Руханият

Қорда 65 мыңнан астам жәдігер бар

Қорда 65 мыңнан астам жәдігер бар

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы еліміз бойынша өзінің қорында қазақ және орыстың ғана емес, өңірімізді мекендеген өзге ұлт өкілдерінің де тарихы мен тағдырына, мәдениеті мен салт-дәстүріне қатысты бірегей жәдігерлерді сақтаған ерекше мәдени орын болып табылады. Осы мұражай қорындағы сан алуан жәдігерлерді жинау жұмысы қашан басталды? Қалай жиналды? Қазіргі уақытта қорда қанша жәдігер бар? Бұл туралы бізге осы мұражайдың халықтар этнографиясы және аз санды этнотоптар бөлімінің меңгерушісі Бақыт Құмарова әңгімелеп берді.

Арнайы жолсапарлар ұйымдастырылды

Тағдырдың айдауымен Шығыс өңіріне келіп, мекендеп қалған ұлттар мен ұлыстардың өткенінен сыр шертетін мол жәдігерлер қоры бір күнде немесе бір жылда жинала қалған дүние емес. Бақыт Мейрамқызының айтуынша, осынау мол қорды жинауға ондаған жылдар уақыт жұмсалыпты. Нақты айтсақ, аталған мұражайда 1988 жылы облыс аумағында қоныстанған халықтардың тарихы мен салт дәстүрін, әдет-ғұрпын зерттеумен айналысатын арнайы бөлім ашылыпты. Осы кезден-ақ бұл жұмыс жүйелі жолға қойылған екен.
– Алғашқы жәдігерлер қала маңы мен шалғайдағы ауылдардан жиналып, содан соң сол кездегі Кеңес Одағы мемлекеттерінің ірі қалаларына арнайы жолсапарлар ұйымдастырылды, – дейді халықтар этнографиясы және аз санды этнотоптар бөлімінің меңгерушісі Бақыт Құмарова. 1990 жылдың ақпаны мен 1994 жылдың тамызы аралығында сол кездегі бөлім меңгерушісі Зинаида Романованың ұйытқы болуымен Украина мен Белоруссияға мақсатты сапарлар ұйымдастырылып, украиндер мен беларустердің ер және әйел адамдарға арналған ұлттық киімдері мен жерге салатын төсеніштер секілді бұйымдар әкелінеді.
Сондай-ақ, 1987-1988 жылдары этнографиялық мұражайдың көрме залдарында Кеңестер одағына кіретін елдердің мәдениетінің онкүндігі өтеді. Түркімен КСР-нің мәдениет күндерінен соң музейдің жәдігерлер қоры түркімен халқының тұрмыста тұтынған бұйымдарымен толығады. Олардың қатарында түркмен әйелдерінің әшекей бұйымдары, тұрмысқа шыққанда киетін қалыңдық киімі, ұзатылып бара жатқан қыздың түйесіне жабатын жабу, таза жүннен өрнек салып тоқылған шұлық және тағы басқалар бар. Бұл бұйымдардың біразы сыйлық ретінде мұражайға тарту етілсе, біразы ақшаға сатылып алынған екен.
Бақыт Мейрамқызының айтуынша, 1991 жылы бөлім қызметкерлері экспонат жинау мақсатында Большенарым ауданына ғылыми экспедицияға шығады. Осы экспедицияның нәтижесінде музей қоры неміс, украин және белорус секілді ұлттардың салт-дәстүрінен хабар беретін небір құнды жәдігерлермен толығады. Бұл музей тарихындағы кеңестік замандағы экспонаттар жинау бойынша ұйымдастырылған соңғы ғылыми экспедиция еді. Осыдан соң көп ұзамай кеңестер одағы ыдырап, келмеске кетеді. Тәуелсіз мемлекетіміз аяғына нық тұрғанша, өзге салалардағы секілді мұражай саласы да қаржылық-экономикалық қиыншылықты бастан кешеді. Сол себепті музей қорын толықтыру жұмыстары қала маңында ғана жүргізіледі.

Қорда 65 мыңнан астам жәдігер бар

Мысалы, татар ұлтына арналған коллекциялар қатарында бөлім құрылғанға дейін жићаз бен ыдыстар, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қазан қаласында татар және араб тілдерінде жарық көрген кітаптар ғана болса, бөлім құрылғаннан соң, татарлардың мәдениеті мен салт-дәстүріне қатысты дүниелер тұрақты түрде түсе бастайды. 1990 жылы Болатовтар әулетіне тиесілі бірнеше жәдігерлер музей қорына өткізіледі. Ол бұйымдарды әйелі Фания Салимқызы қайтыс болған соң, Өскемен қаласының тұрғыны Владимир Федорович Моспан табыстаған екен. Мұның бәрі әйелінің ата-анасынан мұраға қалған көрінеді. Олардың ішінде табиғи маржанмен әдіптелген әйелдерге арналған бас киім – калфак, әйелдердің кеудеге тағатын әшекейі – изю, теріден тігілген жұмсақ етік, күміспен күптелген ер адамның белдігі, өрнекті орамалдар және тағы басқалар бар. В.Моспан мұражай қорына барлығы 30-дан астам бұйымды тарту етеді.
1997-1998 жылдары көпес Ахтям Рафиковтың ата-бабаларынан қалған біраз бұйымдар да мұражай қорынан орын алады.
Сондай-ақ, Өскемен қаласының тұрғыны Фарида Гонцова 1918 жылдарда тігілген татар әйелінің қалыңдық киімін табыстайды. Бұл оның 1898 жылы дүниеге келген әпкесі Фатима Хикматуллақызынан қалған киім екен.
Бақыт Мейрамқызы музей қорында корей ұлтының тарихы мен мәдениетіне қатысты жәдігерлердің мол қоры бар екенін айтады. 1993-2000 жылдары Сеул қаласынан келіп, «Родник» евангелия христиан баптистерінің шіркеуінде миссионерлік қызметпен айналысқан Ким Хон Бе мырза мен оның зайыбы Джон Сунн мұражайға корей халқының мәдениетіне қатысты 200-ден астам бұйым тапсырыпты.
1997-1998 жылдары қорды толықтыру мақсатында ТМД мемлекеттерінің бірінші басшыларына, сол елдің мәдениетіне жауапты министрліктер мен елшіліктерге арнайы хат жолданады. Жауаптар да көп күттірмейді. Біреулері үзілді-кесілді қарсылық білдірсе, ал кейбір елдер жәдігерлер жинауға өз қаражаттары есебінен келіп, алып кетуге шақырады. Ал Удмуртия, Ингушетия, Чувашия, Эстониядан тарих пен этнографияға қатысты бандерольдар келеді. Сонымен қатар, Тәжікстаннан да бірқатар бұйымдар жіберіледі. Олардың қатарында «Сюзане» деп аталатын қабырғаға ілетін кілем, 1950 жылдардағы кестеліп тігілген әйел көйлегі мен 1960 жылдардағы ер адамның тақиясы бар. Бұлардың барлығы да тәжік әйелдерінің қол еңбегінің жемісі.
1999 жылы Әзірбайжан Республикасының Мәдениет министрі Полад Бюль-Бюль оғлы пошта арқылы әзірбайжан халқының рухани және тұрмыстық өміріне қатысты біраз коллекция жібереді. Олардың ішінде де ер және әйел адамдардың ұлттық киімдерімен бірге тар, гавал, кяманча секілді музыкалық аспаптар, әзірбайжанның тарихы мен этнографиясына қатысты әдебиеттер бар көрінеді.

Көрме өткізу дәстүрге айналды

– Соңғы жылдары біз облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының ұлттық мәдени орталықтарымен қоян-қолтық жұмыс істеп жатырмыз. Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы Достық үйі – қоғамдық келісім орталығымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Жыл сайын бірлесіп өткізілетін шаралардың тізімі де жасалып отырады, – дейді аталған музейдің бөлім меңгерушісі Бақыт Құмарова. – Мысалы, 2003 жылы «Ұлттық мұра – халықтың жаны» атты ортақ тақырыппен алты шағын көрме өткізілді. Бұл көрмелердің ерекшелігі мұндағы жәдігерлердің барлығы әртүрлі мәдени орталық өкілдерінің отбасылық мұрағатынан алынып, қойылды. Әрбір шағын көрме бір айға созылып, қала халқы мен қонақтарының назарына ұсынылды. Мысалы, армяндардың мәдениеті мен салт-дәстүріне арналған көрме «Арараттың шыңдарынан тасты таулардың сағасына дейін» деп аталса, украиндардікі «Біз – Украин халқымыз», немістердікі – «Видергербургт», татарлардікі – «Татарлар турында» деп аталды. Ал «Вайнах» деген атпен өткен шешен ұлтының көрмесі 2003 жылдың қараша айында өткізілді.
2004 жылдың 24-30-тамызы аралығында жәдігерлер мен ақпараттар жинау мақсатында мұражай қызметкерлері өзінің ХХІ ғасырдың басындағы алғашқы ғылыми экспедициясын ұйымдастырады. Нәтижесінде, Бородулиха және Бесқарағай аудандарынан барлығы 105 бұйым жиналады. Олардың 14-і ақшаға сатылып алынса, қалғанын өзге ұлт өкілдері музей қорына сыйлық ретінде тарту етіпті.

Қорда 65 мыңнан астам жәдігер бар

Сонымен бірге, мұражай қорындағы өзге ұлт өкілдерінің ұлттық киімдеріне арналған коллекция ел астанасында екі рет көрмеге қойылыпты. Алғаш рет 1998 жылы Астана қаласының тұсаукесерінде қойылса, ал екінші рет 2006 жылы Қазақстан Республикасының бірінші Президентінің музейінде ұйымдастырылған екен.
2007 жылдың желтоқсан айында музей коллекциясын толықтыру мақсатында бөлім қызметкерлері Орталық Азия және Қазақстан қолөнері шеберлерінің Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде өткен жәрмеңкесіне қатысып, нәтижесінде қор барлығы 22 бұйыммен толығады. Олардың ішінде өзбектердің дойра, танбур, қырғыздардың чапочоор секілді ұлттық аспаптары бар.

Қорда 65 мыңнан астам жәдігер бар

2008 жылы Моңғолияға ғылыми экспедиция жасақталып, музей-қорықтың қызметкерлері ол жақтан да біраз дүниелерді олжалап алып келеді.
2009, 2014, 2016 жылдары музей қорықтың көрме залында Иран мәдениетіне арналған көрме өтіп, ирандық шеберлердің қолдан жасалған біраз бұйымдары сыйға тартылады.
Осылайша, Шығыс Қазақстан өңірін мекен еткен шағын этнотоптар мен халықтардың этнографиясына арналған музей қоры жылдан-жылға ұлғайып, артып келеді. Бақыт Мейрамқызының айтуынша, қазіргі таңда қорда 40-тан астам ұлт өкілдерінің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін 65 мыңнан астам жәдігер бар көрінеді.
– Мұражай үшін мұның бәрі – өте құнды жәдігерлер. Өйткені, бұл жәдігерлер – қасиетті қазақ жерін мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың рухани өмірінің негізі, – дейді Бақыт Құмарова.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button