ТОПХобби

Өскемендік полицей көне монеталарды жинайды

Өскемендік полицей-нумизмат түрлі дәуірдегі монеталарды жинаумен айналысады.

Арман Мүліковтің коллекциясында ежелгі Рим империясының монеталары да бар, деп хабарлайды Didar ақпарат. 

Нумизматика  – монеталардың тарихын, олардың шығу тегін, дамуын, құндылығын, сондай-ақ жасын зерттейтін ғылым. Нумизматика  – коллекцияның ең көп таралған түрлерінің бірі. Қазір монеталарды жинау нумизматика деп аталады.

Өскемен қаласы полиция басқармасы жедел-криминалистикалық бөлімінің аға криминалисті полиция майоры Арман Мүліков 15 жыл бойы монеталар жинаумен айналысады. Арман тек коллекционер ғана емес, сонымен қатар ол монеталардың тарихын, олардың шығарылған кезеңдері мен осы монеталарды шығарған елдерді зерттейді.

Өскемен қалалық полиция басқармасының жедел-криминалистикалық бөлімінің аға криминалистінің коллекциясында қазір 300-ден астам монета және 150-ден астам қағаз купюра бар. Полиция майоры Арман Мүліков өз коллекциясындағы әрбір монетаның бүкіл тарихын біледі.

Олардың ішіндегі ең ежелгісі  – Рим империясының монеталары, 18-20 ғасырлардағы патшалық Ресейдің монеталары, Германия монеталары, Үшінші Рейхтің монеталары. Монеталардан басқа, 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басындағы ескі және қазіргі заманғы шет елдердегі қағаз банкноттардың үлкен коллекциясы да жинақталған. Сондай-ақ Қазақстан Ұлттық банкінің 1993 жылы шығарған алғашқы банкноттары мен металл тиындары да айтарлықтай құндылыққа ие. Полиция нумизматының коллекциясында мерейтойлық даталарға арналған ескерткіш монеталар да бар. Одан бөлек коллекцияда Германия Демократиялық Республикасының, Югославия, Чехословакия және тағы сол сияқты бүгінде әлемде жоқ мемлекеттердің сирек кездесетін монеталары мен банкноттары да бар. Коллекционердің айналымда болмаған, айналымы аз, жағдайы мінсіз, сынғыштығы жоқ, мыжылмаған және жақсы үлгілер ерекше бағаланады.

– Мен ақша монеталары мен купюрларды жинаймын. Монеталарды жинау нумизматика деп аталады. Нумизматика  – бұл өте қызықты хобби. Мен бұл хоббиді бала кезімнен бастадым. Барлық монеталарды қандай да бір тақырыпта немесе шығу кезеңдеріне артықшылық бермей жинаймын. Әрбір монетаның өзіндік тарихи құндылығы бар. Менің құмарлығым көптеген басқа нумизматтар сияқты қызықты монета менің қолыма түскен сәттен басталды. Бұл ерекше антикварлық монета болды. Өз коллекцияңыз үшін жаңа монетаны іздеп, оны алып, альбомға  мұқият салып, содан кейін оны ұзақ уақыт тамашалау өте қызықты, – дейді Арман Мүліков.

Сонымен қатар коллекционер қызықты монеталарды алу тәсілдерімен де бөлісті.

– Негізінен достарым мен таныстарым менің хоббиім туралы біледі, қызықты монета тапса, олар маған береді. Соңғы жылдары басқа коллекционерлермен қарым-қатынас орната бастадым, бұл басқа елдерде айырбастауға, монеталарды сатып алуға, тапсырыс беруге мүмкіндік берді. Коллекцияны жинауға достарым мен туыстарым көмектеседі. Егер олардың біреуі шет елдерге баратын болса, олар міндетті түрде сол сапардан маған базарлық ретінде монеталар алып келеді, осылай менің коллекциям толығып жатыр, – дейді ол.

Нумизмат полиция майоры Арман Мүліков бұрынғы Большенарым ауданы, Большенарым ауылында дүниеге келген. 2005 жылы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін химик-сарапшы мамандығы бойынша, 2010 жылы Қазақстан-Американ еркін университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған. Ішкі істер органдарында 2007 жылдан бастап жұмыс істейді. Оның ішкі істер органдарындағы мансабы Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы Зырян аудандық полиция батальоны қызметінен басталды. 2008 жылдан Өскемен қаласы полиция басқармасының жедел-криминалистикалық бөлімінің криминалисті болып еңбек етсе, 2013 жылы Өскемен қаласы ПБ жедел-криминалистикалық бөлімінің аға криминалисті лауазымына тағайындалды.

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Осы айдарда

Back to top button