Инновация

Өскеменде тұңғыш рет RnD форум өтті

Азамат Темірбеков

Өскеменде ғылым мен бизнес саласындағы халықаралық және отандық сарапшылардың басын қосқан жиын өтті, онда коммерциялизациялауға жататын тың жобалар ұсынылды.

Адами капиталды дамыту арқылы бизнестің жарқын болашағын қалыптастыруға бағытталған «EKTU RnD FORUM-2023» 10 сәуір күні облыс орталығында орналасқан Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында ұйымдастырылды. Бүгінде еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі саналатын бұл білім ордасының ғылыми-техникалық әлеуеті зор екені белгілі. Осы себепті де халықаралық мамандарға өз жетістігін ұсына алатын оқу орны аталған форумның басты алаңы ретінде таңдап алынды.

Коммерциялық жобалар жетерлік

Сонымен қатар қазіргі таңда бұл университетте болашақта пайдасы шаш етектен болуы мүмкін бірнеше тың жоба әзірленіп жатыр. Атап айтсақ, бүгінде университет қабырғасында медицина, ауыл шаруашылығы және елді мекендерді түрлі табиғи апаттан қорғау салаларына қажетті таптырмайтын цифрлық құрылғылар жасақталуда.

– Дәл қазіргі кезде бізде коммерциялизациялауға дайын 7-8 жобамыз бар, – дейді Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина. – Атап айтсам, университет базасында медицина саласына қажетті түрлі импланттар жасау, ауыл шаруашылығына қажетті «Фермер планшеті» және басқа да цифрлық шешімдер әзірленген. Оған қоса, көшкін жүретін аймақтарды қауіпсіздендіру, елді мекендерге төнетін тасқын судың  қаупін азайтуға көмектесетін  цифрлық құрылғылар жасақталған.

Еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орындарының тың жобаларын бизнес өкілдеріне ұсынуды басты мақсат еткен RnD форум биыл алғаш рет өткізіліп отырғанын атап өткен ректор, алдағы жылдары мұндай шараның тұрақты түрде ұйымдастырылып тұратынын тілге тиек етті. Шетелдік мамандарды  аталмыш университеттің қызықтырып отыруының тағы бір жағы – мұнда болашақта қалыптасуы мүмкін тау-кен-металлургия құзыреттілік орталығы. Яғни, осыған дейін германиялық оқу орындарында қалыптасқан осы тәжірибе алдағы уақытта Шығыс Қазақстанда да кеңінен қолға алынбақ.

Қос елдің дипломын  алады

Бұдан бөлек Браденбург университетімен келісімге келген техникалық университет басшылығы бұдан былай металлургия саласы бойынша қос диплом беруді жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз, жергілікті студенттер шетелдік тәжірибені қатар меңгеріп, халықаралық дәрежедегі диплом алады деген сөз.

– Аталған университеттің өндіріспен және де экномиканың басқа салаларымен тығыз байланыс орнатуы бізді ерекше қызықтырып отыр, – дейді Германия Федеративтік Республикасы елшісінің тұрақты орынбасары әрі кеңесшісі Хольгар Коллей. – Жоғары оқу орны өз студенттерін осы аймақта сұранысқа ие  мамандықтарға оқытып жатыр. Бұл дегеніміз ынтымақтастық орнатуға үлкен негіз болатын үрдіс. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі уақытта әлемде геосаяси жағдай тұрақсыз. Сол себепті өнімді сапалы өндіре алатын мамандардың жергілікті жерде болғаны өте маңызды.

Алдағы уақытта университетке шетелдік мамандар тарапынан барынша кеңес беріліп, қолдан келгенше қолдау жасалатынын атап өткен ол, өнім өндіру үрдісіне де ерекше мән берілетінін айтты.

Дуальді оқытудың артықшылығы көп

Жалпы, бүгінгі таңда университетпен тығыз байланыс орнатып, өз ісін дөңгелетіп отырған ұйымдар өңірімізде аз емес. Солардың бірі – Глубокое ауданына қарасты Солнечное кентінде орналасқан Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы. Қазіргі уақытта мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын ғылыммен ұштастыра білген бұл ұйым – өңіріміздегі алдыңғы қатарлы ауыл шаруашылығы құрылымы.

– Біздің агрохолдинг асыл тұқымды өсімдік шаруашылығымен қатар сүтті мал шаруашылығын дамытып отыр, – дейді «Астана-Бизнес» агрохолдингінің басшысы Фарид Абитаев. – Еліміз бойынша сүт өндіруден екінші орын алсақ, асыл тұқымды дақылдар өндіруден бірінші орындамыз. Мұның барлығына саланы ғылыммен байланыстырудың арқасында қол жеткізіп отырмыз. Университетпен тығыз байланыс орнату арқылы осындай жетістікке жетіп отырмыз.

Сондай-ақ еліміздің аграрлық университетімен келісім жасау арқылы қолданбалы бакалавриат бойынша дуальді оқыту бағдарламасын қолға алған шаруашылық алдағы оқу жылынан бастап ауыл шаруашылығы саласының тапшы мамандарын даярлайтын тың жобаны жүзеге асыра бастамақ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен іске қосылатын қанатқақты жобаға жергілікті техникалық университет қызметкерлерімен қатар шетелдік компаниялардың да мамандары тартылмақ.

 – Біз Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің мамандарымен бірге «Цифрлық агрожүйелер» атты оқу бағдарламасын жасап жатырмыз, – дейді Фарид Абитаев. – Ол ауыл шаруашылығының  барлық саласын қамтитын болады. Өйткені болашақ мамандар ауыл шаруашылығы саласының барлық бағытында жұмыс істей алатындай болуы қажет. Бұл бағдарламаның жақсы жақтары қандай деп ойлайсыз ба? Ендеше қараңыз, студенттер үш жыл бойы өндірістен алыстамай білім алып, теория мен тәжірибені бір-бірімен ұштастырып отырады. Қазіргі уақытта кәсіпорындар шетелдік стандарттарға және талаптарға сай жұмыс істей алатын мамандарды оқытып шығару үшін қаражат құюға әзір. Бұл бір жағынан кәсіпорын есебінен мамандық алып, кейін жұмысқа тұруда бас қатырмайтын студент үшін де өте тиімді. Біздің шаруашылық үшін кадр даярлауда шығыны аз емес бұл оқу коммерциялық жоба болып саналады. Сонымен қатар өз мамандарын оқуға жіберген кәсіпорындар үшін де бұл оқу олардың қалтасы көтеретіндей болуы қажет.

Оның айтуынша, оқу барысында ауыл шаруашылығына қатысты үрдістердің ажырамас бөлігіне айналған цифрлық технологияларды оқытуға да үлкен мән берілмек.

Бұдан бөлек университет базасында өткізілген шара барысында техникалық университет қабырғасында білім алып жатқан студенттердің бірқатар жобасы шетелдік және қазақстандық қонақтардың назарына ұсынылды. Форум барысында онлайн форматта қосылған еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігі, Дүниежүзілік банк, «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы, «QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі кәсіпорындар мен университеттер үшін RnD қолдау тетіктерін жариялап, Қазақстанның табысты RnD кейстерін талдады.

Форум соңында ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол қойылды.

 

 

Back to top button