Қоғам

Қордаланған қарыз қашан қайтарылады?

Қордаланған қарыз қашан қайтарылады?


Жыл сайын жылыту маусымы басталғанда, осы мәселе күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналады. Биыл да солай. Арнайы жүргізілген қаржылық аудиттің қорытындысы бойынша бүгінгі таңда қаладағы «Теплокоммунэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына семейлік заңды және жеке тұлғалардың жалпы қарызы 700 млн. теңгеге жуықтап отыр.

Бұл мәселе жақында өткен облыстық мәслихаттың кезекті жиырма үшінші сессиясында тағы да күн тәртібіне қойылып, талқыға салынды.

Жиналған қарыздың басым бөлігі. яғни 500 млн. теңгесі жыл сайын жинақталып келген, кәсіпорын жұмысын артқа тартып отырған – ескі қарыздар.
Сондықтан семейлік депутаттар облыс есебінен 408 млн. теңге шамасында бюджеттік қолдау болса дейді. Облыстық мәслихаттың депутаты, жылу мәселелерін шешу бойынша Семей қалалық штабының мүшесі Борис Адиановтың ақпаратына сүйенсек, «Теплокоммунэнергоның» қазан айының басындағы өз міндеттемелері бойынша жалпы кредиторлық қарызы 805 млн. теңгені құрайды. Оның 35 млн. теңгесі сумен қамтамасыз етуге, 57 млн. теңгесі салыққа, ал 136 млн. теңгесі жалақыға жинақталған берешектер.

Естеріңізде болса, қаланың жылу мәселесін шешу үшін биылғы көктемде Семей әкімдігінде арнайы штаб құрылған болатын. Облыстық бюджеттен ағымдағы жылы жылумен қамту нысандарын жөндеуге 531 млн. теңге, жергілікті бюджеттен қосымша тағы 76 млн. теңге бөлінген. Қалаға жылу беретін басты мекеме 98 пайыз дайындалған. Өз қаржысы есебінен 206 млн теңгеге жабдықтар жөндеуден өткізілген. 68 қазандықтың қысқа 66-сы дайын. Қазір кәсіпорын қоймасына 66 мың тонна көмір тасылған, енді тағы 86 мың тонна қатты отынды жеткізу үшін, сол 408 млн. теңге қаржы қажет. Облыстық бюджет қорынан осы қаржыны бөлуге қолдаухат та жіберіліпті.

Облыс әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, жоғарыда аталған мекемеде қыркүйектің басында қаржылық аудит аяқталған. Белгілі болғандай, сонау 2005 жылдан бері кәсіпорында 500 млн. теңгеге жуық үмітсіз қарыздар жинақталған.

– Жылу кәсіпорнының басшылығы баяғыда-ақ соттың шешімі арқылы бұл қарыздарды неғайбыл берешек ретінде шығыстап тастауы керек болған. Алайда олар жылдан-жылға ауыстырып отырған. Өздеріне облыстан қаржы сұрағанда, осы қарызды алға тартып келген. Осының есебінен олар қосымша қаржы алып келді, – деді Алмасхан Сматлаев.

Облыс әкімі орынбасарының пікірінше, «Теплокоммунэнерго» мекемесінің бұл тығырықтан шығуға қауқары жеткілікті. Бүгінгі уақытта оның директоры ауысқан. Сондықтан дұрыс менеджмент болған жағдайда, кәсіпорынды «минустан» алып шығуға әбден болады. Ал қосымша қаржы бөлу мәселесі бюджеттік комиссияның отырысында қаралатын болады.

Сонымен қатар тұтынушылардың мекемеге дебиторлық қарыздарын жою мақсатында да штаб мүшелері белсенді жұмыс жүргізуде. Учаскелік полицейлермен, сот орындаушыларымен бірлескен рейдтер ұйымдастырылуда. Борис Адиановтың мәліметінше, қазан айының басына дейін 13 млн. теңгенің 417 сот қаулысы шығарылған. Тағы 132 млн. теңгенің екі мыңнан ас құжаты сот орындаушыларында жатыр. Екі айдан астам қарызы бар жеке тұлғаларға қатысты 1148 талап сотқа жолданған.

Семейлік депутаттардың айтуынша, қарызды өндірудегі қиындықтардың бірі – борышкерлердің төлем қабілеттіліктерінің өте төмендігі. Тіпті кейбірінде пәтерлерін саттырмаса, алатын да ештеңе жоқ. Екінші мәселе – ол пәтерін жалға берушілер. Штаб мүшелерінің сөзінше, бүгінде оларды іздеп тауып, қарыздары барлығын айтуға еш мүмкіндік жоқ, яғни таптырмайды.

Сессияға қатысушылар осы мәселеге қатысты ойларын ортаға салғанда, бір пәтерге бола бүкіл үйді жылудан ажырату техникалық жағынан мүмкін еместігін айтып, одан да тиімді тәсіл ретінде жылу берушілер мен энергетиктердің бірлескен кооперациясын құруды ұсынды. Себебі қарызы бар тұрғындар жылуға төлемесе де, ай сайын жарыққа кеткен ақшаны төлеп тұратын көрінеді. Сонда жылуға төлемеген пәтерлердің жарығын заңды түрде жарық көзінен ажыратуға болады. Сол арқылы семейліктердің жылуға төлемей отырған қарыздарын қайтарып алуға сәлде болса мүмкіндік тумақ.

Облыстық мәслихаттың сессиясында Семейден бөлек, жалпы өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді, жылумен қамту мекемелерінің тұрғын үй қоры және әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандардың алдағы жылыту маусымына әзірлігін баян еткен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев барлық шаруалар мемлекеттік органдармен келісіліп, бекітілген жоспарларға сәйкес жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Мәселен, бекітілген кестелерге сәйкес 2018 жылы ЖЭО-дағы қазандықтардың дайындығы 93 және турбоагрегаттардың әзірлігі 99 пайызды құрайды.

– Сондай-ақ ГЭС-те 26 гидроагрегатты жөндеу жоспарланса, оның 15-і жөнделген. Ал облыста электрмен қамту нысандары толықтай әзір. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларында қысқа әзірлік 100 пайыз. Тұрғын үйлер 93 пайызға дайын, – деді Мұрат Мұсатаев.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button