Қоғам

Ортасынан қақ бөліп, ошақтағы отқа тастады

Ортасынан қақ бөліп, ошақтағы отқа тастады


Ана бір жылы Күршімде қатты құрғақшылық болды. Тек анда-санда ғана болар-болмас жаңбыр тамшылайды. Бірақ бұл теңізге тамған тамшыдай ғана еді. Күн аптап ыстық әрі қапырық. Ала жаздай селдетіп жаңбыр жаумаған соң ба, шөп шығымы да сұйық. Оның өзінде әлден-ақ сарғайып, қурап жатыр. Бәрібір қыстың қамын ойлау керек. Қанша жерден құрғақшылық болса да, малдың азығын әзірлеу міндет. Жергілікті мекеме ұжымдары қысқы қоғамдық мал азығын дайындауға сенбілік ұйымдастырады. Коммуналдық шаруашылық бөлімі жұмысшылары күре жол жиегін, арық жағалауын, бұта-қараған арасындағы кеңістік шөбін тартпамен тартып, тырнауышпен тырмалап, айырмен жинайды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, осының өзінде біраз жұмыстың басы қайырылып-ақ қалады.

Түскі үзіліс кезінде ауқаттарын ішіп алғандар тал мен теректі көлеңкелеп, паналайды. Қайсыбіреулері қызу әңгімеге кірісіп, кейбіреулері темекі тартып, қою түтінді бұрқыратады. Сантехник Тоқан – қырықтың қырқасындағы жігіт. Өзі төртбақ, денесі құйған қорғасындай тығыз. Ол шылымға шыдамсыз еді. Оңаша отырып, кіттей балғамен тартпасын шынап отырған. Бір кезде танауы түтін иісін сезді. Ащы түтінді бұл да бір сәт аңсап кетті. Темекі тартқанша дегбірі қалмады шіркіннің. Ас дорбасын, шалбар мен көйлек қалталарын сан рет ақтарса да, темекісін таппады. Ұшты-күйлі жоқ. Таңертең қалтасына салған секілді еді. Қалайша ұмытып кетті екен? Іші удай ашыды. Жалпы, ол – біреуден бір нәрсе сұрағанды ұнатпайтын адам. Десе де темекіге деген әуестігін қалай жеңерін білмейді. Темекінің ащы түтінін аңсап, кеңсірігі де жыбырлап әкетіп барады. Қасындағы жолдасына бір түрлі қызыға да қызғана қарады. Ақыры, темекі түтінін бұрқыратып отырған жолдасына телміре қарап:
– Болат, маған бір тартым – деді.

– Жоқ, керегіңді тастама, – деді жігіт төбеден түскендей қалжыңдап.

Мұны күтпеген Тоқан қатты ренжіді. «Кісідегінің кілті – аспанда» деген осы. Тоқанның ренжіп, ашуланғанын жолдасы да сезе қойды. «Қалжың ғой» деп бір тал темекі ұсынды. Бірақ Тоқан оның ұсынған темекісіне қол созбады. Қолын бір-ақ сермеп, өз ісіне кірісіп кетті.
Кешке үйіне келді. Терлеген. Шаршаған. Көңілі пәс. Үстел үстіндегі ұмыт қалған сигаретті алды да, қорабын ашпастан қақ бөліп айырып, ошақтағы отқа тастады.

– Мұның не? – деді зайыбы Тахнима таңғалып.

– Енді шекпеймін. Айттым, бітті. Кестім, үзілді, – деп отағасы сумен жуынып-шайына бастады.
Зайыбы аң-таң. Жолдасының неге темекіні тастағанын түсінер емес. «Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Бірақ адам көңілі бір атым насыбайдан ғана емес, жалғыз тал шылымнан да қалады екен.
Өмірде не болмайды.

Үмітхан Нұрғалиев

Осы айдарда

Back to top button