Мәдениет

«Ортеке» ЮНЕСКО тізіміне енді

Қазақтың екі бірдей мәдени мұрасы ЮНЕСКО тізіміне қосылды. Бұл – еліміздің жоспарлы даму жолында жасалып жатқан мақсатты қадамдардың бірі. Өйткені ел Президенті: «Қазақстанды халықаралық аренада бірегей ұлттық мәдениет пен бейбітшілік, төзімділік, келісім мен ізгілік елі ретінде ілгерілететін боламыз» деген болатын сайлауалды бағдарламасында.

Әлемдік мәдени мұралар тізімін жыл сайын толықтырып отыру – ЮНЕСКО үшін дәстүрлі үрдіс. Биыл бұл ұйымның тізіміне қазақтың екі бірдей мәдени мұрасы қосылып отыр. Олар – «Ортеке» дәстүрлі орындаушылық өнері мен Қожанасырдың ауызша фольклоры.

Аталған қазақтың рухани мұрасы Марокко елінде өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетінің 17-ші сессиясында адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енген.

Ортеке – домбырашының саусағына жіппен байланған таутекенің ағаш мүсіншесі қолданылатын өнер. Қазіргі уақытта түркілердің бұл ежелгі өнері қуыршақ-музыкалық мәртебеге ие, өйткені мұнда көркем шығармашылықтың бірнеше түрінің синтезі байқалады, олар – сәндік-қолданбалы өнер, музыка, би және қуыршақ жүргізу өнері. Ортеке – жай ғана би емес, көрерменнің көз алдында өрбитін тұтас оқиға.

Ал Қожанасыр – жалпақ жұртқа таныс кейіпкер. Тіпті түгел түркі халықтарына ортақ болғандықтан Қазақстанмен бірге Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан қатарлы түркі мемлекеттері де енгізді.

Осыған дейін ЮНЕСКО-ның репрезентативтік тізіміне қазақтың мәдени мұрасы есебіндегі 11 элемент енгізілген. Алайда оның барлығы дерлік қазақтың меншігіндегі мұра емес. Атап айтқанда «Домбыра күй өнері» 2014 жылы енгізілсе, «Қазақ күресі» 2016 жылы ұйымның тізіміне қабылданды. Ал «Асық ату ойыны» 2017 жылы, «Қазақ жылқы өсірушілерінің көктемгі мерекелік салт-дәстүрі» 2018 жылы қазақ мұрасы ретінде енген болатын. Бұдан өзге жеті элемент бірқанша мемлекетке ортақ мұра ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген. Олар – «Киіз үй», «Айтыс», «Наурыз», «Қатырма», «Қорқыт ата», «Тоғызқұмалақ», «Құсбегілік» сынды түркітектес ұлттарға ортақ мұра.

 Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button