Қоғам

«Орман жолдары» табиғатты тамашалауға мүмкіндік береді

Катонқарағайдағы туристік инфрақұрылымды дамыту жайын талқылаған семинар барысында жаңа қанатқақты жобаның тұсауы кесілді.

«Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде туристік инфрақұрылымды дамыту» тақырыбында өткен семинар барысында ұлттық парктердегі туристік инфрақұрылым, оны ұйымдастыру және құру тәсілдері мен қағидалары талқыланды. Сондай-ақ аталмыш шара барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы жобасы шеңберінде жасақталған «Орман жолдары» қанатқақты туристік маршрутының тұсаукесері өтті.

Семинарға еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің, Батыс Алтай, Тарбағатай мемлекеттік табиғи қорықтарының және туризм саласында жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың өкілдері, туроператорлар қатысты. Шарада Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде экотуризмді дамыту, ұлттық табиғи парктерде туристік маршруттарды қалыптастыру тәсілдері мен қағидалары тақырыптарында баяндамалар жасалды. Сонымен қатар «Орман жолдары» туристік маршрутын құру идеясынан бастап іске асуына дейінгі аралықта қызмет көрсету, виртуалды тур әзірлеу бағыттары да айтылды.

Айта кетсек, «Орман жолдары» туристік маршруты Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Медведка орманшылығы аумағында орналасқан. Туристерге табиғатты тамашалауға мүмкіндік беретін аталмыш маршруттың өзіндік ерекшеліктері болмақ. Бұл жолы оның фирмалық стилі мен тұжырымдамасы көпшілікке кеңінен таныстырылды.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button