Қоғам

Қошқарбаевтың Жеңіс туын тіккенін көзімен көрген

Қошқарбаевтың Жеңіс туын тіккенін көзімен көрген

Ұлы Отан соғысының ардагері Зайнелғабиден Оспанов 1918 жылы Күршім ауданы, Маралды ауылында дүниеге келген. Әкесі Сахария Маралды ауылына белгілі емші, сынықшы болған кісі еді.
Зайнелғабиден Сахарияұлы 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, 1941 жылы елге оралады. Алайда, ол келе салысымен, Ұлы Отан соғысы басталып, майданға аттанады. Ол 1941-1945 жылдары екінші Украина майданында, артиллерия полкінің құрамында болады. Украинаны, Беларуссияны, Польшаны фашистерден азат етуге қатысып, майдан даласында үш рет ауыр жараланады. Бірақ әскери госпитальдан шыға салысымен, ұрысқа қайта оралып отырған. Отаны үшін Днепр өзенінен бастап, Эльба өзеніне дейінгі кескілескен шайқастардың бел ортасында жүрген.
Зайнелғабиден Оспановқа Жоғарғы Бас қолбасшы Сталиннің бұйрығымен көрсеткен ерліктері үшін алғыс жарияланады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының 1945 жылғы 9 маусымдағы Жарлығымен «Берлинді алғаны үшін» медалімен марапатталады. Зайнелғабиден ақсақал Берлиндегі ұрыста қазақтың ардақты ұлы Рахымжан Қошқарбаевтың Жеңіс туын тіккен сәтін өз көзімен көрген екен. Сонымен қатар, Беларуссияның Умань қаласын азат ету кезінде жасөспірім бала, қазіргі таңда Беларусь халқының жазушысы Николай Ткаченконы ажалдан құтқарып, полкте өзімен бірге алып жүрген. Зейнелғабиденнің майдандастары сол кезде Николайды «полк ұлы» деп атап кеткен екен.
Соғыс жылдары туралы жазған естелік кітабында Н.Ткаченко өзін өлімнен аман алып қалған қазақ сарбазы туралы баяндайды. Ал 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығында ардагер Зайнелғабиден Сахарияұлы Н.Ткаченконың шақыруымен Мәскеу қаласында өткен мерекелік шеруге барып қайтады. Қызы Мая және немересі Ринатты ерте барған ардагер Қызыл алаңдағы мерекелік шеруге қатысып, майдандас достарымен кездеседі. Кейіннен 1995 жылы Могилев қаласында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған мұражайдың салтанатты ашылуына да шақырту алған.
Зайнелғабиден Оспанов соғыс аяқталған соң 1946 жылы туған елге аман-есен оралып, «Маралды» совхозында зейнеткерлікке дейін ұста болып еңбек етті. Ауылдастары оны шебер ұста және қасапшы ретінде жақсы біледі. Көп жылғы адал еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
Ұлы Отан соғысының ардагері жеті ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан жиырма немере, сегіз шөбере сүйді. Зайнелғабиден Сахарияұлы сонау сұрапыл соғыста алған жарақаттарының салдарынан 1995 жылы дүниеден өткен. Өкінішке қарай, осыған дейін Маралды ауылында ардагерге лайықты құрмет көрсетілмеген. Есімін көшелердің біріне беріп, естелік тақта орнатып қойса, еш артықтық етпес еді.

Әлия Мұқатайқызы

Осы айдарда

Back to top button