Қоғам

Өскеменнің Арбатында еңбек жәрмеңкесі өтті

Өскемендегі Арбат демалыс алаңында еңбек жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Didar ақпарат тілшісі. 

Шараның мақсаты – жұмыс беруші мен жұмыссыз жастар арасында тікелей байланыс орнату,  білім беру ұйымдарының түлектері мен жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу. Жәрмеңкеге облыс аумағындағы ірі-ірі жұмыс беруші кәсіпорындар мен мекемелер, ұйымдар қатысты. Атап айтқанда, ТМК, Қазцинк, ҮМЗ, Востокмашзавод, білім басқармасы, Д.Серікбаев атындағы ШҚУ, С.Аманжолов атындағы ШҚУ, полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті мен облыстық қорғаныс істері басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы, «Магнум» сауда орны, «Құс-вкус», «ADK River», трамвай паркі, «Elit story Group», «Jet logistic», «VK development group», «Силумин Восток» және т.б. Бұл кәсіпорындар мен мекемелердің барлығына білімді, бойында күш-қуаты көп, жалындаған жастар керек. Осы орайда облыстық Amanat партиясы филиалы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының ұйымдастыруымен өтіп отырған осынау еңбек жәрмеңкесі  жұмыс іздеген жастар үшін де, жұмыс берушілер үшін де таптырмас мүмкіндік екені сөзсіз.

Жалпы, жастарды жұмыспен қамтамасыз ету – Amanat партиясы облыстық филиалының сайлауалды бағдарламасында бар. «Жастар рухы» жастар қанатымен бірлесіп өткізіп отырған осынау жәрмеңке де жастарды жұмысқа орналастыруды көздейді. Партияның облыстық филиалының төрайымы Сайрангүл Жұмаділова  Amanat партиясы «Халықпен бірге» бағдарламасы аясында республика бойынша 2027 жылға қарай  1,5 миллион жасты жұмысқа орналастыруды көздеп отырғанын айтады.

–Бүгінгі күні біздің облысымызда  жастарды жұмысқа орналастыру мақсатында ауқымды іс-шаралар өткізіліп жатыр. Бүгінгі шараға да 20-дан астам кәсіпорын қатысуда. Бүгін біз 100-ге жуық жасты жұмысқа орналастырамыз ба деп жоспарлап отырмыз. Бұл жастарға жасалып отырған өте жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Өйткені біздің өңірде тек қана білім, денсаулық сақтау саласы ғана емес, ірі-ірі кәсіпорындар мен мекемелер бар. Өңірдің  ауыл шаруашылығы, ауыр өнеркәсіп, тау-кен саласына мықты мамандар керек. Жәрмеңкеге келіп  жұмыс іздеушілер негізінен университетті биыл ғана бітіріп, диплом алған түлектер, 4-ші курс студенттері. Осы  жастардың әпқайсысы үшін дәл бүгін келісімшартқа отырып, жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар, – дейді Сайрангүл Ахметкәрімқызы.

– Өскемен жылу электр орталығы өңіріміздегі стратегиялық маңызды нысан болғандықтан, бізге өте көп маман керек. Негізінен жылу энергетиктері мен электроэнергетик мамандар бізде тапшы. Сондай-ақ слесарь мен инженер мамандары болса, оларды да жұмысқа қуана қабылдар едік, – дейді «Өскемен жылу электр орталығының»  кадр бойынша  маманы Әсем Мырзаханова. Айтуынша, бүгінгі жәрмеңкеде жастармен бірге үлкен кісілер де келіп,    резюмелерін әкеліп, өткізіп жатқан көрінеді. Жалпы, бұл мекемедегі бос орын туралы ақпаратты «Еңбек» сайтынан, мекеменің интернеттегі парақшалары мен «Өскемен жылу орталығының» сайтынан білуге болатын көрінеді. Резюмені сондағы көрсетілген электронды поштаға да жіберіп, қажетті ақпаратты алуға болады екен.

– Мен биыл Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін сәулет-құрылыс дизайнері мамандығы бойынша тәмамдадым. Енді жұмыс іздеп жүрмін. Жәрмеңкеге келгенім жақсы болды. Өз мамандығым бойынша бір жұмыс тапқан секілдімін.  Мына жерде «VK development group» компаниясының өкілдері отыр. Резюмемді тастап кеттім. Хабарласамыз деп айтты, – дейді өскемендік Дана Жұмағалиева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай еңбек жәрмеңкелері алдағы уақытта да тұрақты өткізіліп тұратын болады.

Мейрамтай Иманғали

 

 

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button