Қоғам

Орталық жұмысын оң бағалады

Орталық жұмысын оң бағалады


Облыс әкімі Даниал Ахметов және «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев бастаған Астанадан келген ресми топ Өскемендегі облыстық мамандандырылған медициналық орталықта болды.

Еске салайық, мұнда биылғы көктемде роботтандырылған хирургия орталығы жұмысын бастаған болатын.

– Бұл – елімізде ашылған тұңғыш роботтандырылған орталық. Бізде Италиядан әкелінген Senhance Transenterix роботының көмегімен күрделі эндоскопиялық оталар жасалады. Алғашқы операциялар Италиядан арнайы шақыртылған маманның қатысуымен өткен. Үстіміздегі жылдың наурызында ашылған орталықта бүгінге дейін 120-дан астам науқасқа түрлі деңгейдегі ота жасалынған. Соның арқасында талай жанды ажалдан арашалап қалдық, – дейді орталықтың бас дәрігері Юрий Старокожев.

Оның айтуынша, роботтандырылған хирургия отаның дәлдігін арттырып, жарақаттың жеңіл әрі операциядан кейінгі ем-домның сапалы болуын қамтамасыз етеді. Сондықтан бұл бастаманы отандық денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудағы аса маңызды қадамның бірі деп бағалауға болады.

Белгілі болғандай, қазір орталық мамандарының біліктілігін арттыруға айрықша мән берілуде, атап айтқанда, дәрігерлердің үшдеңгейлі оқыту бағдарламасы бойынша білім алуына барлық жағдай жасалған. Мәселен, шетелдің озық медициналық орталықтарының білікті мамандары арнайы келіп, жергілікті дәрігерлермен тәжірибе бөліседі. Сонымен қатар орталықта роботтандырылған хирургиядан бөлек, трансплантологиялық және симуляциялық бөлімдер де бар екенін атап өткен жөн.

Хирургиялық орталықтың жұмысымен танысқан мәртебелі меймандар мұнда көрсетілетін қызмет түрлеріне жоғары баға беріп, дәл осындай медициналық мекемелер еліміздің өзге өңірлерінде де ашылуы керек деген пікір айтты.

Сондай-ақ бұл күні Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев Өскемендегі «Силумин-Восток» кәсіпорнына барып, мұнда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобамен танысты.

Аталмыш инжинирингтік компания машина жасау кешендері мен электр техникаларын, сорғы қондырғылары мен өзге де нысандарға арналған блок-модульдер және тағы басқа әлемдік стандарттарға сай өнімдер өндірумен айналысады. Өндірісті автоматтандыру қазірдің өзінде жемісін беріп, еңбек өнімділігін арттыруға және энергия үнемдеуге айтарлықтай септігін тигізді. Мұны кәсіпорынның басшысы Олег Фроимчук мәлім етті.

– Бүгінде «Силумин-Восток» серіктестігі облыста SV-Robotech ғылыми-өндірістік кластерінің жобасын әзірлеуде. Аталған жоба технологияларды коммерциялауға және ғылыми-техникалық жаңалықтарды кәсіпорындарға енгізуге мүмкіндік беретін, сондай-ақ робот техникасы, электроника мен ІТ саласын дамытуға бағытталған заманауи зертхана болып табылады, – деді кәсіпорын басшысы.

Кәсіпорынның жұмысымен танысқан Премьер-Министрдің орынбасары мұнда шығарылатын өнімнің сапалылығын атап өтіп, бұл тауарлардың игілігін ең алдымен отандық өндіріс орындары көруі керектігін айтты.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button