ЖаңалықтарТОП

Өскеменнің кітапханасында ұлттық ойындарды заманауи технологиямен үйлестіреді

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада ұлттық ойындар заман талабына сай дәріптеліп жатыр.

Ұлттық ойындар челленджіне орай ұйымдастырылған шарада оқушылар VR-көзілдіріктің көмегімен асық атып, 3D принтер арқылы сақаларын жасады, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Оқу-ағарту министрлігінің тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті 17 қарашада еліміздің барлық мектептерінде бір мезгілде ұлттық ойындар челленджі жариялауына байланысты кітапхана ұжымы аталмыш күнді заман талабына сай ұйымдастыруды жөн көрген.

– Қазақтың ұлттық ойындарынан аларымыз көп. Асық атудан бастап бестас сынды ойындарымыз бүгінгі қоғамға өте керек деп ойлаймын. Себебі, қазіргі балаларға бұл ойындардың берері мол. Көшпенді халқымыз ойын арқылы баланың дамуына, ой өрісінің кеңеюіне ықпал ете білген. Мысалға, бестасты алып қарасақ, ол баланы ептілікке, ұшқырлыққа баулиды. Жылдам шешім қабылдап, ұтқыр болуға үйретеді. Тіпті бала тілінің жетілуі де осы ойынға байланысты, -дейді кітапхана қызметкері Айдариға Әшірап.

Шара барысында оқушыларға ұлттық құндылықтарымыз бен ұлттық ойындарымыз дәріптеліп, бестас, тоғызқұмалақ, асық атудан ойын өтті.

Заманауи технологиямен жабдықталған киіз үйде бүлдіршіндер VR көзілдірік көмегімен көшпенділер өміріне саяхаттап, ұлттық ойынымыз асық атуды онлайн режімде де ойнап көрді.

   

Автор: Ынтымақ Толқын

Осы айдарда

Back to top button