс болып, артында үш әйелі, сол кездегі өлшеммен 2 мың жылқы, 800-дей түйе, 3 мыңдай қой қалады. Бұл әлбетте үлкен дәулет болатын.

Дүниесі түгел болғанымен үш әйелінен ұрпақ болмағанын Оспанның өзі де, айналасы да үнемі өкінішпен айтып отырады екен. Жесір қалған зайыбы Еркежан Әубәкір мен Пәкизатты тәрбиелеп өсіреді.

Оспан көлінің бұрынғы атауы – Боқтыкөл. 1885 жылы Жидебай қонысы Оспанның еншісіне тиген соң, көл Оспанның иелігіне өтеді. Сөйтіп, соның атымен аталып кеткен екен. Көл Жидебай қорығының оңтүстік-батыс аумағында орналасқан. Көлге шығыс жағынан бару мүмкін емес, өйткені ол аумағы батпақты, сазды болып келеді. Көлдің суы аса тұзды. Сол себептен де емдік қасиеті бар. Ел арасындағы әңгімеге сүйенсек, қышыма қотыр мен аллергиялық сырқаттарға, тері аурулары мен безеуге таптырмас ем екен. Әрине, Оспан көлі Абай елі үшін үлкен мүмкіндік. Ауданға туристер тарту бағытындағы бірегей жоба деп қарастыруға болады.

Бұл ретте алғашқы бастама жасалынып та жатыр. Мәселен, Абай ауданының Құрметті азаматы, мәслихат депутаты, белгілі кәсіпкер, ауданда талай іргелі шараларға демеушілік жасаған Ардақ Белібаев ағамыз Оспан көлінің бойынан демалыс орнын ашуға бар мүмкіндікті жасауға тырысуда. Іскер ел ағасының бастамалары қатарында Оспан көлінің жағалауын ретке келтіріп, туристік орынға айналдыру міндеті де бар. Бүгінде екі катамаран, 1 үрлемелі қайық, 2 киім ауыстыратын жер, 2 әжетхана, балалар үшін суға түсуге арналған киімдер алғызған кәсіпкер Оспан көліне келушілерге тек қана соңына қалдырған қоқыстарын жинап, тазалықтың сақталуын қатаң ескертеді. Осы орайда, «Жасыл ел» жасағының жастары осымен бірнеше рет жұмыла көмек көрсетіп, көл айналасын тазартып, елеулі шара жүргізгенін де айта кетуіміз ләзім. Десек те, Оспан көлінің көркейер келешегі алда тәрізді. Мәселен, келесі жылы көл жағасына келушілер игілігіне арналған вагонды тұрғын үйлер мен киіз үйлер құрылмақ. Сонымен қоса, аудан кәсіпкерлерін көл жағасында сауда жасап, тағам, сусындар сатуға шақырған кәсіпкер алда тағы талай шаруаның қолға алынатындығын айтады. Заманында Жидебайда Құнанбай құдығының қайта жаңғыртылуына мұрындық болған белгілі кәсіпкер алдағы уақытта Құнанбай қажыға да ескерткіш орнатуға демеушілік жасайтынын алға тартады.

Иә, Абай ауданында емге шипа, тұзды көл бар дегенге сенбейтіндер де бар шығар. Мұндай түсініктің қалыптасуына Оспан көлінің БАҚ беттерінде айтылмай, ел арасында дұрыс жарнамаланбай жүргені де себеп дер едік. Бұл ретте, Павлодар облысындағы Шошқалы, Үржардағы Алакөлге сабылатын абайлық қауымның өзі де іргеміздегі Тәңірінің тартуына ат ізін салғаны, жаз қызығын көл жағасында өткізгені абзал дер едік. Рас, осы орайда ауданымыздағы аталмыш көлдің суына лабораториялық сараптама жүргізіп, шипалылық деңгейін, минералды құрамын анықтау да күн талабында тұрған жайт. Ал сіздерге айтарымыз, келіңіздер, ұлылар елінің ұлы тұлғаларына зиярат етіп, саф ауасымен тыныстап, Жидебайдағы Оспан көліне шомылып, жанға дәру, тәнге шипа тауып, демалып қайтыңыздар!

Оспан көлінің қадіріне қашан жетеміз?

Анар Сәрсенбина

Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button