Табиғат

Өрт сөндіру оңайға түскен жоқ

       Катонқарағай МҰТП-нің еңбек ұжымы қарамағындағы 643477 гектар жерді күзетумен келеді. Әр күні ерлікке толы еңбек ұжымының табиғи апат кезіндегі іс-қимылдарын айтып беруін өтініп, оның бас директоры Жанболат Тыныбековке жолыққан болатынбыз. 

Биылғы қыркүйектің бесі күні төрт бұрышымыздан: Зырян, Үлкен Нарын орман шаруашылықтары мен Марқакөл қорығы аумағынан және өзімізден дала мен орман өрті тұтанғаны жөнінде хабар түсті. Бірден  дабыл қағып, іс-қимылға көштік. Үш техника бірлігі мен он бес адам өз аумағымыздағы өртті сөндіруге «Қара тау» теліміне аттандырылды. Жыл сайын көктемде көрші аудандардағы әріптестерімізбен бірігіп өткізілетін өртке қарсы жаттығулар кезінде табиғи апатқа бірігіп  қарсы тұруға меморандумға қол қойылады.  Сол келісім бойынша үлкеннарындықтар мен марқакөлдіктерге көмекке де адамдарымызды жібердік. Әсіресе  Марқакөлдің Арасан Қаба бойынан шыққан өрт қауіпті болды. Жері таулы, техника жолы жоқ. Онымен қоса ағаштардың басымен таралатын өртке жақындай да алмайсың. Сондықтан тілсіз жау не ары, не бері таралмай тұрғанда ауыздықтауға негізгі күшімізді жұмылдырдық. Соның өзінде біраз жеріміз бен орманымыз отқа оранды. Тәжірибеде дала мен орман өртін сөндірудің екі тәсілі бар: оның бірі қарсы от қою болса, екіншісі – таңғы сағат төрт пен бестен бастап сегізге, күн қызғанға дейін отты өшіру. Бұл уақытта от төменде жанады. Бізге екінші тәсілді қолдануға мүмкіндік болмады. Себебі 125 адамды орманға жақын маңда түнелту өте қауіпті еді. Ал күнде таңертең ерте оларды  тікұшақпен Катонқарағайдан Арасан Қабаға жеткізіп тұру мүмкін емес-ті. Сол себептен өртке қарсы от қою тәсілін пайдаландық. Бұл тәсіліміз Арасан Қаба жақта өз нәтижесін берді. Тілсіз жау қалың орманға жетпей өшірілді. Он екінші қыркүйекте жауған жауын да өртті басты.

Биылғы өртке қарсы күресте республикалық, облыстық төтенше жағдайлар қызметтерінің, облыс әкімдігі мен табиғи ресурстар басқармасы басшылары бізге үлкен көмек көрсетті. Олар алғашқы күннен бастап бізді төрт тікұшақпен қамтамасыз етіп қана қоймай, өздері келіп, қалыптасқан жағдайды көзбен көре тұра  өрт сөндірушілерге ақыл-кеңестерін беріп, басшылық та жасады.

Катонқарағай МҰТП аумағында да, ауылдық әкімшіліктердің жерінде де өрт толық сөндірілді. Солай бола тұрғанымен, сақтық шараларын тоқтатқанымыз жоқ. Катонқарағайда орналасқан авиациялық орманды күзету бөлімшесінің жігіттері күн сайын тікұшақпен әуеге көтеріліп, өрттің бар-жоғын бақылайды. Ұлттық парктің орман инспекторлары да өз орындарында.

Табиғат сақшыларын ауылдастарымыздың орманды қорғауға бейжай қарамайтындығы, басқа іс түскенде бізбен бірге жұмылатындығы да қуантып отыр. Олар өрт тұтанғанда өз еркімен далаға, орманға, тауға барып, біздің инспекторларымызбен қоян-қолтық іс-шаралар атқарды. «Көп жұмылса – көл» деген осы. Аудан, ауыл тұрғындарының береке-бірлігінің арқасында өрт қаупі тойтарылып, өкінішті жағдайларға жол берілген жоқ.

Қазіргі кезде ұлттық паркке өрттен келген зиянды есептеп шығаруға кірістік. Әзірге белгілі болғаны 1375 гектар жер отқа оранып, оның ішінде 384 гектар орманмен көмкерілген аумақты жалын шарпыды.

Ж.Сарғалдақ, Катонқарағай ауданы. 

Осы айдарда

Back to top button