Қоғам

Қос командамыз Шымкенттен жүлделі оралды

Қос командамыз Шымкенттен жүлделі оралды

Шымкентте өткен республикалық жазғы спартакиадада біздің облыстың ерлер және әйелдер волейбол командалары күміс жүлдеге ие болып, жанкүйерлерін қуантты.
Кілең мықтылардан жасақталған аймақтың әйелдер құрама командасы ақтық сында қарағандылық әріптестерімен шеберлік байқасқан. Алайда, қарсылас ұжымның ойыншыларына сәттілік жолдас болып, жеңісті жұлып әкетті.
Есесіне, білікті бапкер Олег Сычев шәкірттері екінші орын үшін өткен кездесуде Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған бәсекелестерін 3:0 есебімен ойсырата ұтып, күміс медальға қол жеткізді.
Қыздарымыздың жеңісті жолын ерлер командасы жалғады. Шешуші ойынға дейін алтын жүлдеден басты үміткер саналған шығысқазақстандық спортшылар финалда жарыс қожайындарын жеңу қажет еді. Бұған қоса Владимир Деревянкодан тәлім алатын біздің жігіттер топтық кезеңде Оңтүстік Қазақстанның волейболшыларымен бір мәрте кездесіп, ұтылып қалған болатын. Сондықтан кеткен есені қайтарып, намысты қолдан бермеуге бар күшті салды. Өкінішке қарай, жергілікті жанкүйерлердің демеу-қолдауынан қанаттанған жергілікті команда Алтайдың етегінен жеткен қонақтарды 3:0 есебімен жеңді. Сөйтіп, облысымыздың ерлер құрамасы да күміс медальды қанағат тұтты. Бұл да жаман нәтиже емес!

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button