Өскеменнің іргесіндегі экзотикалық бақ
Азамат Темірбеков
Облыс орталығының іргесіндегі елді мекендердің бірінде жылыжай шаруашылығын ашқан зейнеткерлер қысы қытымыр өңірге таңсық экзотикалық өсімдік түрлерін өсіріп, жергілікті жұртшылықты таңдай қақтырып отыр.
Осыдан он бес жыл бұрын Ұлан ауданының Украинка ауылында жылыжай шаруашылығын жүргізуді қолға алған қос қарияның үлдірлі қабат астындағы бақшасында лимон, банан, лайм, ананас және інжір сынды жемістер, эвкалипт, лавр тектес тропикалық белдеудің ағаштары мен өсімдіктері өсіріледі. Жалпы саны мыңнан асып жығылатын жасыл желекті ойдағыдай күтіп-баптап отырған жылыжай иелері бұл жұмысты табыс көзіне айналдырған. Өйткені ақ көрпесін алты ай бүркеніп жататын Шығыс өңірінің жұртшылығы үшін боранды күндерді тропикалық орманға ауыстырудың бір амалы – осы. Сол себепті күндіз-түні телефонға телмірген балаларын бір уақ сергітіп, көңілін аулауды ұйғарған ата-аналардың көбі осында келеді екен. Осылайша, ақысын төлеп, арнайы гидтің соңына ерген олар бір гектар аумақты алып жатқан жылыжайды аралап, экзотикалық өсімдіктермен танысады. Өсімдіктердің хош иісі аңқыған бақшада адам еркін тыныстап, ағзада пайдалы заттар түзіледі, алмасады.
Қарапайым іс үлкен бизнеске айналды
Он бес жыл бұрын зейнеткерлікке шыққан Людмила Земляная құрметті демалысында текке жатпай, жылыжай шаруашылығын жүргізуді шешкен. Бастапқыда бұл іске жай ғана қызығушылық танытқан ол кейін шаруашылығының дөңгеленіп үлкен бизнес көзіне айналатынын ол кезде пайымдамаған.
– Жылыжайымызды осыдан тұп-тура он бес жыл бұрын салдық, – дейді Людмила Земляная. – Ұзақ уақыт электр энергетикасы саласында жұмыс істеп, бірнеше ұрпақтың осы бағытта білім алып шығуына үлес қостым. Өмір бойы қимылдап жүрген біз сияқты адамдар зейнеткерлікке шыққан соң қол қусырып үйде отыра алмайтынымыз белгілі ғой. Міне, сол кезде мен отағасына осы шаруашылықпен айналысып көрсек қалай болады деген ой тастадым. Идеямды құп көрген жолдасым үйіміздің ауласынан жылыжай салуға кірісіп кетті. Бастапқыда кішкентай ғана жылыжай салып, қияр мен қызанақ өсіруден бастадық.
«Бала-шағамыз, немере-жиендеріміз қызығын көрсін» деп жұмысты бастаған қос қария кейін жеміс-жидектің басқа да түрлерін өсіруді қолға алады. Облыс орталығында сауда нысаны болмаса да Украинкаға келіп, үйіне қажетті өсімдіктерді сатып алуды әдетке айналдырған шығысқазақстандықтар қарасы жыл өткен сайын көбейіп келеді. Осыны ескерген жылыжай иесі қазір жанына бірнеше жерлесін алып, жұмыспен қамтып отыр.
– Жылыжаймызыда Шығыс өңіріне таңсық өсімдік түрлері өте көп. Сондықтан оларды күтіп-баптаудың ерекшеліктерін білген жөн. Қазір жанымда жүрген Елена мен Наталья есімді екі қыздың бірінің агроном мамандығы болса, екіншісі – өсімдік шаруашылығын жанындай жақсы көретін жан. Жақында ғаламторда белгісіз біреулер менің суретімді салып, Ресейде лимон өсрумен айналысатынымды, тіпті бір лимонның салмағын төрт келіге дейін жеткізгенім туралы жалған ақпарат таратыпты. Мұның барлығы шындыққа жанаспайды. Мен өзімнің Қазақстанда екенімді, Өскеменнің іргесіндегі қарапайм жылыжайда лимон өсіретінімді және лимондарымның салмағы ары кеткенде 1,3-1,5 келі тартатыны туралы жазба қалдырдым, – дейді Людмила Земляная.
Лимон тоғыз айда әбден піседі
Лимон ағашының күтімін мысалға келтірген ол бұл жеміс түрінің тоғыз айда толық пісетінін айтады. Арасында жемісін жеті айда жетілдіретін сорттары да бар көрінеді. Дей тұрғанмен әр ағашқа ерекше күтім қажет. Оны уақтылы әрі күнделікті суарып, түбін қопсыту, артық бұтақтарын шауып, тыңайтудың өзі де үлкен жұмыс. Осы бағытта біршама тәжірибе жинақтап, бүгінде таптырмайтын маманға айналған Людмиланың жолдасы Николай Земляной жылыжайдағы жеміс ағаштарының күтімін өз мойнына алған. Ағылшындар мұндай адамды «жасыл саусақты адам» деп атайтынын алға тартқан Людмила күйеуінің ағаштарға екпе жұмыстарын өте жақсы жүргізетінін айтады.
– Ғаламторды ақтарған жолдасым Киевте тұратын Анатолий Патий есімді бағбанға барып, одан осы жоба мен бірнеше өсімдікті сатып алды, – дейді Людмила Земляная.
Бастапқы кезде лимон ағашын үй ішінде өсірген олар кейін оны үй іргесіндегі жылыжайға көшіріп, жерге отырғызады. Жалпы, бұл жылыжайдың температуралық режимі ерекше. Өйткені оның негізгі бөлігі жер астына 2,5 метрге көмілген, яғни қабырғасы қаланып істелген жылыжайда жылуды сақтаудың шығыны көп. Сол себепті жылыжайды белуардан жер астына көміп, күн сәулесі тек шатырынан ғана түсетіндей етіп жасаған. Қыстың аязды күндері арнайы орнатылған пешпен жылытылса, жаздың аптап ыстығында шатырдың күн түсетін беттері жабылып, температура бірқалыпты деңгейде ұсталады. Өйткені өсімдіктердің барлығы дерлік ыстықты жақсы көрмейді.
Күн жылығанда жылыжайдың жанындағы ашық бақшада өсетін өсімдіктермен айналысатын ұжымның жұмысы жаз маусымында бастан асады. Түптеу, бұтау, сирету, көшіру сияқты жұмыстар күнделікті қауырт тіршіліктің біріне айналған.
– Полипропиленмен жабылған жылыжайдың аумағы мың шаршы метр болса, айналасындағы жаздық бау-бақша бір гектарға жетіп жығылады. Қазір осы аумақтың өзі таршылық ете бастады. Ендігі ойымыз жеміс-жидек пен ағаштардың тұқымы мен көшетін өзімізде өсіретін тәлімбақ салсақ па деп отырмыз. Өйткені соңғы бірнеше жыл бойы дүниені дүрліктірген коронавирус пандемиясы шекараның жабылуына әкеп соғып, көп адамдарға тұқым жеткізуді қиындатып жіберді. Осындай жағдайдан соң тұқымды өзімізде өсіретін тәлімбақ салуды жоспарладық, – дейді Людмила Земляная.
Еуропа елдеріндегі көрмелерден экзотикалық жеміс түрлерін жеткізіп, шығысқазақстандықтарды тәнті етуді ойлаған отбасы осылайша жылыжайдағы өсімдіктер түрін жыл сайын көбейтіп келеді. Күнделікті жеп жүрген таңсық жеміс-жидек түрлерінің ағашта, я болмаса жерде өсетінін көп адамдардың біле бермейтіні рас. Жылыжай жұмысшыларының айтуынша, көпшілік бананды ағаш деп білетін көрінеді. Ал шындығында ол жыл басында өсіп, жеміс берген соң қурап қалатын шөп тектес өсімдік. Жылыжайда өсетін банан ағашы да жемісін берген соң қурап қалады. Ал келесі жылы орнына жаңасы өсіп, қайта жеміс береді. Мысалы, ананасты да көпшілік ағашта өседі деп біледі. Бірақ ол да жай ғана шөп тектес өсімдік. Әйелдер күнделікті дәмдеуіш ретінде қолданатын лавр жапырақтары адам бойынан биік ағашта өседі. Мұнда фармацевтика саласында қолданатын эвкалипт тектес ағаштар мен мексикалықтар текила әзірлейтін алоэ өсімдігі де өседі.
Осылайша, төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінде өсетін өсімдіктердің түр-түрін өз бақшасында өсіруді қолға алған Людмила мен Николай Землянойлар – адам жасының қандай істі қай кезде болмасын бастауға кедергі келтірмейтінін дәлелдеген жандар. Жасы егде тартқандарына қарамастан сүйікті істерінің игілігін жалғыз өздері ғана көрмей, өзгелерге де ұсынып отырған ерлі-зайыптылардың еңбекқорлығына біз де риза болдық.
«Өмір бойы қимылдап жүрген біз сияқты адамдар зейнеткерлікке шыққан соң қол қусырып үйде отыра алмайтынымыз белгілі ғой. Міне, сол кезде мен отағасына осы шаруашылықпен айналысып көрсек деген ой тастадым».