Қоғам

Өскемендегі турнир Европаға жол ашады

Республика күні мерекесіне орай «Казцинк» компаниясының қолдауымен Өскемендегі «Smash» теннис орталығында теннистен халықаралық турнирдің  финалдық ойындары өз мәресіне жетті.

Өскемендегі бұл  турнир 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында осымен екінші рет өтіп жатыр. 16 қазаннан бастап өтіп жатқан биылғы турнирде еліміздің бірқатар өңірінен және Америка елінен келген 80-ге жуық жас спортшы бақ сынауда.

-Бұл турнир елімізде 2019 жылдан бері өткізіліп келеді. Ол кезде алғашқы турнир батыс өңіріндегі Ақтөбе қаласында өткен болатын. Одан кейін Алматы, Шымкент, Астана қалаларында өтті. Биыл кезек Өскемен қаласына келіп жетті,-деді турнир директоры Бейбарыс Исламов.

Бұл турнирдің артықшылығы – қатысушылар рейтингтік ұпайлар жинайды. Ол өз кезегінде елімізден тыс жерлерде, Европа елдерінде өтетін турнирлерге қатысып, өз бақтарын сынауға мүмкіндік береді. Батыс елдерінде мұндай турнирлер жиі өтетіндіктен және мықты теннисшілер көп болғандықтан, мұндай мүмкіндік қазақстандық жас спортшыларды әлемдік бәсекеге қабілетті болуға дайындайтыны сөзсіз.

Бапкерлердің айтуынша, бұл жарыста Алматы, Астана, Қарағанды қалаларының спортшылары жақсы ойын көрсетті. Солардың бірі, бүгінгі турнир жеңімпазы Енкар Картабекова.

– Мен Алматы қаласынан келдім. Жасым 16-да. Теннис спортымен айналысқаныма биыл тоғыз жыл болды. Бұл спорт түрін таңдауыма негізінде анам себепкер болған еді. Кейін өзіме де ұнап, жақсы нәтиже көрсете бастаған соң, әкемнің ақыл-кеңесімен осы спорт түрімен кәсіби айналысуға бет бұрдым. Жетістіктерім де жоқ емес. Жаз бойы үш ай Чехияда болып, жуықта оралдым. Оған дейін Түркияда, орта Азия елдерінде  өткен жарыстарға қатыстым. Осыған дейін жүлделі 2,3-орындарды алып жүрген едім. Бүгін міне Өскемендегі сайыста алғашқы 1-орынды иеленіп тұрмын. Өте қуаныштымын. Ата-анам да менің ойынымды тікелей эфирден көріп, жеңісіме қуанып жатыр. Әрбір жеңіс үлкен еңбекпен келеді. Өскемендегі теннис корты ұнады, мұнтаздай таза, заманауи жабдықталған екен. Өскемендегі турнирден кейін Европаға жол тартамыз. Ол жақта бәсекелестік мықты, сондықтан тыңғылықты дайындаламыз,-деді қуанышымен бөліскен Енкар Картабекова.

Тартысты өткен сайыс нәтижесінде жас спортшылар арасындағы мықтылар да анықталды. Сонымен ұлдар арасында 1-орынды Айдын Батырбеков, 2-орынды Михаил Мищенко, 3-орынды Тимур Сауленко, қыздар арасында 1-орынды Енкар Картабекова, 2-орынды Эвелина Балаганская, 3-орынды Карина Буданова, жұптық ойындарда ұлдар арасында Айдын Батырбеков пен Тимур Сауленко 1-орынды, Родион Трайгель мен Макар Гаврилов 2-орынды, қыздар арасында Кристина Крюченко мен Эвелина Балаганская 1-орынды, Наиля Баймаханова мен Линара Булешева 2-орынды иеленді.

Жас спортшыларды жеңістерімен құттықтай отырып, жаңа биіктерге жетуіне тілекшіміз!

Автор: Айжанат Бақытқызы

 

 

Осы айдарда

Back to top button