ЖаңалықтарТОП

Өскемендік ақсақал ауланы абаттандырып жүр

Бұл күндері зейнетке шыққан аға буын үлкендеріміздің күнделікті тіршіліктері де әралуан. Бірі немерелеріне бас-көз боп, ұзақ күн солардың соңында жүрсе, ендібіреулері аулаға шығып қатарластарымен дойбы-шахмат ойнағанды жөн санайды. Жағалауға шығып бірер сағат серуендеп қайтатындары да тіпті зейнетке әлдеқашан шығып алса да, әлі күнге дейін күзетте болсын әйтеуір бір жерде жұмыс істеп жүргендері де бар. Бұл әрине әркімнің өз қалауы.

Ұлан ауданына қарасты Алмасай ауылының тумасы, Ерболат ағамыз да біз айтып отырған көп зейнеткердің бірі. Алла қаласа биыл көктемде 82-ге келмек. Кеңес үкіметінің тұсында совхоздың киномеханигі, завклубы, заготовителі, зоотехнигі, парткомы секілді түрлі-түрлі жауапты қызметтерде болған Ер ағамыздың көзі ашық, көкірегі ояу. Ең бастысы, қазіргі таңда ұйқылы-ояу жүретін марғау қоғамдағы аса сергек әрі белсенді азаматтардың бірегейі десек те болады.

Ол кісінің қалаға көшіп келгеніне де көп бола қоймапты. Дегенмен ақсақал осынау он шақты жыл көлемінде біраз игі бастамалардың ұйытқысы бола білген көрінеді. Мәселен, ШҚ облыстық ақсақалдар кеңесінің үйлестіруші хатшысы бола жүріп, бірыңғай ақсақалдардан құралған «Атамұра» атты ұлттық бағытта ансамбль құрған да осы Ерекең екен.

– Ерболат аға, ансамбльді қашан, кімдердің ақыл-кеңесімен құрып жүрсіз, оның құрамында кімдер бар.

– «Атамұраның» құрамында жүрген зейнет жасындағы адамдардың барлығы да бір кездері ел алдында өнер көрсеткен өнерге біртабан жақын жандар. Айталық, ұзақ жыл Марқакөл ауданының мәдениетіне еңбек сіңірген әнші әрі батагөй Нәбиолда Кемешов ағаң мен белгілі айтыс ақыны, әнші Абаш Кәкенов те біздің сапымызда. Өнер ұжымының бас-аяғы 20 шақты мүшесі бар болатын, соңғы жылдары түрлі себептермен бес-алты адамға азайып қалдық. Репертуарымызда негізінен ел ішіне кең тараған қазақтың халық әндері, халық композиторлары Ақан, Біржан, Абайдың, атақты Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғиса Тілендиев т.б.с.с. елге танымал сазгерлердің әндері бар. Аптасына бір рет, сенбі күні Металлургтер мәдениет сарайында бас қосып тұрамыз. Сол жерден бір шағын бөлме берген.

– Бөлме бергендері жақсы болған екен, бір мезгіл бастарыңыз қосылып, мәре-сәре боп қалады екенсіздер.

– Иә, ол жердегі мәре-сәре болған бір бөлек те, концерттерге әзірленіп, жаңа туындылар болса соған дайындалу негізгі мақсатымызға жатады.

– Концерт дейсіз бе, ол қандай концерт?

– Біз біраз жылдардан бері, әсіресе «Наурыз», «Тәуелсіздік күні», «Домбыра күні» іспетті үлкен мерекелердің қарсаңында Өскемен қаласындағы қазақ мектептерінің барлығын дерлік аралап оқушылармен, олардың ата-аналарымен, мұғалімдер қауымымен кездесулер ұйымдастырып, мерекелік концерт қойып береміз.

– Солай ма, бұларыңыз тамаша үрдіс екен?!

– Өскеменнің іргесінде зейнеткерлерге арналған «Уба» деген шипажай бар. Онда бүкіл облысымыздың түкпір-түкпіріндегі аудандарда тұратын зейнеткерлерге жылына бір мәрте ем-дом алуға мүмкіндік жасалған. Ол жерде де неше мәрте концерт қойдық. Өзім де жыл сайын ем-дом алып тұрамын.

– Қолыңыздың бос кезінде бұдан басқа немен айналысасыз?

– Мен қалаға көшіп келгесін 2012 жылы Алланың қалауымен, «Артыңда мал қалғанша – тал қалсын!» деген қазақ дәстүрін қолдай келе қазіргі күні ЖМК ауданында өзім тұрып жатқан көпқабатты үйдің ауласын абаттандыру мақсатында 12 шырша ағашының көшетін сатып ап отырғыза бастадым. Бұл ісім алға басып, қазір сол отырғызған шыршаларым уақытында суарылып, күтім көргесін ойдағыдай жайқалып өсіп келеді. Аллаға шүкір маңайдағы көрші-қолаңның орысы да, қазағы да ризашылықтарын білдіріп, көңілімді көтеріп қояды.

Кей күндері, – Шіркін-ай, осындай ауланы абаттандырумен Өскемендегі кез келген көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары айналысса, қаламыз жайнап, жайқалып кетер еді ғой» деп ойлайтыным да бар.

– Бұл тірлігіңізге маңайыңыздағылар ештеңе деген жоқ па?

– Әу баста менің түпкі мақсатымды дұрыс түсінбегендер, «Жерді заңсыз басып алдың, мәшине қоятын жерімізді алып қойдың, сен бұл жерді жеке басыңның қажетіне жаратып көкөніс еккелі жүрсің» деп мені сотқа бергендер де болды.

– Не дейді, құдай-ау, ауланы абаттандырам деген адамды сотқа бергендері несі?!

– Қызық болғанда, мені сотқа берген басқа емес, өзіміздің қазақ жігіті болып шықпасы бар ма?

– Қалайша?

– Иә, бір күні учасковыйға шақырту қағазы келді. Барсам, «Осылай да, осылай сіздің үстіңізден пәленшекеев деген көршіңізден арыз-шағым түсті, сіз ауладағы бос жатқан, елдің көліктерін қойып жүрген орнын заңсыз иемденіп алыпсыз. Сол үшін 270 000 теңге айыппұл төлеуіңіз керек!» деп бетіме қарап отыр.

– Содан, төледіңіз бе?

– Ашуланғаным сондай, – Әй, шырағым! Салған айыппұлдарың неге аз, әйтеуір салған соң 500 мыңға бір-ақ жеткізіп салмадыңдар ма? Мыналарың онсыз да мардымсыз зейнетақыға күнелтіп жүрген зейнеткерді тонаудың жаңадан шыққан түрі ме, не?! – дедім әлгі участковыйға.

Содан салып ұрып қазіргі қала әкімі Жақсылық Омарға келдім. Ол кезде Жақсылық облыстық мәдениет басқармасының басшысы болды-ау деймін. Сөйтіп Жақаң тиісті мекемелерге хабарласып, айыппұлдан аман қалғаным бар. Кейін күйеу балама айтып, темір алдырып айналасын қоршап тастадым. Сол көшеттердің (суретте) қазіргі күйі осы.

– Бұл ағаштарды 12 жылдан бері бағып-қағып, суарып дегендей, өзіңіз күтіп жүрсіз бе?

– Әрине, өзім күтем. Басқа кім көмектеседі, үстімнен арыз жазған көршім көмектесе ме? Алғашында орыс-қазағы бар бәрі маған күлетін. Үшінші қабаттағы пәтерімнен жалғыз өзім бес литрлік бачокпен су тасып, әр ағаштың түбіне екі бачоктан құйып жүрдім. Кейін қайсыбір ұяты, түсінігі бар көршілерім үйлерінен су әкеп, бір жағына шығысатын болды.

– Суды қазір де тасып жүрсіз бе?

– Жоқ, қазір екі жылдай болды үйдің жертөлесіндегі сантехниктер отыратын жерден су шығартып алғам, сонымен суарып жүрмін. Маңайдағы көршілерімнің барлығы кездескен жерде бас бармақтарын көрсетіп, жер-көкке сыйғызбай мақтай жөнеледі.

– Әлгі арызжазғышты кейін көрдіңіз бе?

– Бірде көршілерім орыс-қазағы аралас 20 шақты адам жиылып ап, ол оңбағанға айтпағанды айтып, көпшіліктің көзінше сазайын тарттырып жер қылып жіберді.

Ерболат Садуақасұлы қазіргі күні облыстық ақсақалдар кеңесінің үйлестіруші хатшысы. Ана жерде жиналыс, мына жерде кездесу, тағы бір жерде концерт дегендей, ағамыздың бос уақыты жоқ десек те болады.

Әрине, 80-нен асқан шағыңда ойға-қырға шауып жүретін денсаулығыңның болғанына не жетсін?!

Жүрген жерінде «Өзің тұратын ауланы абаттандыруға атсалыс, келешек үшін!» деп ұран тастап жүретін ағамызға «Атыңыздан түспеңіз абзал аға!» дегіміз келеді.

 

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button