Орыс ғалымдарын мойындатқан Қожанов жайлы не білеміз?
Марқа өңіріндегі Жаңауылдағы Ленин атындағы орта мектепті 1957 жылы үздік бітірген жігерлі бозбала Кеңесхан Қожановтың алдында бұл тұста алға шақырып сан тарау жолдар жатыр еді.
1959 жылдан бастап Тәжікстанда үш жыл бірге әскерде болып, кейін әскерден оралысымен, 1962 жылы Семейдің зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына түсіп, екінші курстан бастап лениндік стипендиат атанды. Бірге оқыған курстастары айтқан мына бір детальді келтіре кетейік: химия пәнінің оқытушысы Пауэр деген мұғалім 350 студенттің арасында тек Кеңесханға ғана «5» қояды екен. Ал: «Химияны 5-ке тек Менделеев қана меңгерген, мен 4-ке ғана білемін» дейтін профессордың «жақсы» деген бағаны өмірі ешбір студентке қимағанын, «үшпен» ғана шектелетінін ескерсек, кейіпкеріміздің қандай талантты, талапшыл студент болғандығын өзіңіз байқай беріңіз.
Төртінші курстан бастап институт комсомол ұйымының хатшысы, ал әскерде бірге жүрген досы күршімдік Қабдырахман Аманов кәсіподақ комитетінің төрағасы болды. Айта кетейік, осы достықтары Кеңес аға өмірден озғанша жалғасты. Екеуі де қатар үйленді. Балалары да кейін ағайындылардың балаларындай болып бірге өсті. Кейін Қабдырахман ұзақ жылдар Күршім ауданының бас мал дәрігері болып қызмет атқарды. Кеңесхан ғылыми жұмыстар жасап жүргенде, Күршім ауданының алты кеңшарында былайғы жұрт «ЛСП» деп білетін емдеу-санитарлық пунктін ашқызып, малдың өкпе ауруын оттегімен емдейтін емдеу тәсілін енгізіп, соның арқасында мемлекеттің мыңдаған бас малын аман алып қалып, қатарға қосқанын Қабдырахман досынан естідік.
Cонымен, ол 1967 жылы институтты кілең беске, яки, қызыл дипломға бітіріп шығады. Содан кейін оның ғылыми жолы жалғасты. 1978 жылы доцент атанып, кафедра меңгерушілігіне ұсынылды. 1995 жылы «Мал патологиясы, онкологиясы және морфологиясы» мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғайды.
Бүгінгі шәкірт Кеңесхан Қожанов жазған дәйектемелер, ветеринария ілімін игеруге арналған ғылыми мақала, ұсынымдар, оқулықтарды ықыласпен оқып жүр. Ал мұндай қазақ тілінде өте сауатты, тартымды, ұғынықты жазылған оқулық бізде аз. Аз болғандықтан, республиканың басқа оқу орындары кейіннен сол оқулықты көріп, өздері тапсырыс беріп, қаншасын қайта бастырды.
Профессор Кеңесхан Қожанов 1997-2007 жылдары Қазақтың Ұлттық аграрлық университетінің (Алматы) жанындағы докторлық диссертациялық кеңестің мүшесі болды. Кеңес мәжілістерінде жарқырай көрініп, ғылыми мамандар даярлауға үлкен үлесін қосты. 2000-2003 жылдары университетте ашылған диссертациялық кеңестің төрағасы қызметін ойдағыдай атқарды.
2006 жылы Новосібірдегі ғылыми-зерттеу институтында болғанында, ондағы ірі ғалымдардың өзі: «А вот мы и живого Кожанова увидели!», – деп таңданысқа толы дауыспен айғайлап жібергендері бар. Бұл профессор Қожановтың осы саладағы бүкіл еңбегін қадағалап отырған орыс ғалымдарының оның үлкен табыстарын мойындауының белгісі еді. 2007 жылы Алматыдан ғалымның ең үлкен мақтаны – «Ветеринарлық фармакология» деп аталатын 25 баспа табақтық көлемді кітабы жарық көрді.
– Шығыс Қазақстанда тек бір ғана алтын тамырдың он шақты түрі өседі. Жеріміз неткен бай еді! Алтай тауларында өсетін алтын тамырдың қасиеттері басқа өңірдегіден күштірек екендігін ғалымдар баяғыда анықтаған,-деп тамсана айтып отыратын Кеңес аға 2010 жылы қызы Сәуле екеуі бірлесіп «Фитотерапия» атты кітабын жарыққа шығарды.
Бірде Кеңес ағам маған мынандай бір әңгіменің ұшығын шығарды:
– Бірінші курста, бір топта, мектепті жаңа ғана бітірген бүлдіршіндей, талдырмаш кішкентай қыз бірге оқыды. Ә дегеннен өз мамандығын дұрыс таңдай алмай, адасып келіп түскен студент екендігі білініп тұрды. Топтың жиналысында аздап ұрсып қоямыз. Сол қыз екінші курста мұғалімдер институтына ауысып, құлағымыз тыныш болғандай еді, арада көп уақыт өтпей, бір күні қарасам, институттағы би кешіне келіп, мені биге шақырып тұр. Биден кейін бала кезден құлын-тайдай тебісіп бірге өскен досым Бекен Мамыров екеуіміз жаңағы қызды дос қызымен үйлеріне шығарып салдық. Сол қыз – сенің осы күнгі жеңгең Гүлзейнеп Нұржанқызы Мұсабаева еді.
Осылайша екеуі екінші курста оқып жүргенде «жүре бастапты». Семейдің түнгі көшесінде келе жатып:
Қанаты қарлығаштың қара қасың,
Аққудай суға түскен таранасың.
Жүзіңе бейне толған ай сияқты,
Құмартып қандай жігіт қарамасын?! – деп өлең оқиды, небір тақырыпта сырласады. Орысша өскен Гүлзейнеп осы өлеңнің өрнегін онша түсінбейді. Арасында әдебиет жайы да сөз болады. Бұл шақта Томас Манн, Эмиль Золяны түк қалдырмай оқып қойған қаланың қызы Гүлзейнеп-Светаға Кеңесхан: «Ал сен Драйзерді оқыдың ба?»- деп қарсы сұрақ қояды. Гүлзейнеп ойлайды, «Өзі ауыл мектебін бітірсе, өзі әскерден жаңа келсе, батыс әдебиетін қашан оқып үлгерді екен?!»-деп.
Анау алыс Марқакөлдің Жаңауыл деген жерінде Ленин атындағы үздік мектеп болғанын, ол мектептен бүкіл қазаққа әйгілі болған талай танымал азаматтар өсіп шыққанын, осы мектепті алтын медальға бітірген Кеңесхан да солардың бірі екенін Гүлзейнеп кейін білді ғой.
Гүлзейнептің нағашы атасы Ыбыш Мұсабаев жиырма бес шақты жақын туысқанын ашаршылық жылдары ет комбинатының ішек-қарнымен жалғыз асырап, аман алып шыққан тұрқы бөлек, болмысы кесек қазақ болған. Атақты революционер, Кеңес өкіметін құруда көп еңбек сіңірген кісі. Түрксіб теміржолы құрылысының бел ортасында жүрген адам.
Қазіргі Семейдің орталығы тұсында тұрған «Он екі ай» деп аталатын сауда үйінің орнында жер үйлері болды. Бір күні балалықпен қолындағы тоқашын лақтырып жібергенде, атасы қатты ренжіп, қолынан ұстап жетектеп алып келіп, нанды көтеріп жатып: «Қарашы жан-жағыңа, халық жертөледе тұрып жатыр, елдің жағдайы мәз емес, әлі түзелген жоқ, ал сен мынандай қылық жасайсың»,-деп кейігені Гүлзейнептің әлі көз алдында.
Ол кісі жиырма жылдай Семей облыстық қамсыздандыру бөлімін басқарды. Кейін қазақтың алғашқы дипломды мұғалімдерінің бірі болған Қажыгелдінің ұлы Мағжан Орынбаев ағаның айтатыны бар: «Оқу оқымаған, бірақ табиғи дарыны, зейіні керемет еді, жасайтын баяндамасын бізге бір-бір оқытып алып, жадына жатталып қалғаны бойынша, күнделікті мысалмен тұздықтап мүдірмей айтып шығатын»,-деп.
Сол Ыбыш ақсақал бәйбішесі Бибіғайша екеуі адам төзбес қиыншылықтарда бір-біріне сүйеу бола білді, отбасының жақсы қасиеттерін ұрпақтан-ұрпаққа қалдыруға тырысты. Атасы талай рет өлім мен өмір арасында болғанда, тура келген ажалдан тек өзінің адалдығы мен батырлығы сақтап қалғанын айтып отыратын. Кейін атақты дәрігер Алаш Қозбағаров жасы ұлғайып қалған шағында Кеңесханмен бір кездескенде, өзінің еңбек кітапшасындағы кеңес қызметкері Ыбыш Мұсабаевтың қолы қойылған бетін көрсетіп тұрып:
– Бұл қол маған аса қымбат. Соғыстан кейін әкесі Алашорданың мүшесі деп мені еш жерге жұмысқа алмады. Мәселе обком бюросында қаралды. Сонда тек сенің атаң ғана ешкімнен жасқанбай, өз ойын ашық айтып, ертеңнен бастап мені ВТЭК-тің бастығы етіп қызметке алатынын білдірді. Солай болды да, – деп еді.
Қайын атасы, жалынды қайраткер Ыбыш ақсақалдың осы адами мінезі Кеңесте те бар болып шықты. Аспирант кездерінен бастап айырылмас дос болған ғалым Бидахмет Райысұлы:
– Көзі тірісінде ешкімге қастық пен жамандық ойламаған, керісінше, өзінің аяғын шалған адамдарға кешіріммен қараған, біреуді сыртынан ғайбаттап, өсек-өтірік айтып көрмеген жаны сонша таза адам еді ғой біздің Кеңесхан. Жалпы, жан-жақты талант иесі еді. Жасы жетпістен асқанша волейболды қатты ұнатып ойнады. Той-томалақта бас қосқан кезде өзінің қоңыр дауысымен «Маралдым», «Қалжыр вальсі», «Ертісім» әндерін нақышына келтіріп айтушы еді, – дейді.
Ыбыш ақсақалдың қызы Жұмаш 1982 жылы қазақтың халық жазушысы Дихан Әбілевпен тұрмыс құрып, жиырма бес жылдай тату-тәтті отасты. Дихан-баба 2003 жылы, жүзге тақағанда қайтса, Жұмаш апа 2011 жылы қайтыс болды. Жұмаштың алғашқы жары, Гүлзейнептің әкесі Нұржан кезінде Одақ көлемінде ірі қызметте болған кісі. Жұмаш та жауапты қызметтер атқарған, қазақ қыздарының ішінен парашютпен алғаш әуеден секірген батыл қыздардың бірі.
Дихан-бабаның Кеңесхан мен Гүлзейнепке арнап жазған мынандай өлең шумақтары бар:
Бағалаймын сүйікті Кеңесімді,
Бағалайды ол сүйкімді кеңесуді.
Асыл жары Гүлзейнеп мінезі де,
Кеңестің мінезімен тел өсулі.
Жалпы, Кеңесхан мен Гүлзейнептің ұлдары Совет Ыбыш ақсақалдың қолында өсті. Совет те алдымен институтты, сосын магистратураны үздік бітірді. Амал не, Совет те әкесінің қазасына бір жыл толмай жатып дүниеден озды. Бір шүкіршілігі, немерелері Диана мен Милана жоғары білім алып, қазір түрлі салаларда қызмет атқарып жүр.
Қыздары Сәуле Семей мединститутын қызыл дипломмен бітіріп, Мәскеудің І медакадемиясының аспирантурасын аяқтап, жиырма бес жасында сол қалада кандидаттық диссертациясын қорғады. Қазір Семей медакадемиясында кафедра меңгерушісі. Күйеубала Лакшми екеуі екі бала тәрбиелеп отыр.
Лакшми – нағыз үндінің жігіті. Семейдің мединститутын бітіріп, бүгінде дәрі-дәрмек саудасымен айналысатын дәріханалар желісінің иесі. Өзі бір асқан биязы, жайдары, туысшыл жігіт. Орысшаға жетік. Ағылшыншасы одан да жақсы көрінеді. Қазақша ептеп сөйлеседі.
Бір кездескенде: «Лакшми, сенің аттасың Миттал – дүниежүзіне есімі белгілі асқан бай адамдардың бірі. Жерлесің ғой, Қазақстанға келіп-кетіп жүргенде кездеспейсің бе, сұрамайсың ба бірдеңе?» – дедім «қазақы» қалжыңға жығып.
– Мен сізге бір қызық айтайын, – деді күйеубала. – Халқының саны 1,2 миллиардға жетіп жығылатын Үндістанда осы Митталдармен жақын тұрдық десем, сенбессіз. Делиден 300 шақырым қашықтықтағы қалашықта туып-өстім. Әке-шешем күнібүгінге дейін сол жерде өмір сүріп жатыр. Митталдың отбасын, аға-бауыр, қарындастарын жақсы білемін. Семейге оқуға келгенге дейін солардың компаниясында жұмыс та істедім. Әкесінің үйі біздің үйден 20 шақырымдай жерде ғана еді.
Осы күйеубала Лакшмидің әкесі Кеңесхан құдасының үлкейтілген фотосын құрметтеп төрге, биікке іледі. Кейде «қызып» алғанда: «Делиге неше шақырғанда келмедің, немерелерімді көрсетпей қойдың!» – деп «ренжіп», фотоны тұрған жерінен алып тастайды да, ертеңінде сауыққанда қайта орнына іліп қояды екен. Құдды өзіміздің ауылдағы ақкөңіл ағаларымыздың қылығы.
…Кеңес ағаның туған әкесі Қожанның руы – Марқа өңірін мекен еткен қалың Қожамбеттің ішінде Мысқал руы. 1941 жылы, бір жасында соғысқа кетіп, қайтып оралмады. Анасы Зағизаның бар арманы – атадан жалғыз ұлды қалайда аман-есен өсіру болды. Бір қызығы, оның тегі Кеңесхан Нұрғалиұлы Қожанов болып, әкесі мен атасының орны ауысып жазылған.
Бірде Семейдің орталық паркінде кездесіп қалып, ел мен жер туралы әңгіме қозғағанда, Кеңес ағам:
– Мысқалдың қыс-қыстауы Марқа төсіндегі Керейбай, Шарықты, Арғынбай, Байшуақ, Нарбота, Тоқсанбай, Тегістік, Тақыр, Шымболат, Үркіш болса, күзгі қонысы – Қаракөбен, Сарыкөбен, Қаражартас, Балақалжыр, Қаршыға, Доланбай да, ал жаз-жайлауы Қоңыржайлау, Қызылтас, Сарытаудың етегі, Құлынкеткен, Абыз деп аталады. Ал екінші әкем Темірханның руы – Қожамбет ішінде Жәлменбеттің атақонысы – Күнгей Бөкенбай, Ырсақ, Шілік, Шұқын, Бекжан, Қарағаш, Жантай, Әулиебұлақ, Өртеңсай, Шүршіт, Қия, Атымтай, Атантай деген мекендер еді,- деп жер аттарын жатқа соғып отырғанын естігенде, әрі ол кісінің осындай мықты жадысына таңғалып, әрі бала кезден құлағыма таныс жер атаулары қол бұлғап алыста қалған тәтті балалық шағыма сапар шеккендей болғанмын.
Сол жолы:
Кең жайлау, неткен әсем мұнша маңың?!
Аймалап беттен сүйіп тұр самалың.
Қарсы алып жан-жағымнан жүгірердей,
Қарағай, қайың, арша, шыршаларың, – деген өлеңді Кеңес ағаның қойын дәптерінен жазып алып едім. Өзі таңдаған ғылым саласына ғана емес, әдебиет пен тарихқа да жүйрік ағаның дәуде болса өз өлеңі шығар-ау деп ойладым.
PS.: Туған жері – Марқакөліне деген кіршіксіз асыл сезіміне қаяу түсірмей өткен Кеңесхан Қожанов 73-ке толар шағында, 2013 жылдың тамызында дүниеден озды.
Сайлау Төлеуов
Семей.