Қоғам

ӨСКЕМЕНДЕ ОТАНДЫҚ БРЕНДТІ КИІМ ӨНДІРІЛЕДІ

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

    Барымен базарлап жүрген қазақстандық қыз-келіншектер талғамы мен теңгесіне сай көйлек-көншектерді өзімізден, Өскеменнен табатын болды.  Шеттен әкелінген киімнен әбден шаршап, қолына ілінгенін киіп үйренген үлкен-кіші енді көшеде, үйде Өскеменнің сәнді де мәнді киім-кешегімен жүреді. Бұл құр қиял емес. Өскемендегі «Рауан» (бұрынғы «Рассвет») фабрикасы алдағы жылдарда отандық брендті әйелдер көйлегін өндіру желісін іске қосуды жоспарлап отыр. Кеңестік заманда Өскеменнің «Рассветі» дегізіп дәуірлеген фабриканың атағы қайтадан шығатын күн тезірек туса екен.

 «РАССВЕТТІҢ» ДАҢҚЫН ОРАЛТСАМ ДЕЙДІ

Өскеменнің «Рассвет» фабрикасында тігілген көйлектерді соңғы рет 1988 жылдың күзінде Алматының орталық әмбебап  дүкенінен көріппін.  Биыл 12 қазанда көзден бұлбұлдай ұшқан сол «Рассвет» фабрикасына 60 жыл толды. Отанымызға ғана емес, бүкіл одаққа танылған тігін фабрикасының жұрнағындай болып бүгінде Өскеменде  «Рауан» өндірістік кооперативі жұмыс істеп жатыр. Шағын кәсіпорын бұрынғы фабриканың негізінде құрылған. Өндірістік ғимараты да сол фабриканікі.

«Рауан» өндірістік кооперативінің басшысы, кәсіпкер Әлия Адамова бүгінде әйгілі тігін кәсіпорнының даңқын қайтаруға күш салып жатыр. Ол алдымен фабриканың қазіргі, бұрынғы байланыстарын қайта жаңғыртып, серіктестермен ынтымақтаса отырып кәсіпорынды аймақтағы ірі тігін өндірісіне айналдырған.

Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінде бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика темір ұсталарының арнайы тәртіп оқытушысы, өндірістік-оқу шебері болып еңбек ететін Әлия Адамова – сегіз қырлы, бір сырлының нақ өзі. Түске дейін оқытушы, шебер болса, түстен кейін – кәсіпкер, бизнес ханым.

ТАҒДЫР ТАБЫСТЫРҒАНДАР

Әлия 2018 жылы әбден тозып, тоқыраған жеңіл өнеркәсіп кәсіпорнын еңбекақы, салық берешегімен бірге өз иелігіне сатып алады. Қоғамдық тамақтандыру саласындағы шығысқа белгілі кәсіпкер Рүстем Адамов – Әлияның ағасы. Кәсіпкер ағасының   қолдауымен Әлия кәсіпорынның 16 млн теңге еңбекақы қарызын төлеп, мойнындағы бір міндеттен толық құтылады.

– Фабриканың жұмысы тоқтап, тоқырап қана қалған жоқ, банк шоттары да бұғатталып, төленбеген ҚҚС салығының өзі екі миллионнан асқан екен. Кәсіпорын жұмыс істемей тұрды. Дәл осы кезде аталған фабриканы талай жыл басқарып келген Гүлімхан Сапанқызы Накужанова қатты науқастанып қалған болатын. Ол Рүстемді жақсы білетін. Өзіне шақырып алып, жойылуға шақ қалған фабрика өндірісін қайтадан жолға қоюға үгіттеді. Сол шақта кәсіпорынның тігін цехында төрт адам, бүкіл кәсіпорында барлығы 10 адам ғана қалған. Міне, үлкен фабрикадан қалғаны осы болды, – деп еске алады Әлия Адамова «Рауан» ӨК-не келген уақытты.

Бір қызығы, Әлия Маратқызының өзі де 1986-87 жылдары «Рассвет» фабрикасында  тегістеп-кесуші болып жұмыс істеген. Қазіргі күні кәсіпорынның кадрлар бөлімінде жұмыс істеп жатқан байырғы маман Нина Зубкова сол жылы Әлияны алғаш рет оқушы ретінде өзі қабылдап алған көрінеді. 35 жыл өткен соң тағдыр оларды осылай қайта табыстырып,  осы жерде тоғыстырыпты.

Нина Зубкова ғана емес, «Рауан» ӨК-нің техникалық қамту басшысы Галина Волошина да осындағы ескі көздердің бірі. 1969 жылдан фабрикада еңбек етіп келе жатқан Галина Алексеевна, бір сөзбен баяндағанда, кәсіпорынның жүрегі, дем берушісі. Сондықтан Әлия ол кісіні кәсіпорынның техникалық директоры деп есептейді. Фабриканың бүкіл күре тамырын, тіршілігін дөп басып, бес саусақтай білетін білікті маман қазір электр энергиясымен, су, жылумен қамтамасыз етуге дейін өзі бақылап, басқарып келеді. Бәріне байыппен қарап, әріден ойлайтын тәжірибелі маман ұжымын ешқашан жерге қаратқан емес.

Фабриканың бас есепшісі Маргарита Ларионова да осында бақандай 38 жыл еңбек еткен екен. Тігін цехында жұмыс істеп жатқанына 30 жыл болған Жанар Бақтиярова болса іздесең таптырмайтын тәжірибелі маман. Жанар да кезінде осында оқушы болып келген.

Тігін өндірісінің басшысы Нина Беляеваны «Рауан» ӨК-нің директоры ұзақ уақыт бойы үгіттеп жүріп, осында өзі әкелген. Екі жыл бұрын мойнын әрең бұрып келген жұмысы қазір оған ең керемет қызмет, ең қадірлі орта болып отыр. Жуықта киім пішу цехына сәнгер-киім пішуші Гаухар Ғабдуллина деген маман келген. Әлия үш баланың анасын алдымен оқу курсында оқытып, одан соң өзінің жұмысына алыпты. Қай салаға болмасын, оның ішінде жеңіл өнеркәсіпке, киім өндірісіне өз ісінің шеберін шатаспай таңдап алу, тарту оңай емес. Маман көп те болуы мүмкін, бірақ бәрі бірдей көздегеніңе жеткізе бермейтіні белгілі.

Әлия Маратқызының Өскемендегі қамту саласы колледжінің студенттері арасынан, жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған жұмыссыздар арасынан, тіпті таныстарынан білікті тігінші мен киім пішушіні бір-бірлеп тұрып іздеген кезі де болған. Кәсіпкер қазіргі жастардың жұмысшы мамандықтарын алуға құлықсыз екендігін, алып шыққан күннің өзінде білімдері жетпей жататынын айтады. Сондықтан жеңіл өнеркәсіпте істей алатын білікті, дайын мамандар жоқтың қасы.

– 2019 жылы маған Өскемендегі өңірлік кәсіпкерлер палатасының адам капиталын дамыту бөлімінің өкілі келді. «Оқу орталығын ашқыңыз келмей ме?» деген сауалмен келіпті. Мен, әрине, бұл мүмкіндікті пайдалануға бел будым. Шұғыл түрде қажетті құжаттарды жинап, дайындап, біздің кәсіпорнымыздың базасында оқу орталығын аштым. Ол «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының оқу орталықтары реестріне тіркелді. Біз осылайша жастарды, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардың қыздарын оқыта бастадық. Оқып бітіргеннен кейін олардың көбі өздерінің жеке кәсіпкерліктерін ашты. Қазіргі күні жұмыспен қамту орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз, олар бізге «Жастар іс-тәжірибесі» «Алғашқы жұмыс орны» жобалары бойынша жастарды жұмыс істеуге жіберіп жатыр. Бізге дейін оқытқан басқа оқу орталықтары өздерінде оқығандарға жұмыс тауып бере алмаған екен, ал бізде ондай мәселе жоқ. Біз оларды өзімізде қалдырамыз, қалғысы келмегендер өздерінің жеке кәсібін ашады, – дейді Әлия Адамова.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖОҚ ҚҰПИЯ ТАУАР

Бүгінде кәсіпорында  33 адам еңбек етіп жатыр. Тігін өндірісінің мамандарынан басқа электрші, аула сыпырушы сияқты түрлі жұмыстарда істейтін сегіз ер адам бар. Биыл қаладағы жұмыспен қамту орталығы әлеуметтік жоба аясында «Рауан» фабрикасына Дархан есімді мүмкіндігі шектеулі жігітті жіберген екен. Жоба мерзімі аяқталғанымен Дархан өз қалауы бойынша осы фабрикада қалатын болыпты. Демек, өркендеп, жұмыс орындарын аша бастаған «Рауанның» пайдасы қыз-келіншектерге ғана емес, Дархан сияқты жігіттерге де тиіп жатыр.

Бұрынғы «Рассвет» фабрикасының өндірістік ғимаратының аумағы өте үлкен. Оның бәрінің инженерлік жүйелерін ұстауға қомақты қаржы керек. Сондықтан біраз бөлігі жалға беріліп отыр. Кәсіпкер фабрикаға басшы болып келгенде әкімшілік, өндірістік ғимараттардың кетеуі кетіп, жөндеу көрмей тұрған. Келісімен цехтар мен бөлмелерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, терезелер түгелдей ауыстырылып, кондиционерлер қойылып, тігін машиналары жөнделіп, жаңадан сатып алынған екен. Кәсіпорын басшысы тігін фабрикасын одан әрі жаңғыртқысы келеді. Түскен пайданың бір бөлігін әлі де өндірісті жетілдіруге, ғимаратты жаңартуға жұмсап жатыр.  Өндіріске жаңа құрал-жабдықтар сатып алу да шұғыл түрде атқарылуы тиіс  жоспарлардың басында тұр. Әлия Маратқызының жаппай нарықты жаулап алатындай жаңа сәндегі масс-маркет киім-кешектерді тігетін заманауи жабдықтар сатып алып, өскемендік брендті көйлектермен бүкіл Қазақстанды қамтысақ деген ниеті бар. Төрт жылдан бері жүріп келе жатқан жол күш салсаң, алынбайтын қамал жоқ екенін көрсеткендей. Төрт жыл бұрын тоқтап қалған фабриканы қайтадан іске қосу үшін көп тапсырыс алу керек болды. Кәсіпкер облыстың көптеген ірілі-ұсақты кәсіпорындарынан тапсырыс қабылдауға тырысып, екі арадағы үзіліп қалған серіктестік байланысты қайтадан орнатты. Ең алғашқы тапсырысты Өскемендегі №11 гимназиядан алып, оқушыларға эмблемасы бар галстуктер тігіп береді. Одан соң оларға мектеп формаларын тіккен. Тапсырыс берушілердің ішіндегі ең ірісі «Өскемен титан-магний комбинаты» болды, зауыт жұмысшыларына қажетті арнайы киімдер осы өндірісте тігілді. Зауыт директоры Әсем Мамытова – әйелдер кәсіпкерлігін қолдап келе жатқан жандардың бірі. Осындай басты тапсырыс берушілердің қолдауымен фабрикада жаңа, тұрақты жұмыс орындары ашыла бастаған.

Өткен жылдан бері «Рауан» ӨК тапсырыс берушілерінің қатарын «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты», «Каравай», «Регистан» қоғамдық тамақтандыру желісі, «InVivo» зертханалары сияқты заңды тұлғалар толықтыруда.

Биыл жыл соңында «Рауан» фабрикасы отандық нарыққа судай жаңа тауарын шығармақ. Мұндай өнімді осы уақытқа дейін елімізде ешкім шығармапты.

– Мен Еуропаның қайта құру және даму банкінің менторинг бағдарламасы бойынша оқып жатырмын. Мұның алдында өңірлік кәсіпкерлер палатасындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығымен жұмыс істедім. Мүмкіндігі шектеулі қыздарды тігін ісіне оқыттым. Былайынша айтқанда, бар күшімді өзімді дамытуға, өз ісімді жетілдіре отырып өзгені дамытуға жұмсап жатырмын. Алдағы жылдары «Рассвет» фабрикасының атын шығарған әйелдер көйлегін тігуді қайтадан бастасам деймін.  Бұл – болашақтың басты жоспары. Ал қазір осы күні үлкен сұраныс тудырып отырған аса қажетті киім түрі желісін іске қосуды көздеп отырмыз. Әзірге қандай екенін құпия қалдырайын. Бірақ жыл аяғына дейін осы жаңа киіммен нарыққа шығамыз. Бұл әлеуметтік жоба болмақ. Бұл өнімге деген сұраныс өте жоғары, соған қарамастан біздің елде өндірілмей отыр. Біз маталарды, материалдарды алып қойдық. Үлгілерін жасадық. Барлық облыстарға аса қажетті бұл дүниені фабрика желісінде шығарылатын жаппай өнім ету арқылы тауардың өзіндік құнын төмендетеміз, – деп бөлісті таяу арадағы жоба, жоспарларымен Әлия Маратқызы.

Түркия, Қытай мен Қырғыздың киіміне қаратып қойған заманда қандай тауар болса да, қандай мақсатқа арналса да  ол өз өндірісімізден шыққан өз еліміздің, өзіміздің Өскеменнің киімі болмақ. Арзан шикізат, заманауи құрал-жабдықтар сатып алуда жеңіл өнеркәсіпке мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетіліп, жеңілдіктер жасалып жатса, елімізде киім-кешек өндірісі осылай қайта өркендеп, қаншама адамға жұмыс та табылар еді.

Осы айдарда

Back to top button