Орталық мақсаты – оралмандарды жаңа ортаға бейімдеу
Шет елдерден, атап айтқанда, Қытайдан, Ираннан, Моңғолиядан келген қандастарымыз кириллица қарпін білмейтіндіктен біраз кедергілерге ұшырап жататыны рас. Бұл құқықбұзушылық деп танылып, тіпті кей жерлерде әкімшілік айыппұл төлеу сияқты көріністер де орын алып жатады екен. Осы олқылықты түзеу мақсатында Шығыс Қазақстан облыстық «Оралмандарды бейімдеу орталығы» маңызды жұмыс атқарып отыр. Тарихи Отанына оралған оралмандарға өлшеусіз көмек көрсетіп отырған орталықтың төрайымы Айнұр Табилтаймен сұхбаттасқан едік.
– Орталық қашан құрылды және оралмандарды тілдік ортаға бейімдеу қалай жүзеге асырылуда?
-Орталық ашылғаннан бері Семей, Зайсан, Тарбағатай, Өскемен, Үржар өңірлерінде оқыту курстары жүргізілді. Соның нәтижесінде көптеген ораламандар өз беттерінше құжат толтыра алатын дәрежеге жетті. Оралмандарды бейімдеу орталығы 2010 жылы БҰҰ ДБ қолдауымен Ахмет Жамал (Будкей) мен Шарив Табилтай мырзаның бастамасымен құрылған. Біз 90 жылдары келіп, осында 25 жылдай тұрып, өзіміздің жүріп өткен жолымызда жинаған тәжірибемізді қатарымызға енді қосылып жатқан ағайындарымызбен бөлісіп, жаңа ортаға тез бейімделіп кетуіне қолымыздан келгеннің бәрін жасап бағудамыз. 2016 жылдан бері бізге Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы үлкен қолдау көрсетіп келеді. Осы жылдар бойы орталықтан мыңдаған оралмандар көмек алып, білмегендерін үйренді. Бір қаладан екінші қалаға көшкеннің өзінде адамдар жүрексініп жатады. Ал бір елден екінші елге отбасымен қоныс аударуда қиыншылықтар әрине болады. Солардың ең өзектісі – тіл мәселесі. Мысалы, Қытай, Иран елдерінен келген азаматтар қазақша сөйлегенімен, кирилицамен оқып-жаза алмайды. Орыс тілді ортада өздеріне керекті қызметті тиісті дәрежеде ала алмай жатады. Мамандықтарын шетелде алғандықтан, жұмысқа орналасуы да оңайлыққа түспейді. Міне, осы жерде оларға көп көмек керек.
Орталық тарапынан заңға еңгізілген өзгерістерді, түзетулерді, салық режимдерін түсіндіру, жеке кәсіпкерлікпен шұғылданғысы келетін азаматтарға бизнес-жоспарлар жасауды үйрету мақсатында семинарлар ұйымдастырылуда.
– Семейдегі оралмандарды бейімдеу, оқыту орталығын қай жерде орналасқан?
-Орталық Шайжүнісов көшесі, 138 ғимаратында орын тепкен. Оралмандармен алты жылдай жұмыс істеп келе жатқандықтан бізге кеңес алуға келушілер аз емес. Мұнда құжаттарды тәржімалау, толтыру, өмірбаян жазу, көші-қон ережелерін, заңға еңгізілген өзгерістерді түсіндіру сияқты жұмыстар атқарылады. Қыркүйек айында Тарбағатай, Семей, Зайсан аудандарында тілдік курстар оқытылды. Басқа елден жоғары, немесе арнайы орта оқу орындарын бітіріп келген азаматтар мен азаматшалар курсты бітіріп оқу-жазуларын жақсартқан соң, жергілікті мекемелерге жұмысқа орналасу мүмкіндіктері артты. Өтінішті, басқа да құжаттарды өз беттерінше жаза алатын деңгейге жетті. Орталыққа сонау 1992 жылдары қоныс аударған ағайындар да келіп, кеңес алып, немесе құжаттарына аударма жасатып жатады. Жаңалықтар мен өзгерістерді уақытында ағайындармен бөлісіп отыру мақсатында фейсбуктен арнайы парақша аштық. Жұрт сол парақша арқылы өз облысымыздан ғана емес, Ақтау, Маңғыстау, Көкшетау, Талдықорған, Қарағанды, Астана калаларынан да хабарласып, ақпараттанып жатыр. Мәселен, тамыз-қыркүйек айларында 120 адам кеңес алды.
-Дер кезінде қолдау көре алмай, кері қайтып кеткен бауырларымыз бар шығар?
-Жасыратыны жоқ, бастапқы уақытта ондай жағдайлар да болған. Мемлекетіміз бұл қиындықтарды шешу жолында заңға өзгерістер мен түзетулер еңгізіп, келген ағайындардың қиындықтарын жеңілдетуге барлық мүмкіндіктер жасап жатыр. Ондай қандастар әдетте бізге көп келе бермейді. Осы ретте бір айта кетерім, 2015 жылғы «Көші-қон» заңына еңген өзгерістерге сәйкес жеті өңірге келген ағайындар өңірлік квота мен соған кіретін барлық жеңілдіктерді алады. Өңірлік квота берілетін облыстарға Шығыс Қазақстан, Павлодар, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облысы, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстары жатады. Әзірге бізге келуші оралмандардың саны артып отыр.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Раушан Нұғманбекова.
Семей.