Экономика

Орталық алаңда – омарташылар

Орталық алаңда - омарташылар
«Алтай Алтай болғалы, алып құстар қонғалы…» оның басты брендтерінің бірі – бал. Иә, ара балы. Емдік қасиеті ұшан-теңіз. Әйтпесе, әлемге әйгілі Авиценна «егер жастық шағыңды сақтап қалғың келсе, балды жиі же!» деп айта ма? Қош. Балын бабына келтірген омарташылар шығыстың бас шаһарына жиналды. Олар қала күніне орай арнайы келіп отыр.
Бұған дейін де, бал жәрмеңкелерінде бірнеше мәрте болдық. Әжептәуір білім жинап қалған екенбіз. Кірген бойда сатушылармен емін-еркін сөйлесіп кеттік.
– Түйебұршақ балы…
– Иә, иә… «донник», – деп растап қойды сатушы. Янтарь түсті бұл бал әсіресе глюкозаға бай, ішек ауруларына пайдалы. Мына бір мөлдір жасыл-сары түсті – шайқурай балы. Әлсіздікке ем деп естігенбіз. Ал анау алтын түсті – шабындық балы. Ол жүйке, жүректен бастап, ас қорыту жүйелеріне дейін шипасын тигізеді.
– Мынау…аппақ, қою… бұл да бал ма?
– Иә, таңқурай балы, – деп еске салды сатушы. Бұл жоғары сұрыпты балдың түрі. Көбіне тұмау тигенде таптырмайды.
Тұнып-тұрған байлық. Тұтынушылар қарап қала ма. Ақшаға денсаулық сатып алуға болса, осылай ғана шығар. Балдың келісі – 1500 теңгеден басталды. Түріне, сапасына қарай әрі дегенде 2000-ға жетті. Орталық алаңға жиналған омарташылардың дені – Катонқарағай, Зырян, Ұлан аудандарынан, Маралдыдан (Күршім ауданы) және Риддерден келген екен.
Міне риддерлік сатушылар. Анау бір сөреде бал келісі 3000 теңге деп жазылыпты. Бұл не деген батпан құйрық… Әйткенмен анық-қанығын білу керек…
Сатушы – кемінде елуді еңсерген ел ағасы. Өзі сөренің алдына «зрелый мед» деп жазып тастапты.
– Жақсы жазып қойыпсыз…
– Менің ойлап тапқаным емес, халық солай атап кеткен.
– Бұл сонда балдың түрі болды ғой. Қымбат емес пе?
– Тыңдаңыз…
Бұл риддерлік сатушының аты-жөні Григорий Самойлович. Гришаның балын жәрмеңке бойы ешкімнен кезіктірмедік. Себебі балдың бұл түрін алудың машақаты да біршама көрінеді.
– Бал жинау науқаны аяқтала салысымен, омарташылар сатуға алып жүгіреді. Мен шірнені омартада тағы бір ай қалдырамын. Жас аралар шірнені тор көзшелерге салады, желдетіп, артық ылғалын жояды. Араның сілекей безі шірнедегі қант құрамын өзгертіп, оны балға айналдырады. Көзшелер балға толғаннан кейін, ара оны балауыз қақпақшамен жабады, – деп Гриша ұзақ әңгіменің басынан түсті.
Омарташының шірнені ұзақ уақыт ұяшықта қалдыру себебі – аралар оны екі есе азайтып, екі есе сапалы етіп шығарады екен. Самойловичтің сөзінше, бұл әлемдік деңгейдегі бал түрі. Гриша оған қол жеткізу үшін аз шаруа атқарып жүрген жоқ. Оның омартасы Риддерден 40 шақырым жерде, теңіз деңгейінен 1700 шақырым биіктікте орналсқан. Ол жерде қазіргі кездің өзінде қар бар дейді. Ауа райы қолайлы болса жыл сайын араларын ала барып, бал дайындайды. Күн күрт суып, тауға жете алмай, балсыз қалған жылдар да болыпты.
– Соңғы екі жылда сәті түспеді. Міне үшінші жылы бал жинадым. Екі есе қиын, екі есе сапалы, екі есе қымбат, – дейді Гриша.
Әккі омарташының айтуынша, әуел баста бұл әдіс құпия ретінде сақталыпты. Әкеден балаға қалып отырған. Кейінгі жылдары ғана барша ел құпия әдісті қаузап біліп алған көрінеді. Жоғарыда айтқанымыздай бал дайындаушы жас аралар сапаны арттыру үшін, шірнені екі есе азайта сығып тастайды. Әлемдік сападағы бал болса да, көп адамдардың кәсіп етпей отырғанының басты себебі осында. Ал Гриша атасынан қалған жолмен, атасынан қалған әдіспен бал дайындауды жөн санапты. Бал десе бал!
Қала күнінде балмен бірге ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі қатар өтті. Негізгі өнім әдеттегідей – мал еті. Бағалар да әдеттегідей. Айталық қой еті 1200-1300 теңге, сиыр еті 1300-1450 теңге, жылқы еті 1450-1550 теңгеден.
Толайым сауда деп, жылқы етін 1300 теңгеге дейін түсіріп беріп жатқан мәрт сатушыларды көрдік. Барлығы ән-думан аясындағы мерекелік көңіл-күйдің әсері болар. «Бүгін мейрам ғой» деген тіркес сатушының да, тұтынушының да басты «қаруына» айналған. Ет тұтынушы айтқан салмақтан асып кетсе, сатушы «мереке ғой» ала салыңыз дейді. Қолында ұсақ тиыны болмай қалған алушылар, «мереке ғой» деп еріксіз сатушыны жығып кетіп жатты. Ет дегенде бет бар ма?!

Оразай ЖЕҢІСҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button