Қоғам

Ортақ іске серпін береді

Ортақ іске серпін береді


Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобалар білім беру мен денсаулық сақтау салаларын ғана қамтымауы тиіс. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі мен Қазақстандық мемлкеттік жекеменшік серіктестік орталығының өкілдері өткізген көшпелі семинарда айтылды. Оған Павлодар облысынан да делегация шақырылыпты.

Әлеуметтік мәні басым жобаларды қаржыландыруда бюджетке түсер жүктің салмағын жеңілдету үшін елімізде мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл тәжірибе бізге 2006 жылдан бастап кіргенімен, жаппай сипат алғанына көп бола қойған жоқ. Алғашқы бес жылда республика бойынша тек үш жоба қолға алынса, соңғы екі жылда жоба саны 900-ден асып отыр. Нақты 215 жоба бойынша келісімшарт жасалған. Өңірлер арасында облысымыз көш бастап тұр.

– Біздің өңірде құны 17 млрд. теңгеден асатын 72 жоба қолға алынбақ. Оның басым бөлігі білім саласына қатысты. Бір жоба спорт саласына, бір жоба тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына бағытталған. Нақты іске асып жатқан жоба ретінде Семейдегі 280 және 220 орындық балабақшалар құрылысын, Өскемендегі 300 орындық аурухана құрылысын айтуға болады. Елбасының бес әлеуметтік бастамасына да екіжақты серіктестік тетіктерін пайдалансақ деген ой бар. Студенттерді жатақханамен қамту мәселесін осы жүйе бойынша шешуге күш салып жатырмыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов.

«Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі орынбасары Талғат Матаев кәсіпкерлердің көбі бұл жүйе бойынша тек білім беру және денсаулық сақтау салаларына қатысты жобаларды жүзеге асыруға болады деп жаңсақ ойлайтынын айтты. Ал шындығында, оның аясы анағұрлым кең.

– Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі әскери база орнату, қан құю орталықтарын басқару сияқты стратегиялық маңызды жобаларға ғана араласа алмайды. Өйткені оны мемлекет өзі бақылауы тиіс. Қалған саланың барлығында екіжақты әріптестік тетіктерін пайдалану көзделген. Өткен жылы әріптестік аясын кеңейтіп, жоба дайындау үрдістерін жеңілдету үшін заңнамаға өзгерістер енді. Жобаны дайындау жұмысы бес кезеңнен үш кезеңге қысқарды. Оның үстіне мемлекеттк бағдарламаларға енген жобалар да екіжақты серіктестік аясында жүзеге асырылатын болды. Бұл біздің жұмысымызға үлкен серпін беруі тиіс, – деді Талғат Матаев.

Семинарда екі облыстың мемлекеттік қызметкерлері мен кәсіпкерлері бірлескен жобаларды жүзеге асыру аясында туындаған қиындықтар туралы мәселе қозғап, заңдағы өзгерістерге қатысты сауалдар қойды.

Есжан Ботақара

Осы айдарда

Back to top button