Орталықта балалар оңалтудан тегін өтеді
Семейде 190 төсекке арналған перинаталды орталық жұмыс істейді. Қосымша ғимаратта балаларды оңалту және ерте араласу орталықтары ашылды. Екі орталық та жоғарғы сапалы заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Семей қаласының аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында аталмыш перинаталды орталықтың қызметі туралы оның директоры Архат Дайырбаев айтып берді.
-Бізде қала орталығында жеке тұрған екі ғимарат жұмыс істейді. Біз бұл жерлерде ана мен балаға көмек көрсетеміз. Сол жағалауда, Өтепбаев көшесі 57 мекенжайдағы бұрынғы № 2 перзентханада біздің емхана орналасқан. Биыл балаларды оңалту орталығы ашылды, емдеу мекемесінде жаңа туған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі балалар оңалтудан өте алады. Орталық екі бөлімшеден тұрады: ерте араласу орталығы жаңа туған және үш жасқа дейінгі сәбилерге арналса, балаларды оңалту орталығы үш жастан 18 жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсетеді, – деп атап өтті Архат Дайырбеков.
Жиында орталық директоры балалардың медициналық оңалтудан мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін өтетіндерін ескертті. Орталыққа ай сайын жүзден астам бала келеді, олардың арасында мерзімінен бұрын туған нәрестелер, туа біткен ақаулары бар бүлдіршіндер және психикалық дамуы бұзылған балалар бар.
-Ақпан айында сол жағалаудағы ғимаратта бізде алғаш рет катамнез бөлімшесі ашылды. Бұл жерде мерзімінен бұрын дүниеге келген және ауыр босану нәтижесінде туған нәрестелерді қабылдайды. Емханаларда балалардың бөлек учаскілері жоқтығына байланысты біз осындай қызмет түрін ұсынып отырмыз. Біз бұл функцияны толықтай өзімізге алдық. Аналар өздері тіркелген емханадан жолдама алып, бізден толық тексерілуден өте алады, – деп қорытындылады Архат Дайырбеков.
Флора Левина