ТОПШаһар шаруашылығы

Өскеменде тұрғын үйлер неге суып кетті?

Азамат Темірбеков

Алтайдың аязы қаһарына мініп еді облыс орталығындағы тұрғын үйлерде ауа температурасы күрт төмендеді. Белгілі болғандай бұл жағдай Өскемен жылу электр орталығындағы қазандықтың уақытша тоқтап қалуымен байланысты екен. Кәсіпорын басшылығы жылу беру жүйесі тез арада қалпына келтірілетінін айтты.

Қарашаның соңын ала өңірде аяз қысып, Өскеменнің тұрғын үйлері мен әлеуметтік нысандары суып кетті. Мұндай жағдай бұл қалада бұрын-соңды болмаған, сондықтан жауапты орындар да, қарапайым тұрғындар да біраз әбігерге түскені рас. Тіпті, әлеуметтік желілерде Өскемен жылу электр орталығында апат болып, қазандықтың істен шыққаны жайлы ақпарат та тарап кетті. Осыған байланысты шұғыл баспасөз мәслихатын ұйымдастырған жылу электр орталығының басшылығы және қала әкімдігінің өкілдері осындағы 450 шақырымдық жылу жүйелері қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.

– Қазіргі уақытта Өскемен жылу электр орталығында сегіз қазандық агрегаты мен сегіз турбоагрегат жұмыс істеп тұр, – дейді «Өскемен жылу электр орталығы» ЖШС-ның бас директоры Айдын Бексолтан. – Қазір жылу жүйелеріне су +99 градус температурамен беріліп тұр. Сонымен қатар режимді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Яғни, қазандықтан ыстық судың жүйеге берілу температурасын белгіленген 110 градусқа жеткізу үшін жұмыс істеп жатырмыз.

Оның сөзіне қарағанда, саршұнақ аяз қаһарын төккен сәтте жылу электр орталығындағы қазандықтың бірінде апат болмаса да қорғаушы құрылғысы іске қосылып, қазандықтың жұмысы тоқтап қалған. Дегенмен тиісті шаралар дер кезінде қолға алынып, бір жарым сағатта қазандық қайтадан іске қосылды. Осының салдарынан жүйедегі салқындап үлгерген суды қайтадан қажетті температураға дейін қыздырғанша біраз уақыт керек болған. Яғни, жылу электр орталығынан жүйелерге берілетін 40 мың тоннадан астам суды жылыту үшін әжептәуір уақыт қажет еді. Сондықтан жылу тұтынатын нысандарда, оның ішінде тұрғын үйлерде ауа температурасы біраз төмендеген. Алайда қазандықты қалпына келтірген бір жарым сағат ішінде ыстық су беру мүлдем тоқтап қалмағанын айта кеткен жөн. Тек су жүйеге әдеттегіден төмен температурада беріліп тұрды. Оның үстіне сырттағы қақаған аяздың да беті қайтпай, қаладағы нысандарда ыстық суды тұтыну көрсеткіші де жоғарылап жылу электр орталығының әдеттегіден жоғары жүктемемен жұмыс істеуіне тура келген.

Алдағы күндері жүйедегі су қажетті температураға дейін ысытылатынын айтқан орталық басшылығы алаңдауға ешқандай себеп жоқ екенін, үйлердегі жылу қалпына келетінін атап өтті.

Шаһар тұрғындары үшін тағы бір қуантарлық жаңалық – «Өскемен жылу желілері» компаниясы температуралық режимдегі ауытқушылықтар болған осы күндер үшін халық төлейтін жылу ақысын қайта есептемек. Яғни, осы жағдайға байланысты үйі салқындап кеткен өскемендіктер келер айда жылу ақысын әдеттегіден азырақ төлейді.

– Қараша айының төлемдерін жауып қойғандықтан, жылу ақысына қайта есептеуді келер айдың төлеміне жасайтын боламыз. Нақты күндер бойынша міндетті түрде қайта есептеу жүргіземіз, – деді «Өскемен жылу желілері» акционерлік қоғамының техникалық директоры Асхат Букатов.

Бүгінгі күні барлық жылу жүйелерінің қалыпты әрі толыққанды жұмыс істеп тұрғанын алға тартқан компания басшылығының өкілі қаладағы барлық сегіз жылу ошағында ешқандай проблема жоқ екенін айтты. Сонымен қатар Еуропаның қайта құру және даму банкімен келісімшартқа отырған аталмыш компания өздеріне тиесілі жылу жүйелерін жыл сайын біртіндеп жөндеуді қолға алған. Атап айтсақ, осы келісімшарт шеңберінде биыл қаладағы 8 шақырым жылу құбырлары түгел жаңартылды.

Алдағы уақытта штаттан тыс жағдайлардың болмауын қамтамасыз ету үшін шаһар басшылығы мамандардан жасақталған арнайы топ құрып, қаланың жылу жүйелерін біртіндеп жөндеуге байланысты бағдарлама құрған.

– Қазіргі уақытта біз жұмыс істеп жатқан негізгі екі пунктті атап өткім келеді,  – дейді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар. – Біріншісі Өскемен жылу электр орталығының №16-шы қазандығын аяқтау. Аталған компания мен «Росатом» арасында келісім бар. Бірақ соңғы уақытта болған бірқатар жағдайға байланысты бұл жұмыстар біраз кешеуілдеп жатыр. Бұл қазандық іске қосылса қалаға қосымша 240 Гкал қуат береді. Ал екіншісі – қаланың Сол жағалау ауданында орналасқан №2-ші қазандықты үлкейту. Оның қуаты 100 Гкал-ға дейін ұлғайса, Сол жағалау ауданын дамытуға мүмкіндік аламыз.

Биыл мемлекеттік сараптамасы алынса, келер жылы жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалады, осылайша кезең-кезеңімен іске асырылмақ. Қазіргі уақытта қуаттылығы 134 гигакалориялық №2-ші қазандықтың әлі де болса 25 Гкал көлемінде профициті бар. Бұл қаланың Сол жағалау ауданында қосымша салынатын көпқабатты үйлерді жылуға қосуға мүмкіндік бар дегенді білдіреді. Демек, оның қуаты қосымша жүз гигакалорияға ұлғайса бұл мүмкіндік одан әрі арта түспек.

Осы айдарда

Back to top button