Қоғам

Орталық құрылысы келер жылы бітеді

Ержан Әбіш

Өскеменге іссапармен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов өңірлік сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына енген бірқатар құрылыс нысанын аралап көрді. Атап айтқанда, ол Гематология орталығы құрылысының барысымен және Өскеменнің ішіндегі пайдалануға берілген және салынып жатқан жолдардың жағдайымен танысты.

«B&A Contractors SA» серіктестігі Гематология орталығының құрылысын 2020 жылғы маусымда бастаған-ды. Сол жылдың қыркүйегінде облыс басшылығы қосымша функционалдық бағыт енгізе отырып, жобаны түзету туралы шешім қабылдады. Жоба құны – 71,33 миллиард теңге.

Құрылыс алаңында Өскемендегі №4 аурухананың бас дәрігері Сергей Попов болашақ орталықтың мақсат-міндеттері туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, 146 төсек-орынға шақталған бірегей орталық қазіргі кездегі ең заманауи деген құралдармен жабдықталатын болады.

– Мұнда тек облыс тұрғындарына ғана емес, бүкіл ел азаматтарына медициналық қызмет көрсетілмек. Елордадан және шетелден білікті мамандар келіп жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Былтырдан бастап өңір дәрігерлері осы орталықтағы аппараттарды меңгеру үшін дайындықтан өтіп жатыр, – деді ол.

Мекемеде аса күрделі оталар жасалмақ, оның ішінде кемік майына трансплантация жүргізілетін болады. Сондай-ақ орталықта кардиохирургия бөлімі де орналасады.

Бүгінге дейін құрылыс жұмысының 60%-ы орындалған. Жұмыс жоспар бойынша жүруде, құрылыс келер жылдың төртінші тоқсанында аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс.

– Аталған аурухана – еліміз үшін өте маңызды нысан. Оны салуға қазынадан қомақты қаржы бөлініп отыр. Баршамыздың міндетіміз – сол қаражатты мақсатты әрі барынша тиімді игеру, заң бұзушылықтарға жол бермеу. Құрылыстың барлық кезеңі тиісті органдар тарапынан жіті қадағаланатын болады, – деді Дмитрий Малахов.

Агенттік төрағасының орынбасары былтыр қолдануға берілген Есенберлин даңғылын Алматы трассасымен жалғайтын жолдың жағдайын, сонымен қатар Қазыбек би даңғылынан Жібек жолы көшесіне дейін салынып жатқан күре жолдың құрылыс барысын да көрді. Ұзындығы 3 шақырымға тақайтын алты жолақты бұл трасса 19-шы шағын ауданды Ертіс көпірімен қоспақ. Құрылысшылар жұмысты жыл соңына дейін аяқтаймыз деп отыр. Агенттік өкілі мердігер ұйымның басшылығын кестеден кешікпей, белгіленген талаптарға сай жұмыс істеу керектігі жөнінде ескертті.

Сондай-ақ Дмитрий Малахов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның отырысына қатысты. Аталған жиында агенттіктің облыс бойынша департаментінің басшысы Денис Шәкенов өңір азаматтарын толғандыратын өзекті мәселелер қамтылған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы туралы айтып берді. Облыстық картаға экология, «сақалды» құрылыс, бағалы металдарды заңсыз өндіру, көмір тапшылығы, жайылымның жетіспеушілігі мәселелері енген. Әр сала бойынша егжей-тегжейлі жоспар әзірленіп отыр. Мәселелердің шешілуіне қарай карта жаңартылып тұратын болады.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына енген барлық бағыттар бойынша мемлекеттік органдар басшыларына тапсырма беріліп, оларды жыл соңына дейін орындау міндеттелді.

Дмитрий Малахов «Антикор орталығында» да болып, азаматтарды жеке сауалдары бойынша қабылдады.

Осы айдарда

Back to top button