Қоғам

Қос бірдей қуаныш

Қос бірдей қуаныш


Жарма ауданында қос бірдей қуаныш орын алды. Тұңғыш Президент күніне орай Суықбұлақ кентінде ауызсу жүйесі іске қосылды. Сол секілді Қалбатауда аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығы пайдалануға берілді. Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрлан Сыдықов қатысып, жармалықтардың қуанышына ортақтасты.

Суықбұлаққаь су келді

Қарашаның соңы Суықбұлақ тұрғындары үшін ақ түйенің қарны жарылған күнмен тең. Олай деуге негіз бар. Тұңғыш Президент күні қарсаңында ауыл халқы таза сумен қамтылды. Нысанның құрылысымен «Жарма-Құрылыс-Газ» мекемесі айналысқан. Жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша іске асты. Жұмсалған қаражаттың мөлшері 300 млн. теңгеге жуықтайды.

– Суықбұлақ ауылы үш ауылдан тұрады. Су мәселесі өзекті бұл жерде. Ауызсуға тарығып жүрген елді мекен болатын. Енді бұл проблемада өз шешімін тауып отыр,- деген Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов нысанның лентасын салтанатты түрде қиды.

Бас мердігер құрылыс жұмыстарына жарты жыл кеткенін айтты. Су құбырының жалпы ұзындығы 20 шақырымнан асады екен. Мұнда облыс көлемінде тұңғыш рет су тұщытқыш қондырғысы орнатылыпты. Сол сияқты ауа алмастыру жүйесі де қолданылған. Ол 60-жылдары қолданыста болған сүзгіш аппаратының орнына келді. Бұл ауаны автоматты режімде жеткізуге мүмкіндік береді.

– Мұнда 150 текше метрді құрайтын екі су қоймасы қойылды. Бұған қоса су кернеуіш мұнарасы орнатылған. Оның сыйымдылығы 50 текше метрге шақталған. Бүгінде су жүйесіне 140-тан аса тұтынушы қосылды. Бұл – ауыл тұрғындарының 50 пайызы. Компания үш жыл кепілдік береді. Осы аралықта қандай да бір мәселе туындаса, оны реттеуге әзірміз. Құрылысқа 50-ден астам қызметкер тартылды. Оның ішінде Суықбұлақ тұрғындары да бар, – деп атап өтті «Жарма-Құрылыс-Газ» ЖШС директоры Виктор Исабаев

Дәл осы елді мекен үшін тіршілік нәрі маңызды еді. Себебі, су мәселесі ауыл жұртын біраз әбігерге салды. Ұзақ жылдар тұрғындар ауызсуға тарығып, жан бағудың өзі қиындап кеткенін жасырмады. Тіпті, бұл өңірді тастап, халық көшуге дайын тұрған екен. Әйтсе де, атқарушы биліктің ықпалымен күрмеулі мәселе шешімін тапты. Бұған Суықбұлақтағы ағайын дән риза.

– Жарма ауданының әкімі Нұрлан Бәтташұлына, депутат Нұртай Сабильяновқа және су құбырын салған құрылысшыларға ауылдың атынан рахметімді айтамын. Еңбектері жансын. Қазақта айтады: «Су бергеннің сауабы бар, су төккенің жауабы бар», – деп. Бізде осы су құбырын игілімізге ұстауға тырысамыз, – деп осы айтулы күнге мұрындық болған азаматтарға Суықбұлақ ауылының тұрғыны Сағатбек Қасымов алғысын жеткізді.

Бұл пікірді ауылдың тағы бір тұрғыны Айбүбі Төлеуханқызы қуаттай келе, енді су іздеп көрші ауылдарға барудың қажеті жоқ екенін тілге тиек етті.
– Бұрын суды жан-жақтан таситынбыз. Гордорстройдан алатынбыз. Құдық болған. Ішетін суды тау жақтан тасып жүрдік көлікпен. Енді үйден ағып тұр жақсы болды. Қуанышымызда шек жоқ, – деді А.Төлеуханқызы.

Айта кетерлігі, 21 шаңыраққа су құбыры тегін тартылды. Олардың дені әлеуметтік аз қамтылған отбасылар. Сонымен қоса, 61 есептегіш құрал әкімдікке берілді. Алдағы уақытта бұл құрылғылар көмекке мұқтаж жанұяларға табысталмақ.

Орталық іске қосылды

Мерекеге орай Жарма өңірінде тағы бір игілікті іс орын алды. Аудан орталығы Қалбатауда аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығы іске қосылды. Осыған дейін арнаулы мекеменің өз ғимараты болмаған екен. Тек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде шағын бөлме ғана қарастырылыпты. Алайда, оның өзі тарлық еткен. Бұл жағдайға қаныққан аудан билігі мәселені шешуге кіріскен. Нәтижесінде Қалбатаудың орталығынан құны 10 млн. теңгеге бос ғимарат сатып алынды. Оған қосымша 4 млн. қаржы бөлініп, нысан күрдеулі жөндеуден өткізілді.

– Өздеріңіз көргендей іші қандай әдемі, жарық әрі таза. Әсіресе, балалар риза. Олардың ата-аналарының көңілінен шығып отыр. Дәл осындай ғимаратты біз былтыр Шар қаласында ашқанбыз. Мұнда өзінің ұжымы бар. Басқа да іс-шаралар осында өтіп жатады. Аудандық іс-шараларға мүмкіндігі шектеулі балаларды қосып отырамыз. Мысалы, үлкен концерттерде олардың арасында өлең айтатындары болуы мүмкін. Немесе жиын-шараларда балаларды залдың алдына отырғызып қоямыз. Балаларға көмек көрсетуге міндеттіміз, – дейді Нұрлан Бәтташұлы.

Қос бірдей қуаныш

Орталықтың көмегіне әсіресе, кембағал жандар мұқтаж. Мұнда 25 адамға жартылай стационарлық қызмет көрсетуге мүмкіндік қарастырылған. Қызметкерлердің саны 12 адамды құрайды. Олардың қатарында логопед, психолог, дене-шынықтыру мұғалімі және тағы да бірқатар мамандар бар. 17 кабинеттің барлығы қажетті керек-жарақпен қамтылған деп тілге тиек етті мекеменің директоры Құрма Түлеубаева.

– Іс-шараларға қатысып, бірі-бірімен танысып жүрген балалар ашыла түседі. Психологиясы да, тәрбиесі де өзгереді. Сондықтан бұл жерден көп нәрсеге үйренеді деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз – балаларды қоғамға бейімдеу, – деген орталықтың директоры Қ.Түлеубаева аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі 76 бала бар екенін нақтылады.

Қос бірдей қуаныш

Әлеуметтік қызметкерлердің жұмысына қалбатаулық Ләйлә Жамалиқызы өз разылығын білдірді. Кейуананың 28 жастағы немересінің диагнозы – дауна сырқаты. Ол осы орталық ұрпағының қоғамға сіңісуіне сеп болатынына сенімді.

– Мұнда келгеннен кейін балалардың танымы кеңейе түседі деп ойлаймын. Жақсы жабдықталған. Бірінші рет көріп отырмыз. Былтыр Шарда ашылған еді. Енді біздің қуанышымызда шек жоқ. Биыл Қалбатауда ашылып отыр, – деп өзінің ойымен бөлісті Қалбатау ауылының тұрғыны Ләйлә Мағзұмбаева.
Шара барысында жергілікті меценаттар мекемеге арнайы сыйлықтарын табыс етті. Өз кезегінде өмірге құштар жандар өнерлерін ортаға салып, келген қонақтардың қошеметіне бөленді. Жаны ерек адамдардың арасында, сондай-ақ спортта біраз белестерді бағындырған саңлақтар да жоқ емес. Мәселен, жуырда Польшаның Румия қаласында армрестлингтен Әлем чемпионаты өткен болатын. Айтулы байрақты додада қос жармалық Қуандық Бейсембаев пен Зарина Примак тұғырдың биігінен көрініпті.

– Ата-аналарымыз, ағайындарымыз көмектесіп жарысқа барып келдім. Барлық азаматтарға денсаулық тілеймін. Қандай жағдай болсын мойымау қажет. Алдағы уақытта Әлем чемпионы болуды көздеп отырмын, – деді Әлем чемпионатының жүлдегері Қ.Бейсембаев.

Зарина Примактың бұл спортты серік еткеніне көп уақыт өте қоймапты. Әйтсе де, осы аралықта ол кәсіби саңлақтардың өзі жете бермейтін нәтижелерге қол жеткізді.

– 40-тай жуық мемлекет қатысты. Сонда бірінші орын алдым. Қол күреспен айналысқаныма бір жарым жыл болды. Бұған дейін облыстық, республикалық жарыстарда өнер көрсеттім. Сонымен қатар, халықаралық жарыстарға да шығамын. Биыл Әлем біріншілігіне екінші рет қатыстым. Оның алдында күміс медаль ұтқан едім,- деп атап өтті Әлем чемпионы З.Примак.

Бұдан өзге, Әуезов кентінде құны 30 млн. теңгеге дәрігерлік амбулатория қайта қалпына келтірілді. Күрделі жөндеу жұмыстарын Бақыршық кен байыту комбинаты қаржыландырған. Тұтастай алғанда Жарма өңірінде игілікті істер мұнымен тоқтап қалмақ емес.

Жақсылық Мұратқали
Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button