Қоғам

Орман қожасы еркінсіп кетті

Орман қожасы еркінсіп кетті


Ел етек-жеңін жинап, есі енді-енді кіріп жатқан елуінші жылдары жасқа жетпей жетім қалған туысқан ағайымның бірін еліктің сүтін сауып беріп, өсіріп, қатайтқанын жиі есіне алып отырады апам. Ауыл маңына жайылып келетін қарақұйрық пен еліктер көз сүріндіріп, көлдерде қасқалдақ пен шүрегейден бастап, аққуға дейін жүзетін көрінеді. Табиғаттың шырқы бұзылмаған ол шақ пен бұл шақты салыстыра алмайсың қазір.

Емін-еркін жайылған елікті көрмегенімізбен, орман тоғайлы өңірлеріміздің тұрғындары есесіне жыртқыш аюды басқа жақтан емес, ауылдың дәл іргесінен кездестіретін болып жүр.

Бірер жыл бұрын Шемонайха өңірінде қарсы ұшырасып қалған адамды мерт қылған аю биыл да Зырян, Ұлан аудандарының елді мекендеріне, шаруа қожалықтарына жақын келіп, халықтың үрейін ұшырып жатыр. Орман қожалары Зыряндағы омарталарды талқандап, ауылдың мазасын тағы да кетіре бастаса, Ұлан ауданының таулы мекенінде аюлар шаруашылықтың ірі қарасын жарып кеткен.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаев Шығысты мекендейтін қоңыр аюдың саны соңғы бес жылда шынымен көбейе түскенін айтады. Жыртқыштар 6 пайызға өскен. 2012 жылы орта есеппен аймақта 1988 аю есепке алынса, былтыр олардың саны 2206-ға жеткені белгіленген. Биологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында жыл сайын аюларды аулауға, атуға рұқсат етіліп отыр. Былтыр аңшыларға 56 аюды атуға рұқсат берілсе, биыл 78 аюды атуға лицензия, жолдама қарастырылыпты. Аюды аңшылық үшін атуға, аулауға лимит тек аю саны басым біздің облысқа ғана беріліп келеді.

Орман қожасын аңшылар ермек үшін ғана емес, бағалы терісі, майы, еті үшін аулап жүр. Бұрынғы кезде қазақтың кәнігі аңшылары аюды ағаштан жасалған үлкен шарбақ – абажа жасап аулаған да екен. Қалың шатты мекендейтін аюлардың қорбаңдап беті ашық алқаптарға шығып жүруі алдағы күзде аңшылардың олжасын тағы да молайта түсетін түрі бар. Қоңыр аю табиғатта 15-18 жыл өмір сүрсе, ал қаладағы хайуанаттар бақтарындағылар 30-40 жыл тіршілік ететін көрінеді.

Арман Есентаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

-Аңшылық кәсіпке арналған қоңыр аюды атуға екі жылдан бері тек күзгі аң аулау мезгілінде ғана рұқсат беріліп келеді, бұрын көктемгі аң аулау кезінде де рұқсат етіліп келді. Басқа мезгілде қараптан-қарап, қауіп төндірмей, өз бетімен ауылдың, қыстақтың маңынан кетіп бара жатқан аюды атуға болмайды. Көктемге салым аюлар өз қонжықтарымен жүрген кезде, оларды қорғау үшін айбат шегіп, шабуылдауы да мүмкін. Қалай болғанда да, аю екен деп, жыртқыш деп, қауіп төндірмесе оны атуға болмайды. Егер аюдың малдарға шабуыл жасаған, оларды жарып кеткен жағдайлары болса, оны шаруашылықтың шаруашылық жүргізу кітабына фото, бейнетүсіріліммен бірге тіркеу керек. Тұрғындар, шаруашылықтар арыз шағымдарды ауызша емес, жазбаша дәйектеп беруі керек. 2015 жылы министрліктің бұйрығымен зиянды жануарлар мен құстардың санын реттеу стандарттары бекітілгенде, реттеліп отыратын қасқыр, қарға сияқты зиянды аң-құстар тізімінің ішіне қоңыр аю, балықтарды қырып, жеп жатқан су құзғыны енгізілген жоқ. Бірақ біз соңғы үш жыл көлемінде аю мен су құзғынын уақытша реттелетіндей етіп тізімге енгізу туралы биологиялық негіздемеге сай министрлікке ұсыныс, хаттар жазып, мәселені көтеріп келеміз. Қазір жағдай назарға алынып, қарастырылып жатыр.

Орман қожасы еркінсіп кетті

Аюдың көбеюіне аймақтың орман-тоғайында тұяқты жануарлар санының ұлғая түсуі де оңды жағдай тудырып жатқандай. Бес жыл бұрын бұланның саны 2,5 мыңдай болса, былтыр 3,5 мыңға жеткен. Тау ешкісі мыңға тақап, қабан саны артқан, елік 1,5 мыңға көбейіп, шамамен 16 540 басқа жетіпті. Аса күшті жыртқыш аңның азуына түсетін негізгі қорегінің бірі – желе жортқан осы тұяқтылар болса, ата жауы -барыс.

Орман қожаларының, тұяқты жануарлардың өсіп-өнуіне табиғат қорғау, жемшөп дайындап беру сияқты биотехникалық шаралардың, браконьерлік қылмыстарды алдын алу жұмыстарының жүйелі жүргізіліп отырғандығының да әсері тиюде, дейді Арман Есентаев.

СЫЗЫЛТЫП ӘН САЛМАЙДЫ БҰРЫҢҒЫДАЙ

Шығыста көбейіп бара жатқан тағы бір жыртқыштың бірі – түз тағысы. Қасқырлар популяциясын реттеуге жыл сайын облыстық бюджеттен орта есеппен 10-11 млн. теңге қаржы бөлініп келеді. Жыл сайын қасқырдың жалпы санының 40 пайызы атылып, жойылып отыр. Соған қарамастан, бөлтірігін ерткен бөрілердің өсіп-өнуі үсті-үстіне ұлғайып келеді. Жарма, Катонқарағай, Зайсан сияқты малды өңірлерге ит-құстың шектіріп отырған зияны көп. Былтыр облыста 375 қасқыр, 20 бөлтірік, биыл 200-ден астам қасқыр атылған. 2012 жылы аймақта 958 қасқыр бар делінсе, олардың саны 2017 жылы 1038 ге жетті деп белгіленіп отыр.

Құс қанаты талатын кең даламыз – көкбөрінің де, қыран бүркіттің де мекені. Осыдан екі жыл бұрын тұрғындарды таңғалдырып, Өскеменге қос аққу ұшып келді. Ертістің Стрелка ықшам ауданы жағындағы тұсында тербеле жүзген екі аққу бір сәт елдің көзқуанышына айналып, ақ құстар айналаны нұрландырып сала берген. «Қызыл кітапқа» енген аққулар Алакөлде, Қара Ертісте, Бесқарағай ауданының тұзды көлдерінде ғана ұшырасады. Бүгінде қала түгілі, даладағы өзен-көлімізден аққуды көргенді былай қойып, бірқазанның дауысын сирек естіп, аққұтан, көкқұтанды да әрең байқаймыз.
Шығысқазақстандық орнитолог ғалым Борис Щербаков кезінде біздің облыста болған жабайы құстардың көптеген түрі құрып, көрінбей кеткенін талай жылдан бері жағы талмай айтып келеді. Аймақта құр, кекілік саны артса да, ондатр, түлкі, қоян, бүркіт, ителгі, сұңқар сияқты аң-құстардың саны едәуір азайып кеткен.

Бес жыл бұрын 2012 жылы Шығыста 900-ден астам құну (росомаха) болса, былтыр олардың 218-і ғана қалғаны, 30 мың ондатрдың 15 мыңға түсіп, азайғаны, екі мыңға жуық қырғауылдан 828, 165 716 қаздан 48 630 қалғаны,1465 ұлардың 408-і қалғаны белгілі болып отыр.

– Біздің облыс шөл, жартылай шөлейт, көл, орман, тоғай алмасқан шағын континент болып аталады. Қазіргі күні осы таңғажайып дала төсін мекен еткен 350-360 құс түрінің тең жартысы жоғалып бара жатқан, өте сирек кездесетін құс болып саналады. Өскеменде мыңдаған қара торғай, шекілдек, бозшымшық, суықторғай бар еді. Топ боп ұшып жүретін. Құстардың сайраған дауысы тұс-тұстан шығып жататын. Қазір өлі тыныштық. Көптеген құстарды көрмегеніме он жылдан асты, – дейді орнитолог.

Құстардың жоғалып бара жатуын кейбір ғалымдар жердің магниттік өрісінің ауысуымен, ал енді бірі антропогендік қысыммен байланыстырады.

– Ауғанстан, Иран, Ирак, Пәкістан елдеріне ұшатын құстар үшін Қазақстан – транзиттік аумақ. Бұл елдерде ондаған жыл бойы жыл құстарының етін өңдейтін зауыттар жұмыс істеп жатыр. Жыл құстарын аулайтын алып тұзақтар құрылған. Көктемде ол жақтан бізге құстардың бар-жоғы 20 пайыздайы ғана қайтып оралып жатыр, -деген жорамалмен де түсіндірген болатын (құстар әнінің тыйылып қалуы сырын) екі жыл бұрын облыс прокуратурасында өткен кеңесте шығысқазақстандық орнитолог Сергей Стариков.

Бәрінен бұрын Шығыс Қазақстандағы ерекше құс – ителгі (сокол балобан) мүлде жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр. Орнитологтардың айтуынша, соңғы 15-20 жылда олардың популяциясы 90 пайызға кеміген. Егер 90-жылдарда оңтүстік аудандардан көктемде ителгінің ондаған ұясын табуға болатын болса, бүгінде «Қызыл кітаптағы» құстың өзі де, ұясы да ұшты-күйлі көрінбей кеткен. Ителгілердің азаюын орнитологтар осы уақытқа дейін олардың араб елдеріне мыңдап аулап әкетілуімен де байланыстыруда.

Қазір қаладан көгершіндерді ғана көптеп кездестіруге болады (кептерлер бес жыл бұрын 28 мыңның үстінде делінсе, бүгінде 41 мыңға таяпты). Құс базары орман-тоғайда да тарқаған, үндерін сирек естисің. Сайраған дауысымен, сызылтқан әнімен даланы тербеткен құстар қайда кетті?

Орман қожасы еркінсіп кетті

ОСЫ БЕТТІҢ ОСПАҒЫ

Шидің түбінде жатқан қасқырға кезігіп қалған қоян қалтырай:

-Кешіріңіз, қасеке, оятып жіберген жоқпын ба, демалып жатырсыз ба?
-Қақпанға түсіп қалдым ойда жоқта!
– Жатысын шалжиып жол үстінде, обал жоқ!

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button