ҚоғамТОП

Өскеменде көркем гимнастикадан ел чемпионаты басталды

Өскеменде тағы бір ауқымды спорт мерекесі – көркем гимнастикадан Қазақстан чемпионаты басталды.Шаһардағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінде жалауы желбіреген байрақты бәсекеге 2012 жылы туған бірінші разрядты жас гимнасттар қатысты, – деп хабарлайды Didar ақпарат тілшісі.

Үш күнге созылатын жарыстың ауқымы шынымен де кең деп айтуға әбден болады. Ұйымдастырушылар хабарлағандай, биылғы республикалық біріншілікте еліміздің 16 өңірінен келген 250-ден астам спортшы өнер көрсетуде. Арасында әдеттегідей кез келген жарыстың фавориттері саналатын Астана, Шымкент, Алматы қалаларының командалары бар. Сонымен бірге облыстық көркем гимнастика федерациясы біздің командаға да ерекше сенім артып отыр.

– Бүгін облысымызда біраз жылғы үзілістен кейін осындай деңгейдегі жарыс қайта ұйымдастырылып отыр. Бұған ерекше қуаныштымыз. Жарысқа еліміздің түгелдей дерлік өңірінің спортшылары қатысуда. Әрине, жерлестерімізден зор үміт күтетініміз жасырын емес. Жалпы, қазір облысымызда осы спорт түрімен бір жарым мыңнан астам бала шұғылданатынын айтқым келеді. Біздің қоғамдық бірлестіктің құрылғанына 10 жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт ішінде Азия чемпиондарын, Әлем кубогы мен жасөспірімдер Олимпиадасының жүлдегерлерін тәрбиеледік. Сондай-ақ біздің тәрбиеленушілер топтық жаттығулар бойынша ұлттық құраманың мүшесі екенін айтқан абзал. Біз металлургтер мен кеншілердің осы бір тамаша спорт түріне қосқан үлесін айрықша бағалаймыз. Демеушілік қолдаудың арқасында жас таланттарымыз түрлі деңгейдегі байрақты бәсекелерде бақ сынауға мүмкіндік алып отыр, – дейді облыстық көркем гимнастика федерациясының вице-президенті Анар Жантасова.

 

Бұл ретте жарыстың бас демеушісі «Казцинк» ЖШС екенін айтқан орынды. Серіктестіктің әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазаревтың айтуынша, компания қашан да спортқа ерекше мән беруде.

– Өздеріңіз білесіздер, бүгінде біздің компания облысымызда шайбалы хоккей, үлкен теннис, конькимен мәнерлеп сырғанау сияқты спорт түрлерін дамытуға айтарлықтай үлес қосуда. Біздің қолдауымызға ие тағы бір спорт түрі деп осы көркем гимнастиканы айтуға болады. Осы орайда өскемендіктер мен қала қонақтарын Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген кішкентай жұлдыздардың керемет өнерін тамашалауға шақырамыз. Бұл жарыс жас спортшыларды жаңа жетістіктерге жетуге жігерлендіретініне сенімдімін, – дейді А.Лазарев.

 

Айта кетейік, биылғы жарысқа қатысушылар жеке және топтық бағдарламаларда өз шеберліктерін көрсететін болады. Тағы бір атап өтер жайт, біріншілікте үздік нәтиже көрсеткен спортшылар ел құрамасына шақырту алмақ.

Осы айдарда

Back to top button