Осинов асуының жолы 2020 жылы бітпеуі мүмкін

2020 жылдан бастап Зырян, Катонқарағай аудандарына, Көгілдір бұғазға баратын жұрт Осинов асуын айналып, жайдақ та төте жолмен жүретін болуы тиіс болатын. Бірақ осы жерде салынып жатқан төте жолдың құрылысы жобада көрсетілгендей 2020 жылы аяқталып бітпеуі әбден мүмкін.
– Бүгінгі күні құрылысты тоқтатып отырған үлкен проблема бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік орман қорындағы жерді тапсырыс берушінің -«ҚазАвтоЖол» АҚ балансына әлі өткізбей отыр. Жер учаскесі былтыр өткізілуі тиіс болатын. Жаз болса ортасынан ауып барады, қыс түскен соң құрылыс қарқыны онсыз да баяулайтыны белгілі, тапсырыс беруші бұл жерді бізге әлі өткізген жоқ. Жаңа жол жобасының 3,5 шақырымдық бұл учаскесіне аса ірі көпір құрылысы салынуы тиіс, бізді қинап тұрған осы мәселе. Мемлекеттік орман қорының осы учаскесіне ұзындығы 175 қума метр, биіктігі 45 метр көпір салынады. Жер учаскесі заңды түрде берілмейінше көпір құрылысын бастауға болмайды. Қазір құрылыс басқа учаскелерде жүріп жатыр. Бұл жердегі ірі көпір құрылысының өзі 20 ай мерзімдік уақытты алады, – деді Өскеменде БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында Осинов асуындағы жол құрылысын жүргізіп жатқан «BI Road Construction» ЖШС директоры Дархан Рахимов.
Жердің берілмеуі құрылысшыларды жіпсіз байлап отыр. Егер биыл жаңа жол басып өтуі тиіс мемлекеттік орман қорының жер учаскесі тапсырыс беруші «ҚазАвтожол» мекемесінің балансына өткізіліп, мердігер құрылыс жұмыстарына кіріспесе, ел асыға күткен Осинов асуының төте жолы пайдалануға 2020 жылы емес, одан кейінгі жылдары мерзімінен кешіктіріліп берілмек.
Осинов асуының жолын салып жатқан мердігер компания «АБК Автодор-НС»ЖШС директоры Айдын Майусов жаңа жолдың жобасын жасауда да көптеген кемшіліктер кеткенін айтты. Жобаны Алматыдағы жобалау мекемесі жасапты. Жол жобадағы рельефке сәйкес келмейді, жобаның нақты жасалмағаны, маңызды көрсеткіштердің долбарланып қана көрсетілгені атқарылатын шаралар мен кететін шығындар көлемін әлдеқайда арттырып жіберген.
Бұдан бұрын жазып кеткеніміздей, Осинов асуындағы шың-құзды өрлеп, құлдилайтын бұрылысы көп, қиын да күрделі жол екі жылдан соң жадағай, тегіс жолға алмастырылмақ. Былтыр басталған асуды айналып өтетін жаңа жолдың құрылысы жүріп жатыр.
Жанаргүл Мұқатай