ТОП

Оралханның баянын музейге табыс етті

Аудандық мұражайда өте бір мағыналы да ғибратты кеш болып өтті. Оған ауданның белсенді қариялары, өнер, мәдениет саласының қызметкерлері мен ардагерлері  қатысып, осынау мазмұнды іс-шараға куәгер болды.

Көптеген музыкалық аспаптарды шебер меңгерген кәнігі музыкант, белгілі композитор, өзінің тыңдаған жанның жүрек қылын шертетін сазды да назды әндерімен «Шығыстың Шәмшісі» атанған Оралхан Көшеровтің есімі елге кеңінен танымал. Небәрі 42 жасында бақилық болған тума дарынның артында әлі күнге ел-жұртының аузында жүрген 52 әні қалды. Бұл жүректен шыққан асыл туындылардың ешқашан ескірмейтініне, өшпейтініне көзкөргендердің сенімі кәміл.

Осы күні  есімін аудан халқы жақсы білетін талапты өнерпаз, әнші-музыкант Аслан Каконов аудандық мұражайға Оралханның көп жылдар серік болған, өзінің көзі барда хабарсыз кетіп, жұрт жоғалдыға жорып қойған көне баянын табыс етіп, бұл игілікті қадамның соңы кәдімгідей көңілді мерекеге айналды.

– Мен көп жерлерде Орекеңмен бірге жүрдім, – дейді Аслан Идаятұлы.  – Шынымды айтсам, оның сырнайын  көтеріп жүретін қызметшісі сияқты едім. Балғын шағымыз ғой, оған арланып, реніш білдірген кезім болған жоқ, есесіне Оралхан ағамыздың жаңа әндеріне, айтулы кештерде жарқырап көрінген шуақты сәттеріне куә болдым. Осының өзі мен үшін үлкен абырой, шынайы мақтаныш!

1990 жылы Үлкен Нарын ауылында өткен облыстық спартакиадаға екеуіміз бірге бардық. Орекеңнің өнерсүйер қауымның арасында беделінің аса зор екенін сонда байқаған едім. Ол мені жанынан тастаған жоқ, өзі шаршаған кезде ән айтқызып, жиналған жұртпен таныстырып, кәдімгідей құрмет көрсетіп отырды. Кейінірек бір жолыққанымызда ағамыз өзінің талай әнінің шығуына себепкер болған, көп жыл ұстаған баянының жоғалып кеткенін құлаққағыс еткен еді. Содан бұл әңгіме ескіріп барып, ұмытылғандай болған.

Жақында Күршімнің байырғы тұрғындарының бірі келіп: – Аслан, сен Оралханмен бірге көп жүрдің, оның өмір тарихын, өнердегі жолын жақсы білесің. Орекең біздің үйге баяғыда бір келіп, таңға дейін ән салған болатын. Сонда баянын тастап кетіп, қайтадан соқпаған еді. Пендеміз ғой, мен ырымдап, «тәбәрік болсын» деген оймен төрге қойдым да, ешкімге тіс жармадым. Кейінірек кішкентай балалар алып, ары сүйреп, бері сүйреп, сындырып тастапты. Шынымды айтсам, соңғы кездерде «киелі адамның мүлкі мойынға қарыз боп кетер ме екен?» деп уайымға салына бастадым. Сенің музыкадан хабарың бар, осы баянды өзің жөндеп, пайдаланасың ба, әлде музейге өткізесің бе, әйтеуір бір жағына шығарарсың, – деген болатын.

Мен бұл аспапты бірден таныдым, өйткені бетіне жапсырылған жазуының кейбір әріптері түсіп қалған болатын. Көзіме оттай басылған баянды алып, шама-шарқымша жөндедім де, даңқты ауылдасымыздан қалған қасиетті жәдігер ретінде аудандық мұражайға өткізуге бел байладым. Бұл ойымды мәдениет саласының ардагері Бақытхан Өлмесеков ағамызға  айтқанымда, ол кісі қолма-қол құптап, бүгінгі мынау маңызды басқосуға мұрындық болды.

Осыдан кейін А.Каконов көненің көзіндей бағалы жәдігерді Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі Күршім филиалының меңгерушісі Б.Назарбаевқа табыс етті.

– Мен Оралхан ағаны көрген жоқпын, – деді өз кезегінде Бақытбек Бауыржанұлы. – Бірақ ол кісі туралы көп естідім, атағына сырттай жақсы қанықпын. Аслан ағаның бүгінгі қадамын өз басым нағыз ерлікке балап тұрмын. Енді Орекеңнің үлкен портретін орнатып, соның астына мына баянды қоятын боламыз. Сөйтіп, біздің мұражайымыз жаңа да құнды бір жәдігермен толығып отыр.

Бұдан соң мұражай ішінде тігулі тұрған киіз үйдің төріне жайылған қазақы дастарқан басында Оралхан туралы естеліктер айтылып, оның тамаша  әндері шырқалды. Сонымен бірге, кезінде Күршім ауданының әкімі болған Қонысбай Төлеубеков  жолға қойып, қызықты өнер мерекесіне айналдырған «Оралханның көктемі» атты сазгер әндері байқауының ту көтергеніне биыл 20 жыл толып отырғаны да атап айтылды.

Өткеннен естеліктер тірілткен ауылдың беделді  ақсақалдары Д.Тоқтыбаев, Қ.Қырықбаев, М.Тастағанов, Б.Өлмесеков бүгінгі іс-шараның жас буын үшін өте маңызды өнеге болатынын айта келе, Күршімнің бір көшесін әйгілі композитордың атымен атау қажет деген пікірлерін ортаға салды.

Кешке жиналған жұртты ағайынды өнерпаздар Аслан мен Ринат Каконовтар, Мәдениет үйінің әншілері Зейнұр Солтанғұлов, Бақытбек Масалиев, Әдия Шепенова әсем әуенмен тербетіп, оған құлақ қойған өнерсүйер қауым үйлеріне разы-қош көңілмен тарқады.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button