ЖаңалықтарТОП

Өскеменнің жастары Арбатта асық атып, сурет салды

Өскеменде Тарбағатай ауданының мәдени күндері өтіп жатыр.

Осыған орай қала жастары қала орталығындағы Арбатта бас қосып, мәдени және рухани іс-шараларға қатысты, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Арбат алаңына жиналған жастарды өнерпаздар «Домбыра – патимен» қарсы алды. Күмбірлі күйге құлақ түрген жастар арықарай асық ату ұлттық ойынын тамашалады. Қазіргі таңда қарқынды дамып келе жатқан ұлттық ойынға қызығушы жастардың көптігі қуантты. Кезекпе кезек шығып ойынды қыздыра түсті. Сондай-ақ, Тарбағатайдағы өнер мектебінің ұстаздары су бетінде сурет салу және тоқыма өнері бойынше шеберлік көрсетті. Оған ерікті жастар қатысып, өздерін өнердің басқа қырынан сынап көрді.

– Қазіргі таңда табиғи дүниелерден қолөнер бұйымдарын жасау трендке айналып келеді. Соның бірі – әртүрлі түске боялған қой жүні арқылы сурет салу бойынша оқушылар мен жастарға шеберлік көрсеттім. Міне, қатысушылар менің көмегіммен «Күз» атты картина салып шықты, – дейді Тарбағатай аудандық Балалар өнер мектебінің мұғалімі Ләзат Ризабекқызы.

Сонымен қатар, Арбатты айнала қойылған «Бояулар сыры» атты сурет көрмесін де көпшілік қызыға тамашалады. Көрме төрінен орын алған «Атамның үйінде», «Күзгі бейне», «Мен мектепке барамын» атты туындылар көрменің көркін асырып, мазмұнын ашып тұрғанына бізде куә болып қайттық.

Ал ләңгі тебу сайысына да өзіне сенімді спортшы жастар қатысып бақтары мен баптарын сынап көрді. Бұл спорт түрі бойынша 3 орынды Махатов Серік иеленсе, 2 орынды Абильмажинов Рауан еншіледі. Ал 1 орынды Аймаухамбетов Жарқын жеңіп алды. Айта кетейік, осы күні Тарбағатай ауданының мәдени күндеріне арналған іс-шаралар ілегі қаланың өзге жерлерінде де өтіп жатты.

Алтай Ғали-Асқар

 

 

Осы айдарда

Back to top button