Қоғам

Өскеменнің көне атауы Кеңгір Тұра ма?

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапхана оқырмандары Гумбольдт сыйлығының иегері, тарихшы ғалым, профессор, Гарвард университетіндегі «Fairbank» зерттеу орталығының қызметкері Нұрлан Кенжеахметпен кездесіп, ел, жер тарихы туралы құнды деректерге қанығып, көп мағлұмат алды.

– Қазіргі жұмысым – Орта Азиядағы, оның ішіндегі Қазақстандағы тарихи жер-су аттарын  анықтап, географиялық картада көрсету. Сонау сақ заманынан бастап қазақ хандығы дәуіріне дейінгі кезеңді қамтиды. Дәл қазір Қазақстанның қазақ хандығы тұсындағы географиясын зерттеп жүрмін. Сондай-ақ Өскемен, Орал, Атырау қалаларының көне атауларын, сонымен қоса Абылайхан тұсындағы қазақ хандығының шекарасы туралы тақырып – менің зерттеуімнің негізгі өзегі, – деді ғалым.

Ол Өскемен қаласының тарихи атауы Кеңгір Тұра екенін айтады.

– Кезінде 1726 жылдары орыстар Өскеменге бекініс сала бастайды. Қытай-мәнжүр деректерінде мәнжүрдің әскери қолбасшылары Әмір Сананың артынан қуып осы Ертіс өзенінен өтіп, одан Тарғын өзеніне, одан әрі орыстың Кеңгір Тұра деген бекінісіне барғанын жазады. Сонда мен Кеңгір Тұра деген қай жер екен деп қытайдың басқа да деректерін  қарадым. Сөйтсек,  Кеңгір Тұрамыз осы Өскемен болып шықты. Бұл дерек Ренат картасында да бар. Кезінде жоңғар картасын қолға түсірген шведтің әскери генералы Ренат Юхан Густав  болатын. Сол жоңғардың картасына қарасақ, Өскемендегі Үлбі өзенінің жанында Кеңгір деген өзен  сызылған. Ал Тұра деген сөз көне түркі тілінде қала деген мағынаны береді. Қаланың атауы сол өзеннің атымен аталса керек. Бірақ Кеңгір өзені кейін құрып кеткен секілді. Кеңгір Тұра осы Өскеменнің бір атауы, – дейді Нұрлан Кенжеахмет.

Тарихшы ғалым ойын карталарға, деректерге сүйене отырып, жеткізді. Кездесу соңында  жастардың сауалдарына жауап берді.

Мейрам Екпін 

Осы айдарда

Back to top button