Қоржында – төрт алтын медаль
Өскемендік ескек есушілер Таиландта өткен Азия чемпионатында тамаша нәтижеге қол жеткізді. Құрлықтың кіл мықтылары бас қосқан додада жерлестеріміз төрт алтын медальға ие болды.
Жалпы, Таи еліне аттанған шығысқазақстандық ескек есушілердің бірде-бірі жүлдесіз қалмағаны қуантады. Атап айтқанда, каноэдан ерлер арасындағы жарыста Қуаныш Еренғайыпов, Валерий Широков пен Павел Зиновьев үштігі үшінші орынға ие болса, жекелей қайық сайысында Волков, Широков және Зиновьевтің командасы екінші орынға табан тіреді.
Жерлестеріміз жекелей жарыстарда да үздіктер қатарынан көрінді. Мәселен, каноэдан ерлер бәсекесінде Қуаныш Еренғайыпов қарсыластарынан оқ бойы озық шықса, 18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы қайық жарысында Ксения Кондратенкоға тең келер ешкім болмады. Сондай-ақ, Павел Зиновьев (қайық, 23 жасқа дейінгі ерлер, бірінші орын), Егор Очаковских (каноэ, 18 жасқа дейінгі ерлер, бірінші орын) пен Камилла Сафинаның (каноэ, 18 жасқа дейінгі қыздар, екінші орын) да жетістіктерін атап өткен абзал.
Тағы бір айта кетерлігі, Таиландтағы байрақты бәсекеде алғаш рет C2mix дәрежесі бойынша жарыс ұйымдастырылды. Бұл сайыста да біздің жерлестеріміз жүлдеден құр қалған жоқ. Қуаныш Еренғайыпов пен Эльвира Галкина жұбының еншісінде екінші орын.
Сәрсен Қабылым