Қоғам

Орталық алаңға отыз мыңнан астам адам жиналды

Орталық алаңға отыз мыңнан астам адам жиналдыАрнайы репортаж

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін Өскемен жұрты биыл да жылдағыдан өзгеше қарсы алды. Орталық алаңда төгілген мерекелік әндер той алаңына жақындап келе жатқан қонақтардың көңіл-күйін еріксіз көтеріп жібергендей. Қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлердің айналасы толған өнерпаз. Әлгі бір ел аузында жүрген әндегідей: Алтыбақан аясында сұлу бойжеткен, қыз-бозбала кең даланы әнімен тербеткен… Жарықтық алтын күн де аспаннан аямай мейірімін төкті бұл күні. Жер де, жұрт та қыс бойы қабаттанған тондарын лақтырып, жаңару күніне жақсылықпен жетті.
Бұл күнгі мерекелік театрландырылған көріністі көрген де арманда, көрмеген де арманда. Алаңға ауыздығымен алысқан арғымақтарымен ойқастай шыққан жігіттер ат құлағында ойнап, қалың көрерменге шеберліктерін паш етті. Нөкерлерін ертіп Көктем ару келді, күміс сақалды Қыдыр ата ақ батасын берді. Сахна төрінен ең таңдаулы, ең үздік өнерпаздар күмбірлетіп күй төкті, әуелетіп ән салды. Айтпақшы, Өскемендегі биылғы Наурыз тойына алыстан ат арытып, елімізге белгілі әншілер құтты болсын айта келген болатын. Тыңдарманын қоңыр дауысымен баурап, қазақтың ұлттық саз аспаптарын қоңыраулата тартатын «Қоңыр», «КешYou», «Тарту» топтары мен Аша Матай сияқты эстрада жұлдыздары мерекелік тарту жасады. Жылда Қырғызстаннан ат терлетіп келетін «Хазрет-Әли» циркі де Өскемен төрінен табылды. Биыл әлемге танымал Мұтырғановтар отбасылық циркі қала тұрғындарына қуаныш сыйлады.
Өскемендіктерді Ұлыстың ұлы күнімен құттықтау үшін сахнаға көтерілген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Наурыздың бес мың жылдық тарихы бар тамыры тереңде жатқан мереке екендігін тілге тиек етті. Аймақ басшысының айтуынша, Наурыз мерекесінің тәрбиелік мәні өте зор.
– Наурыз – ырыс пен берекенің, тыныштық пен ынтымақтың мерекесі. Ұлыстың ұлы күні Жер-ана бусанып, жер бетіне көктемнің жылы лебі келеді. Бұл күні ренжіскендер қайта татуласып, шаруалар тұрмыстарын түзейді, келер жылдан үлкен үміт күтеді. Өздеріңіз білесіздер, БҰҰ шешімімен Наурыз халықаралық мереке болып белгіленді. Бір шаңырақ астында тұрып жатқан қазақстандықтар бұл күнді асыға күтіп, Наурыз мерекесін жоғары деңгейде атап өтеді. Біздің байлығымыз халықтың тыныштығы мен тұрақтылығы. Біз ынтымағы жарасқан берекелі елде өмір сүріп жатырмыз. Осының бәрі Елбасының жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасы. Әрбір азамат өзінің туған өлкесінің гүлденуіне атсалысуға мүдделі. Алдағы уақытта атқарылар шаруа ауқымды, жоспар көп. Аймағымызда көптеген әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер тұрғызылып, халық игілігіне ұсынылады. Құрметті жерлестер, мереке құтты болсын! Шаңырақтарыңызға береке мен молшылық тілеймін, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өзінің құттықтау сөзінде.

Жарыс та өтті, жәрмеңке де ұйымдастырылды

Күн арқан бойы көтерілгенде, алаңда ине шаншыр орын болған жоқ. Алаңның бір жағында – дүркіреген жәрмеңке. Ұлан ауданының шаруалары ауыл шаруашылық өнімдерін молынан әкеліпті. Еттің келісі 900 теңгеден саудаланды. Ұлан ауданының спорт бөлімі көшпенділер ойыны саналатын ләңгіден жарыс ұйымдастырып, оған ақшалай жүлде тігіпті.
– Жасқа шектеу қойған жоқпыз, бақ сынаймын деген үміткерлер өз шеберліктерін көрсетіп жатыр, – дейді ойынның ұйымдастырушысы Арслан Ағламбеков.
Аста төк Наурыз көже, буы бұрқыраған тегін палау – бәрі осы жерде. «Заречный» базары алаңға арнайы дәмі тіл үйірер 25 келі палау дайындап әкеліпті. Бір қатарда тұрған «Орталық базар» мен қалалық салық басқармасы дайындап әкелген тәтті-дәмділер айналасы 15 минуттың ішінде таратылып кетті.
– Халыққа арнап осындай палау пісіріп әкелген мекемелерге аналық алғысымды айтқым келеді, немереміз екеуіміз дәмін көріп жатырмыз, нағыз аспаздың қолынан шыққаны бірден байқалады, – дейді қала тұрғыны, зейнеткер Мәруа Құрманбекова.
Әр киіз үйдің жанында үймелеген жұрт. Бір жерде арқан тартыс мерекенің көрігін қыздырса, келесі бір жерде қой көтеріп жарысқа түскен жігіттер жұрттың делебесін қоздырды. Бағалы сыйлықтарды үлестіріп жатқан лотерея ойындары, қол күрес, гір көтеру… Алаңның ортасында тұрған биік діңгекке тырмыса өрмелеп жатқандардың қызығы өз алдына бір төбе.
Облыстық Достық үйінің жанындағы шағын сахнада «Достық дастарқаны» атты этномәдени орталықтардың дайындаған концерті өтті.

Жаңа жатақхана пайдалануға берілді

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Ұлыстың ұлы күні «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында шағын отбасыларға арналған жаңа жатақхананың кілтін табыс етті.
Бұл күні 19-шы ықшамауданнан пәтер бұйырған отбасылар үшін қос қуаныш қатар келді. Салтанатты жиында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жүрекжарды тілегін айтып, отбасыларға көптен күткен пәтер кілтін тапсырды.
– Бүгін сіздер үшін қос мереке. Бір жағынан, Наурыз тойын, екінші жағынан, қоныс тойын тойлағалы отырсыздар. «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында баспанаға қол жеткіздіңіздер. Мұның бәрі – мемлекетіміздің қамқорлығы. Биыл облысымызда 70 отбасы пәтерлі болайын деп отыр. Олардың ішінде жас отбасылар, әлеуметтік салада қызмет істейтін мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау саласының мамандары бар. Баршаңызды Наурыз мерекесімен, қоныс тойымен құттықтаймын! – деді аймақ басшысы.
– Жұбайым екеуіміз осындағы «Ана мен бала» орталығында дәрігер болып жұмыс істейміз. Бүгін жаңа пәтердің кілтіне ие болып отырмыз. Біз секілді жас мамандарға тиісті жағдай жасап отырған Елбасына және облыс, қала басшылығына алғысымыз шексіз. Барлық қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтаймыз! – деп ізгі тілегін білдірді «Ана мен бала» орталығының травматологиялық ортопедия бөлімшесі дәрігері Думан Жақсылықов.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жас отбасыларға жаңа пәтердің кілтімен бірге қысқа толқынды пешті де табыстады.
Аймақ басшысының қолынан баспана кілтін алған отбасылардың қуаныштарында шек болған жоқ.
– Жас отбасы ретінде кезекте тұрғанымызға екі жылдай уақыт болды. Екі баламыз бар. Өзім «Арман» балабақшасында тәрбиеші, жолдасым жүргізуші болып жұмыс істейді. Бүгін, міне, Наурыз мейрамында баспаналы болып жатқанымызға шын жүректен қуаныштымыз, – дейді пәтерлі болған Айжан Құсаинова.

Киіз үйде некелерін қиғызды

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ республика алаңында ұйымдар мен кәсіпорындар тарапынан тігілген киіз үйлердің әрқайсысына жеке-жеке кіріп шығып, мейрамдарымен құттықтады.
Ұйымдар болса, облыс Әкіміне қазақы әдет-ғұрып бойынша өз өнерлерін көрсетіп бақты. Бірі жырдан шашу шашса, енді бірі ұлттық тағамдарды ұсынып, сый-құрмет көрсетті.
«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Арман Бекбосынов Ұлыстың ұлы күніне ерекше дайындалғандарын айтты. Корпорация ұжымы тіккен сегіз қанат киіз үйдің іші-сырты сонау ғасырлардағы қазақтың әдет-ғұрпын насихаттап тұрғандай. Жайылған ақ дастарқан бауырсақ, қазы-қарта, жал-жая сынды ұлттық тағамдарға толы. Әлбетте, бұл киіз үйге бас сұққан қонақтар тіл үйіретін Наурыз көжеден дәм татпай кетпеді. Ерекше айта кетерлігі, \”Ертіс\” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ұжымы бұл күні алаңда қой көтеруден жарыс ұйымдастырып, ұтыс ойындарын өткізіп, жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады. Жарыста топ жарғандарға сыйлық ретінде 80-нен астам тұрмыстық техникалар тарту етілді. Тігілген бәйгелердің ішінде қой да бар.
Биылғы Наурыздың тағы бір ерекшелігі – жаңадан шаңырақ көтергелі отырған Рафхат пен Алмагүл киіз үйде некелерін қиғызды. Жас жұбайларға киіз үйді облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы әзірлепті. Мұндай дәстүр қаламызда алғаш рет орындалып отырған көрінеді.
Республика алаңына мереке күні 25 киіз үй тігілсе, жалпы, мейрам күндері Өскемен қаласында 50 шақты киіз үйлер орнатылған екен. Айта кетейік, арнайы құрылған комиссияның шешімі бойынша алаңдағы киіз үйлердің ішінен облыстық денсаулық сақтау басқармасының киіз үйі үздік деп танылып, бас бәйгені иеленді. Бірінші орын Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ мен облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармаға бұйырды. Екінші орынды АЭС компаниясы еншілесе, үшінші жүлделі орынды облыстық Білім басқармасы қанағат тұтты. Олардың әрқайсысына бағалы сыйлықтар табысталды.
Өскемендегі Б.Александров атындағы Спорт сарайының ауласына жиналған жұрт та бұл күні көтеріңкі көңіл күймен концерттік бағдарламалар мен спорттық жарыстарды тамашалады. Тамашалап қана қойған жоқ, спорт жағынан да бақтарын сынасты. Бағы мен бабы қоса шапқандар өзгеден озық екенін көрсетіп, түрлі сыйлықтарды қанжығаларына байлады. Қамшымен қалпақты қағып түсіруде 5-сынып оқушысы Арай Манапова мергендік танытты. Мектеп оқушылары «Қала болашағы» атты сурет көрмесіне қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізді.
Концерттік шара барысында «Казцинк-Торпедо» хоккей командасы өскемендіктерді Наурыз мерекесімен құттықтап, жанкүйерлерімен естелік суретке түсті.
Ал республика алаңындағы Наурыз мерекесі кешкілік «Кеш YOU», «Қоңыр», «Тарту», «Mysterions» өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тауып, отшашумен аяқталды.

Дарын Нұрсапаров, Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button