Орынбордан келген қыз істің орайын тапты

Күзде қос «КАМАЗға» тиеліп, Алтай өлкесінен Жарма өңіріне жеткізілген қазақтың ақбас сиырларын бағып жатқан «Елена» шаруа қожалығы Жаңа жылға үлкен үмітпен қарап отыр. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несиеге алған асыл тұқымды сиырлар келер көктемде алғашқы төлін беріп, қожалықтың бір басы екеу болып қана қоймай, күзге салым шаруашылық алғаш рет ет өткізуге кіріспек.
Далада 34 градус сақылдаған сары аяз. Буы бұрқырай төгілген шөпті қарби жеген бір табын ірі қара шұнақ аязды елемей, алдарындағы астан бас алмауда.
– Неше күннен бері қатты аяз қысып тұрғанымен, қыстан қысылып отырған жоқпыз. Малдың тамағы тоқ, артығымен жетеді. Өзіміздің шабындық жеріміз бар. Осы малға қажетті шөпті жаздай молынан даярлап алдық. Жемді сатып алып отырмыз. Мал шаруашылығымен 2014 жылдан бастап айналысып келемін. Шаруашылықта 12 адам жұмыс істеп жатыр. Жазда тауының беткейі бүлдіргенге тұнған, етегінде бастауы сарқыраған Сарыарқа жайлауына шығамыз. Үш күн жүріп көшіп барып, киіз үй тігіп отырамыз… – деп бастады әңгімесін мал-жанның амандығын сұрасқан бізге «Елена» қожалығының иесі Елена Закимова.
Белтерек ауылындағы қожалық биыл жазда Өскемендегі ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының филиалы арқылы несие рәсімдеп, күзде сол ақшаға Ресейден 47 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырларын алып келген. Қор арқылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша алған несиенің сыйақы мөлшерлемесі 14 пайыз болғанымен, оның 10 пайызы мемлекеттен субсидияланады. Елена сыйақы мөлшерлемесінің төрт пайызын ғана өзі төлейді. Оның үстіне, несиені екі жылдан соң ғана қайтара бастамақ. Бағдарлама шарттарына сәйкес алғашқы екі жылда шаруашылыққа демалыс беріліп, несие төлеуден босатылады. Сонымен бірге шетелден әкелініп отырған асыл тұқымды малдың әр басына 225 мың теңге төленіп отыр. Бағдарламаның ауыл қожалықтары үшін тағы бір тиімді тұсы – күзде еркек малды етке өткізгенде, тапсырылған еттің әр келісіне 200 теңге субсидия және беріледі.
Елена тез қоңданып, салмақ қосатын асыл тұқымды ақбас сиырлардың төлін өсіру қазіргі күні ауыл кәсіпкерлеріне табыс көзі боларлық ең қолайлы кәсіп деп біледі. Шекара асып келді дегені болмаса, бұл сиырлар 20-шы ғасырдың ортасында өзіміздің қазақы, қалмақ және герефорд тұқымдарын қосып алынған аралас тұқым екен. Сегіз айда бұзауы 240 келіге жетеді. Қожалықта күзде сатылып алынған ірі қарамен қосқанда 260 бас сиыр, 800 бас қой, 200-ден астам жылқы өсіріліп жатыр.
«Елена» қожалығының иесі Еленаның да, шаруашылықтың басқарушысы Ахметхан Бөлекжановтың да мамандығы – ветеринар. Семейдің зоовет институтының түлектері малды бағуып-күтудің жай -күйін бес саусақтай біледі. Ұлты татар Елена Семейге бір кездері Ресейдің Оренбург өңірінен келіп оқыпты. 1980 жылы сол қалада, сол «зооветте» жолдасы Қайырғазымен кездесіп, осы ауылға келін боп түсіп, бүгінде отағасы екеуі бес баланы өсіріп-жеткізіп, немере сүйіп отыр. Орынбордан бірауыз қазақша білмей келген Елена қыз қазір істің орайын тауып мал өсіріп, қожалығымен қазақ ауылының тіршілігін қайнатып, қара шаңырақтың да, ауылдың да берекесін кіргізіп отырғанын көрдік. «Орысша сөйлесем, тіпті тілім күрмеліп қалатын болыпты», – дейді күліп.
ҚОРДЫҢ ҚАРЖЫСЫ НАУРЫЗДАН БАСТАП БЕРІЛЕДІ
Осының алдында газетімізде жазып кеткендей, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының бұрынғы директоры Кенжебаев тұрғындарды алдап, қор қаржысын жеке басына пайдаланып, сотталып кеткен болатын. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Аудандарға іссапармен барғанда, Зайсан, Тарбағатай аудандарының кәсіпкерлері, тұрғындары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» филиалы арқылы несие ала алмай, ауданға, қалаға сандалып жүргендерін де сан рет айтып, алаңдаған болатын. Биылдан бастап қордың облыстық филиалына жаңадан директор келіп, күрделі жағдайлардың күрмеуі шешіле бастапты. Филиалдың жаңа басшысы Данияр Үсіпбеков филиал мамандары жұмыс істеу жүйесін өзгертіп, алдын-ала жасалған кесте бойынша әр ауданға барып, өтінімдерді жинап, өтініш берушілермен бетпе-бет кездесіп, несие алуға кедергі келтіретін құжаттарды рәсімдеу, кепілдікке қойылатын мүлік құжатын реттеу мәселелері сияқты жайттарды жергілікті жерде шешіп, халықтың қаржылай қолдауға қол жеткізуіне барынша оңтайлы жағдай жасауға тырысып жатқандарын жеткізді.
Данияр Үсіпбеков, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры:

-Биыл әсіресе Үржар, Ұлан, Зайсан, Тарбағатай аудандарының тұрғындары көп мөлшерде шағын несие алды. Жыл аяғы болғанына қарамастан, біз ауыл тұрғындарынан несие алуға өтінімдер қабылдап жатырмыз. Жаңа жылда шағын несиені ерте, қаңтар, ақпаннан бастап бере бастаймыз, биыл мамырда басталған. Қор филиалы арқылы жүзеге асырылып жатқан жаңартылған «Сыбаға» бағдарламасымен аудандардағы шағын шаруашылықтар, кәсіпкерлер, ауыл тұрғындары несиеге шетелден ірі қара малының аналық басын және өз елімізден ұсақ мал сатып ала алады. Бұл бағдарлама шетелге ет экспорттауға мүмкіндік беретіндей өзге облыстардан, өңірлерден әкелінген асыл тұқымды, соның ішінде тез салмақ қосатын шетелдік ірі қара мал басы тұқымын көбейтуге бағытталған. Етті бағыттағы жас мал бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарына тапсырылып, әрі қарай шетелге экспортталады. Осы уақытқа дейін біздің облыста 1,7 млрд. теңгенің 52 жобасы қаржыландырылды. Яғни, жеңілдікпен беріліп жатқан несие қаржысына өңірдегі 52 шаруашылық шетелден асыл тұқымды мал сатып алды. Алдағы уақытта өңір шаруашылықтары шетелден тағы да үш мыңға жуық ірі қара әкеледі.
Жаңартылған «Сыбаға» бағдарламасы бойынша қор шаруашылықтарға 15 жылға 70 млн. теңгеге дейін несие бере алады. Пайыздық сыйақы мөлшерлемесі жылына 4 пайыз болып төмендетілген. Бұл бағдарламаның басты артықшылығы – кепілдікке несиелік қаражатқа сатып алынатын мал мен техниканы қоюға болады. Бүгінгі күні «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ШҚ облыстық филиалының несие қоржыны – 8,4 млрд. теңгені құрап отыр. Қор филиалы арқылы 3,2 мың ауыл тұрғыны несие алып отыр. Несие алушылар саны әсіресе соңғы жылы бір жарым есе өсті. Филиал 2018 жылы барлық несие бағыттары бойынша 4 млрд. теңгеге 800-ден астам несие берді.

Биыл етті мал шаруашылығын дамыту үшін облыс шаруашылықтарына Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2,3 млрд. теңге бөлінді. Келер жылы да осындай көлемде несие берілмек.
Сонымен бірге қазіргі күні «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалы арқылы ауыл тұрғындары мен ауыл қожалықтарына, шаруашылық құрылымдарына «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша шағын несие беріліп жатыр. Ауыл тұрғындарына өз кәсібін, бизнесін ашу немесе кеңейту үшін. Биыл бұл мақсатқа қордың облыстық филиалы арқылы 2,4 млрд. теңге бөлінген. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша несиелер түрлі мақсатқа, жылына 6 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен беріледі. Тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7 пайыздан аспайды. Несиелердің сомасы, мерзімі, жеңілдік немесе демалыс кезеңі әр бағытқа байланысты әртүрлі. Аталған бағдарламамен ағымдағы жылы 734 ауыл кәсіпкері, тұрғыны қор филиалымен 2,4 млрд. теңге шағын несие алған.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалы арқылы «Сыбаға» бағдарламасынан басқа ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарына келесідей несие ( бастылары) түрлері беріледі :
«Игілік» – ірі қара мал, ұсақ мал, жылқы, түйе, басқа да үй жануарларын сатып алуға бағытталған. Бұл несие түрі бойынша биыл 1,8 млрд. теңгеге 660 несие беріліп, 703 адам кәсіп ашып, жұмыспен қамтылған.
«Кәсіпкер» – ауылдық жерлерде бизнестің барлық түрлерін ашуға және кеңейтуге бағытталған. Биыл бұл бағытта 129 млн. теңгеге 33 несие берілген.
«Ырыс» – отбасылық сүт фермаларын ашуға бағытталған. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалы мамандарынан кеңес алу үшін 8 ( 7232) 203-418 телефонына хабарласуға болады.
Жанаргүл Мұқатай