Қоғам

Орталық алаңда ине шаншыр орын болған жоқ

Орталық алаңда ине шаншыр орын болған жоқ


Тәуелсіздік күнінде Өскеменнің орталық алаңы бос болған жоқ. Таңнан кешке дейін.

Күндіз қала халқына арналған мерекелік концертпен қатар қолөнершілердің көрмесі қойылды бір шетте. Екінші жақта балуан денелі жігіттер күш сынасып жатты. Кір тасын көтеріп, қол күрестірді. «Бәйге берем жығылған балуанға да, Адалдығы сезіліп тұрар болса» деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, сайысқа түскендердің ешқайсысы жүлдеден құр қалмады.

Түс ауа тарқаған халық «кешке кезіккенше» десті.

Қайрат, сенде не арман бар?

Қайрат, сенде не арман бар? Өскемен халқы сол кешке тайлы-таяғы қалмай жиылғаннан тапжылмай бес сағат күтті сені. Екі сағат тектен-текке. Үш сағат жергілікті өнерпаздардың концертін тамашалап.

Үш сағаттық концертті қаладағы NON STOP, Экстази, Ладушки сынды ән-би топтары мен Шалқар Мұқанғали бастаған әншілер қойды. Әрқайсысы сахнаға бірнеше қайтара шықты. NON STOP әншілері соңғы «хит» әндердің бірін қалдырмай айтып тауысты. Тіпті қыздардан құралған бір топ бір әнді екінші қайтара орындады да.

Иә, жоғарыда айттық, орталық алаңда құрымдай тұтасқан мынау халық 17.00-де жиылған. Олар келе сала концерттің 19.00-де басталатынын естігенде кейіс білдірді. Бәлкім саған. Бәлкім әй-шайсыз «19.00-де бастаймыз» деп хабарлаған жүргізушілерге. Содан бытырап тарап кетті жан-жаққа. Бірақ қайтқан жоқ. Маңайдағы дәмханалар «клиентке» жарып қалды.

Сонымен, концерттің соңын ала Қайрат келді. Ұшақтан жаңа ғана түскенін айтып, кешірім сұрады. Ұшақтың рейсі ауа райына байланысты шегерілгенге ұқсайды. Халық кешірді. Дархан халық. Кең халық. Өнерпаз ұлына деген ықыласы ерекше ыстық халық. Тәуелсіздік күніне арналған концерттің екінші бөлімі – негізгі бөлімі – ел күткен бөлімі басталды осылайша.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button