Қоғам

Алғашқы тіреу-құбырлар қағыла бастады

Хасен Зәкәрия

Бұқтырма су қоймасының үстінен салынып жатқан көпірдің құрылысы қарқын алып келе жатыр. Құрылысшылар жағалаудағы барша шаруаны тиянақтап болып, енді су айдынына «аяқ салды».

Негізгі көпірді тұрғызуға арналған алуан түрлі материалдарды жеткізіп, орын-орнына қойып отыратын ауыр техниканың қатарласа жұмыс істеуі үшін қосымша жанама көпір салынуға тиіс екендігін жазған болатынбыз. Жобаға сәйкес, 10 қыркүйектен бастап аталған жанама көпірдің құрылысы қолға алынып, су қоймасының табанына алғашқы тіреу-құбырлар қағыла бастады. Осы шараға куәгер болу үшін құрылыс басына арнайы барған едік.

Әдейілеп келген қонақтарды осындағы учаске бастығы Ю.Чанов ықыласпен қарсы алды. Құрылыс алаңын тегіс аралатып, даяр материалдарды, арнайы жеткізілген қуатты техникаларды көрсетіп, таныстырып шыққан соң, Юрий Владимирович бізге алда атқарылуға тиіс ауқымды жұмыстар жөнінде егжей-тегжейлі мағлұмат берді.

Судың табанына, дейді ол, мынадай ұзындығы 12,6 метр, жуандығы 1020, қалыңдығы 16 миллиметрлік құбырлар қағылады. Екі қатар болып қағылатын осы құбырлар жерге 8 метрдей бойлауға тиіс. Біз үшін жаз-қыс деген ұғым жоқ, вахталық тәсілмен тоқтаусыз жұмыс істей береміз. Су түбіндегі топырақты тесіп, тереңдегі жартасты қабатқа жеткенде осы тас қабатты қуатты бұрғылардың күшімен тағы екі метр үңгіп, барлық топырақ пен тас ұнтағын сыртқа шығарып тастаймыз. Осыдан кейін тас қабатта пайда болған ойыққа тіреулерді орналастырып, қуыс құбырдың ішіне толтыра бетон құямыз. Міне, осылайша берік те сенімді тіреулер бой көтереді.

Ал негізгі көпірді 17 тіреу көтеріп тұратын болады. Бірақ бұл тіреулер сопайған жалғыз тіреу болады десеңіз, қателесесіз. Осы әр тіреудің табаны барынша нықталып, айналдыра 32 құбыр қағылатын болады. Көпірді көтеретін тіреу осы әбден бекітілген, жоғарыдағыдай тәсілмен қатарластыра қағылған 32 тіреудің үстіне қондырылады. Олар судың астында қалып, су бетінде көпірді ұстап тұрған қос тіреу ғана көрініп тұрады. Ал ол үшін пайдаланылатын құбырлардың жуандығы 1420, қалыңдығы 18 миллиметр болмақ.

Айтуға ғана оңай, әйтпесе мұндағы құрылысшылардың нағыз ерліктің үлгісін көрсетіп, қисапсыз тер төгетіндері сөзсіз, өйткені еліміздегі ең ұзын көпір болып табылатын бұл нысанның ерен еңбек пен қыруар қаржыны талап етіп тұрғаны кім-кімге де түсінікті.

Ю.Чановтың айтуынша, бүгінгі таңда бұл жерде 71 адам жұдырықтай жұмыла қимылдап жатқан көрінеді. Оларға жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалған. Бір айдан соң бұларды кезекті жұмысшылар тобы ауыстырады. Сөйтіп, жұмыс тоқтаусыз жалғаса бермек. Бұл жайларды рет-ретімен ортаға сала келе, учаске бастығы осы өңірдегі қысыр әңгіме мен қисынсыз өсекке әуес ағайынға өкпесін айта кетті.

Бізге келіп, жай-жағдай білісіп тұратындар аз емес, дейді Юрий Владимирович. Солардың көпшілігі келе сала, «Ойбай, жұмыстарың тоқтап қалыпты ғой. Ақшаны әлдекімдер жеп қойып, жетпей қалыпты да, жұмысшылар тегіс тарап кетіпті деп естідік қой» деген мәндегі «жаңалықтарын» жеткізіп жатады.

Осындай көңілге кірбің салатын жел сөздерді есепке алмай, ақиқатын айтар болсақ, мұндағы ахуал, жұмысшыларды қамту ісі  ойдағыдай. Жағдай осы беттен айнымаса, тұрғындардың үмітіне үкі тағып, көңілдеріне қуаныш сыйлаған алып құрылыстың межелі уақытта аяқталатынына жұрт шын пейілімен сеніп отыр.

https://intertop.kz/muzhchinam-odezhda-futbolka/

 

                                                         Күршім ауданы.

 

 

Осы айдарда

Back to top button