Қоғам

Қордаланған мәселелерді жұртшылықпен бірге шешпек

Қордаланған мәселелерді жұртшылықпен бірге шешпек


Талдау және болжау институтының конференц-залында Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің жаңадан тағайындалған басшысы Руфат Әкрамов облыс орталығындағы жергілікті өзін-өзі басқару комитеттерінің өкілдерімен дөңгелек үстел басында кездесіп, бөлімнің алдағы жоспарларымен бөлісті, сонымен бірге, бөлімнің жұмысына қатысты олардың қойған сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелерді алдағы күндерде бірге қарастырып шешуге уәде етті.

Кездесуге Руфат Акрамов өзінің жаңа орынбасары Еркін Тұраровты да ерте келді.

– Жаңа буын, қалалық бөлімге келіп жатыр. Қаланың тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының, қалаішілік жолдардың, қоғамдық көліктің қордаланып қалған өзекті мәселелерін шешуде, бөлімнің жұмысын құрылымдауда олардың көзқарастары мүлдем басқаша. Жаңа бастамалары мен әдістемелері де жетерлік. Сондықтан бүгінгі кездесуді, біріншіден, жақынырақ танысу, екіншіден, қаланың мәселелерін бірлесіп талқылау мақсатында арнайы ұйымдастырып отырмыз. Болашақта жаңа басшылықпен бірлесе тиімді жұмыс істейміз деген сенімдеміз, – деді осы кездесудің модераторы, Өскемен қалалық жергілікті өзін-өзі басқару кеңесінің төрағасы Серік Оразбайұлы.

Кездесуге сондай-ақ Өскемен қалалық мәслихатының хатшысы Александр Светаш пен облыстық мәслихаттың депутаты Олег Чернышов, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері де қатысты.

Жиын барысында Руфат Әкрамов облыс орталығында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына, жолдардың жөндеуіне, жарықтандыруға қатысты қолға алынған ірі жобаларды рет-ретімен баяндады. Ал жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің өкілдері Руфат Әкрамовқа бөлімнің және облыс орталығындағы коммуналдық қызметтердің жұмысына қатысты ойларын ашық білдірді. Мәселен, олардың алаңдаушылығын туғызатын проблеманың бірі – күнделікті тұрмыстық қалдықтардың уақтылы шығарылмауы. Бірнеше комитеттің өкілдері бірден атап өткендей, соңғы уақыттарда қызмет көрсету сапасы мүлдем нашарлап кеткен.

«Контейнерлердің жетіспеушілігі аздай, олар үнемі толып, тұрмыстық қалдықтар айналасында шашылып жатады. Оларды қаңғыбас иттер мен құстар одан әрмен шашып тастайды. Қоқыс шығарушы көліктер сирек келетіндіктен, нәтижесінде аулалар шағын қоқыс алаңына айналып барады. Ең сорақысы, келген көлік контейнердегі қоқысты ғана алып кетеді, қалғаны шашылған күйде қалады» дегенді айтты жиынға қатысушылар.

Бұдан бөлек, Аблакетка кентіндегі жаяу жүргіншілер көпірінің әбден ескіргендігі, Красин кентіндегі, Лесхоз ауылындағы көшелердің, қаланың шеткері аудандарына апарар жолдардың сын көтермес жағдайы, аялдамалардың жоқтығы, тұрғындардың қысқы суық пен күзгі жаңбырда, жазғы аптап ыстықта ашық аспан астында тұратындығы көтерілді.

Руфат Бағдатұлы қалада проблемалардың аз еместігін өзі де аралап шығып, көріп-біліп отырғандығын жеткізіп, оларды шешу жұмыстары бөлінген қаржыға сәйкес жүргізілетіндігін айтты.

– Қызметке кіріскен сәттен бастап, шағын аудандар проблемаларын аралап көріп жүрмін. Кей мәселелерді қаржы күтпей-ақ, жергілікті жерде шешуге болады. Сол үшін де сіздермен арнайы кездесіп отырмыз. Алда көтерілген мәселелерді шешу бойынша нақты орындалу мерзімі көрсетіле отырып, іс-шаралар жоспары дайындалады. Басымдықты бірінші кезектегі өзекті мәселелерге бағыттаймыз, қалғандарын ретімен шешеміз. Ал тұрмыстық қалдықтар шығару жайына келер болсақ, қаладағы оған жауапты мекеменің әрбір көлігіне GPS бақылау құрылғысы орнатылған. Сол арқылы қай көліктің қанша рет қатынағаны қадағаланады. Оның сыртында жақында біз арнайы жұмыс тобын құрдық. Оның құрамында бірнеше комитет өкілдері де бар. Олар да жағдайды жіті бақылауға алады. Егер жұмысты дұрыс атқармай, қызметінде бұзушылықтар орын алса, тиісінше айыппұл тартатын болады, – деді бөлім басшысы.

Жиында облыстық мәслихаттың депутаты Олег Чернышов өзін-өзі басқару кеңесі қалалық қоғамдық кеңестің құрамына кірсе деген ұсынысын айтты.

– Жергілікті өзін-өзі басқару мен қоғамдық кеңес екеуінің атқаратын жұмыстары да бір. Былтыр «Қазақстан Республикасындағы Қоғамдық кеңестер туралы» Заң шықты. Онда оның қызметі: қоғамдық бақылау, мониторинг, сараптама жасау деп анық көрсетілген. Бұл шаруаны Сіздер де атқарып отырсыздар. Қоғамдық кеңесте Сіздердің болғандарыңыз да маңызды болмақ, – деді депутат.

Кездесудің қорытындысында қаладағы жергілікті өзін-өзі басқару комитеттерінің жетекшілері көтерілген мәселелерді жазбаша түрде бөлімнің жаңа басшысына табыстады. Руфат Әкрамов өз кезегінде 10-15 күннің ішінде барлығын қарап шығып, олар бойынша тиісті шаруалар қолға алынатындығын жеткізді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button