Қоғам

Өскемендік оқытушы шәкірттеріне өзгеше үлгі көрсетіп жүр

Өскемендегі Қазақстан-Американдық еркін университетінің оқытушысы Аян Дәуренұлы өзінің жан-жақтылығымен ерекшеленеді.

Ол жоғары оқу орнында қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика пәндерінен дәріс берумен қатар облыстық драма театрындағы «Fan Art» өнер ұйымына және жастардың «Qadam» поэзия ұйымына мүше, өз университетіндегі BASTAU шығармашылық ұйымының жетекшісі, облыстық телеарнадағы Altai tany бағдарламасының тележүргізушісі.

Иә, білгім келеді, үйренгім келеді, жетістікке жеткім келеді дейтін адам үшін қазір бәрі бар. Мүмкіндік, қолдау, уақыт. Тек осыны тиімді пайдалану қажет. Ең маңыздысы – қорқынышты жеңу. Осындай қайсарлық, тәуекелшілік, талпыныс – Аян Дәуренұлының бойында бар қасиеттер.

– Қазіргі әлем тәуекелшіл, еңбексүйгіш, жаңашыл адамдардың арқасында дамып жатыр. Арманыңыз болса, қорықпай талаптану керек. Дәл қазіргі сәтте! Тал бойында бір міні жоқ адам болып өмір сүргіңіз келсе, белгіленген шектеулерден шықпай, еш тәуекел жасамастан күн кешуге болады. Ал өміріңізді, әлемді өзгерткіңіз келсе, тәуекелдің жел қайығына мініп қалаған жетістікке жетуге болады. Өмір – бір-ақ рет берілген сый. Оның әрі мен мәнін келтіру – өз қолыңызда. Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» деген нақылын жаныма жалау етемін, – дейді 24 жасар оқытушы өз студенттеріне.

Аян Дәуренұлы бос уақытында ақ парақ бетіне қалам тербеп, поэзия әлеміне саяхаттайды. «Qadam» ұйымына мүшелік етудегі мақсаты – ақындық қабілеті бар балаларды баулу. Актерлік білімі болмаса да, театр сахнасында өзін жетілдіруде. Сол себепті «Fan Art» өнер ұйымының құрамына кірген. Сондай-ақ ол «Нөсер», «Шілікті жазығы», «Досым», «Шынайы махаббат» әндерінің авторы. Әншілік өнері тағы бар. Оның бейнебаяндары республикалық арналардан көрсетілуде. Талантты оқытушы осы жылдан бастап телевизия саласына да бет бұрды.                                                                         

Балауса Оразалықызы

Осы айдарда

Back to top button