ҚоғамТОП

Өскеменде бірегей халыққа қызмет көрсету орталығы болады

Облыс орталығында азаматтарға ыңғайлы және сапалы қызмет көрсетуге арналған бірегей Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) салынады. Бұл туралы Шығысқа жұмыс сапарымен келген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев айтты. 

Мемлекеттік қызметтерді бір жерден алуға арналған, мемлекетпен өзара іс-қимыл жасай алатын халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

– Біз дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп, өзімізде қолдануымыз керек. Өскеменде бой көтеретін «Супер ЦОНда» барлық мемлекеттік органдардың қабылдау бөлмелері, open әкімдік, құқық қорғау органдарының орталығы, бизнесті дамыту жөніндегі блок орналасады. Жыл соңына дейін өңірде жаңадан бірегей ХҚКО ашу мәселесі шешіледі деген ойдамын, –  деді Арман Кенжеғалиев.

Басқарма төрағасы мұндай озық жобаларды жүзеге асыру үшін облыста барлық мүмкіндік бар екенін атап өтті. Жаңа ғимараттың салынатын орны мен құрылыс барысы мердігерлермен және облыс әкімдігімен талқыланған.

–     Халыққа қызмет көрсету орталықтарының тиімділігін ел көріп отыр. Қаладағы мамандандырылған ХҚКО-ның құрылысы да аяқталуға жақын. Алдағы уақытта тұрғындарға сапалы қызмет көрсететін «Супер ЦОН» салынады. Ол еліміздегі жетекші орталықтардың бірі болатынына сенімім мол, –  деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов.

Сондай-ақ ол өңірде тұрғындарға қолжетімді және ыңғайлы болуы үшін бір жерден қызмет көрсету бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Жуырда инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша барлық қажетті мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін «Инвестор жолы» қадамдық алгоритмі жүзеге асырылмақ. Облыстағы өзіне-өзі қызмет көрсету орындары мен ХҚКО-лар да табысты жұмыс істеп тұр.

 

 

Осы айдарда

Back to top button