Өскемендік жастар жалындап тұр
Өскемен қалалық Жастар ресурстық орталығы О.Бөкей атындағы орталық ктапханада шаһардағы белсенді жастардың басын қосты. Мақсаты – мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыру. Кездесуге әртүрлі салада көзге түсіп жүрген белсенді жастар қатысып, өз ойларын ортаға салды.
– Бүгін қаламыздағы жастардың басын қосып, емін-еркін сұхбат құрдық. Жастарымыз әзірге тек өздері білім алып жатқан жоғары оқу орнының мінберінде ғана белсенділік танытып жүр. Енді біз осы белсенді ұйымдарды қалалық деңгейге көтеруді жоспарлап отырмыз. Өскеменді жастар қаласы етіп құрғымыз келеді, – дейді Өскемен қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры міндетін уақытша атқарушы Бақытжан Ерболқызы. Кездесуге қатысқан белсенді жастар студенттердің дамып, өркендеуі үшін тек оқумен ғана шектелу жеткіліксіз екендігін айтты. Ол үшін оқумен қатар қоғамдық жұмыстарды атқарып, өзін алға жетелейтін сүйікті ісімен айналысу қажет.
Жалпы бүгінде Өскемен қаласында 53 мың жас бар көрінеді. Жастардан жасақталған 30 ұйым тіркелген. Сонымен қатар қала бойынша 1200 ерікті бар. Бақытжан Ерболқызы жастар ұйымдарына кіруге ынта білдіргендердің қатары көп екенін айтады. Шыны керек, қоғамдағы кейбір адамдар осы жастар ұйымының жұмысын жиі сынға алып жатады.
– Шын мәнінде ерікті болу еріккеннің ермегі емес, ердің ісі. Себебі қаламыздағы қоғамдық жұмыстар жастарсыз өтпейді. Жастар қашан да бастамашыл болып қалады, – дейді ол.
Мейрам Екпін