Оразбай ақсақалдың мәуелі саябағы
…Сауыр-Сайқан тауларының бөктеріндегі Үлкен Қаратал ауылының тұрғындары ерекше қуаныш құшағында. Өйтпегенде ше, шағын ауылдың көркіне сән қосқан жасыл бақ соңғы кезде құлпырып, балалардың демалыс орнына айналды. Әткеншек, алтыбақан тепкен балалар таңның атысынан күннің батысына дейін саябақтан шықпай, бос уақыттарын көңілді өткізіп жатыр. Үлкен Қаратал ауылының көркіне сән берген саябақ Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз, осындағы білім ордасында химия мен биология пәнінің мұғалімі әрі директоры болған Оразбай Есдәулетовтің есімімен аталады.
Шәкірттерін табиғатты аялауға үндейтін
Ең әуелі ерекше құрмет көрсетіліп жатқан Оразбай Есдәулетов жайында айта кеткен орынды болар. Соғыс және еңбек ардагері Оразбай Есдәулетов 1921 жылдың 5-мамырында Зайсан ауданының Үлкен Қаратал ауылында дүниеге келді. Әкесі Тұрғанбай, анасы Анар оның үш жасында дүниеден озады. Тағдыр тауқыметін сәби кезінен тартқан Орекең қиыншылыққа мойымай, жігерін жанып, Зайсандағы педагогикалық училищені аяқтаған соң, Марқакөл ауданында ұстаз болады. 1940 жылы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Ұлы Отан соғысы кезінде талай ерлік жасап, орден-медальдармен марапатталады. Соғыстан оралған соң Сайқан тауындағы шопан балаларына арнап ашылған «Шахта» деп аталып кеткен бастауыш мектепте қызметін жалғастырады. Сол жерде өмірлік жары Роза Салықбаевамен танысып, отбасын құрады. Роза апай терең білімді, сөзге шешен, талай талант иелерін оқытып, тәрбиелеген ұлағатты ұстаз еді. Қашанда жаңалыққа жаны құмар, білімін тереңдетуді мақсат еткен азамат Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогика институтының химия-биология факультетін қызмет істеп жүріп бітіреді.
Ауданның бірнеше мектебінде ұстаз болған Орекең жүрген жерінде ағаш егіп, үлкен Қараталда шәкірттерге дәріс берген кезде мектеп жанындағы бос жатқан жерді өңдеп, оқушыларды еңбекке баулып, табиғатты аялауға, ағаш егуге жұмылдырды. Жасыл бақтың жан-жағын шарбақпен қоршап, түрлі жемістер мен дәрілік шөптерді өсіре бастайды. Оның ішінде шырғанақ, шәңгіш, басқа да жеміс-жидектер болды. Биология пәнінің ұстазы мамандығын ерекше сүйетін. 1960 жылы «Жидек бағын» ашып, ондағы көшеттерді ерекше күтімге алады. Мектеп жанынан тәжірибе телімін жасап, 5 түрлі райка, китайка, зайсанская, антоновка, лимонка сияқты дәмі тіл үйіретін алма сорттарын будандастырып, жерсіндіреді. 1970 жылдары алма өсіруден республикалық көрмеде бірінші орынды иеленген кезде мектеп ұстаздары ерекше қуынышқа бөленіп, Орекеңнің ісіне сәттілік тілеген. Орекең ауданда бірінші болып алмұрт өсірумен шұғылданған адам. Алмұрттың өскінін жабайы алмаға теліген кезде ол қурап қала берген соң тәжірибе ретінде бірнеше жабайы ағаштардың бұтағымен будандастырғанда жеміс бере бастаған. Бертін келе мектеп маңайы жеміс ағаштарына толып, саябақта 20 түрлі өсімдік жайқалып өсіп тұрған «Ботаникалық бақты» аудандық оқу бөлімі басқа білім ошақтарына үлгі етіп, сан рет семинар-кеңестер өткізген. Ортақ істің қанат жаюының жанында тыным таппайтын Орекеңнің жүргені айтпаса да түсінікті шығар.
Ұлағатты ұстаз, кіндік қаны тамған ауылының өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан Оразбай Тұрғанбайұлы 1981 жылы зейнеткерлікке шықты. Өмірінің соңғы жылдары Зайсан қаласына көшіп келіп, Заречныйдағы екі қабатты үйдің екінші қабатындағы екі бөлмелі үйінде бірер жыл тұрған соң, соңынан балалары Алматыға көшіріп алады. 1998 жылы балаларының ортасында дүниеден озды. 2014 жылы Үлкен Қаратал ауылының тұрғындары мен ақсақалдың ұрпақтары ұстаздың өз қолымен отырғызған жеміс бағын темір шарбақпен қоршатып, «Оразбай саябағы» деген ат беріп, ескерткіш тақта орнатты. Ал ол бақты күтіп-бағуды ғұмыр бойы ұстаздық еткен орта мектеп шәкірттері қамқорлыққа алған.
Үлкен Қаратал ауылында ұмытылмас ерекше оқиға болды. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагері, ұстаз Оразбай Есдәулетовтің ұрпақтарының және аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен жасыл бақтың және балалар алаңының ашылу салтанаты өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжанов, Зайсан қаласының әкімі, осы шараны жоғары дәрежеде ұйымдастырған, Ұлықбектің сыныптас досы Долдан Тожыбаев, аудан мен ауылдың тұрғындары қатысты. Көңілді әуеннен кейін салтанатты жиынды жүргізушілер соғыс ардагері, қырық жылға таяу ұстаз әрі мектепті басқарған Оразбай ақсақалдың өз қолымен жасыл баққа жан бітіріп, ағаш көшеттерін отырғызып, бүгін балалар үшін демалыс орнына айналғанын айта келіп, талантты ақын, жарық жұлдыздай өмірден ерте озған Рүстем Оразбайұлының жыр жолдарын төгілдіріп жіберді:
О, нұр Зайсан киелі, алтыннан бар сүйегі,
Сауыр-Сайқан, мәртебе, шаттықтың ізгі тиегі.
Майқапшағай жерінде, кеденім бар жүйелі,
Алыбаймен көктекше, сұлулықты сүйеді.
Кендірлігім керілген, Көгедайым көрікті,
Қараталым құлпырған, жүзімнен шәшін түйеді.
Тәрбиелі ұрпағын бүкіл ел таниды
Бұдан кейін алғашқы құттықтау сөзді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар алды.
-«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қасиетті де аталы сөз бар. Әр ауылда өзі тұрған елді мекеннің бет-бедерін айшықтайтын азаматтар тұрады. Осы ауылдың, Зайсан жерінің қазыналы қарттарының бірі – Оразбай ақсақалдың өнегелі ісі жас ұрпаққа үлгі-өнеге болса керек. Ардақты ұстаз өз ұрпақтарына тамаша тәрбие берді, оларды бүкіл ел танып, құрметтеді. Бүгінгі ашылғалы отырған елге сыйлы ақсақалдың өз қолымен отырғызған саябақтың ашылуына арнайы келіп, облыс басшылығының құттықтауын жеткізіп отырмын, сіздерді мерекемен құттықтаймын, Оразбай ақсақалдың саябағын күтіп ұстаңыздар, демалыстарыңыз көңілді болсын, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
–Ұлы Отан соғысының ардагері Оразбай Есдәулетов атындағы саябақтың ашылуына балалары Бағдат апай, Ұлықбек , Айтмұханбет ағалар, қыздары Сара, Риза, күйеубалалары, немере-шөберелері, ақсақалдың көрші-қолаңдары, ардагерлер, алыстан келген қонақтар қатысып отыр. Келесі сөзді жерлесіміз, талантты ақын, Мемлекеттік сыйлықтың, «Құрмет» орденінің иегері, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Зайсан ауданының Құрметті азаматы Ұлықбек Есдәулетовке береміз,–деді жүргізуші.
–Ардақты ағайын, бұл жерде ескі мектептің тұрғанын жақсы білесіздер. Кейін ол ескірген соң құлатылды. Әкеміздің өз қолымен орнатылған бақтың да сәні кете бастады. Кейін оны жөндеп, жаңа ағаш көшеттерін отырғызды ауылдастары. Туған жердің байлығы—табиғаты. Бірде сонау Қызылорданың, Аралдың арқалы ақыны Жарасқан
Әбдірашевты алып келіп, аралатқанымда, «ой, мынандай табиғаты тамылжыған өлкеде екінің бірі ақын болып кетеді ғой, мықты болсаң, біздің құмды Аралды жырлап көрші» деген еді. Есет Әукебаев та осы мектепте оқып, білім алған. Демек, мынадай көркем жерді аялап, қорғауымыз керек. Әкеміз табиғатты ерекше аялайтын, бір жаққа барса, ағаш көшеттерін арқалап әкеліп, соны баққа егіп жататын. Тіпті, сонау бір жылдары Ялтаға курортқа барғанда бір қап ағаш көшеттерін арқалап келіп, оны отырғызып жатқаны күні бүгін көз алдымызда. Зайсан жерінде өспейтін ағаштарды будандастырып, жерсіндіріп, ақыры оның жемісін көріп жататын. 1990 жылы Зайсанда зілзала болғаны есімізде. Мектеп құлаған соң жаңа мектепті ауылдың сыртында, қолайсыз жерде салған кезде әкеміз қарсылығын білдіріп, ол жер алыста, жері сортаң, мына жайқалып өскен бақтың жанына салыңыздар, дегенінеқарамастан, ешкім құлақ аспады, ақыры шаршаған қария үнсіз қалды. Ауылға келген сайын менің де жүрегім сыздады, мектеп жанындағы бақ малдың ыстықта сая табатын жеріне айналды. Ақыры маған да бір ой келді, саябақты қоршап, балалар ойнайтын алаң жасасақ деген. Былтыр келе алмадым, биыл сол ойды жүзеге асырып, әкеміздің арманын орындадық. Әкеміздің саябағы сіздерді қуанышқа бөлей берсін,–деді ақын Ұлықбек Есдәулет.
Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, халықаралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы, ақын Қалқаман Сарин үлкен Қаратал ауылының тұрғындарына жылы лебізін білдірді. Оразбай ақсақал мен Роза апайдың үлкен қызы, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалінің иегері Бағдат Есдәулетова әкесі туралы тебірене естелік айтқан кезде ауылдастары мұңайып, абыз ақсақалдың ақылы мен өнегелі істеріне үнсіз бас иді. Бұдан кейін ұстаздар, ақсақалдар алқасының мүшелері Ырысбек Мұқанов пен Талғатбек Жалбағаев Оразбай ақсақал туралы естеліктер айтты. Аудандық Мәдениет үйінің талантты әншісі Наурызхан Ісбек шырқаған «Қазағым-ай» әні елдің еңсесін көтерді.
Аудан әкімі Темірбек Қасымжанов көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулетовке ат мінгізді.
Түске таман келген қонақтар Зайсан қаласының Заречный ықшам ауданындағы Оразбай Есдәулет тұрған үйге ескерткіш тақта орнатуға арналған шараға қатысты. Оны облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ашып өңірде тамаша бастамалардың жүзеге аса бастағанын атап көрсетті. «Туған жерге — тағзым» акциясының бастамашысы, осы игілікті істі ең бірінші Шығыс өңірінде бастаған Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың Оразбай ақсақалдың ұрпақтарына, талантты ақын Ұлықбек Оразбайұлына осы бағалы бастаманы жалғастырғаны үшін айтқан алғысын, сәлемін жеткізді.
– Зайсанды ақындар мен жазушылар елі деп атайды. Мына тұрған Бекен Жапаров ағамыз ғұмыр бойы Зайсанды жырына арқау етіп келеді. Әубәкір Нілібаев, Уахап Қыдырханов, Есет Әукебаев, Кеңесхан Зәкенов, Тоқтарбек Қызықбаев, Кәдірбек Сегізбаев, Әділбек Тауасаров, Ғалым Байбатыров, менің анам, әдебиет пәнінің мұғалімі Роза Салықбаевадан дәріс алған Марат Қабанбаев, Асқар Егеубаев, Рүстем Оразбайұлы, тағы басқалардың ізін бастық. «Адуынды алғашқы басқан ұям, саған деген жырымды тастан құям» деп бала кезімде жырлағанмын. Зайсан туралы жырымыз әлі біткен емес, туған жерді жырға қоса беремін, – деп арқалы ақын ағынан жарылды.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ұзақ жылдар аудандық «Достық» газетін басқарған, ауданның Құрметті азаматы, ақын Бекен Жапаров ұлағатты ұстаз туралы жырын оқып берді.
Аудандық мәслихаттың депутаты, саз мектебінің директоры Венера Әділбаева еліне қадырлы, ұлағатты ұстаз Оразбай ақсақалға көше есімі берілгелі отырғанын, сессия шешімі шыққаннан кейін оның жүзеге асатынын айтып, жиналғандарды құттықтады. Ескерткіш тақтаны ашу құрметіне облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, ақын Бекен Жапаров, нағашы ағасы Совет Салықбаев ие болды. Осы кезде Жақсылық Мұқашұлы өз кезегін Рүстемнің жұбайы Маржанға, балалары Олжас, Ботагөз, Нұрзада, Ханзадаға берді. Екінші қабатта орналасқан тақтадағы айшықты әріптермен жазылған «Бұл үйде 1994-1998 жылдары Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, құрметті ұстаз Оразбай Тұрғанбайұлы Есдәулетов (1921-1998) тұрған» жазу жарқ ете қалды. Көңілді әуен аспанда қалықтады. Бұдан кейін «Зарина» дәмханасында Оразбай Есдәулетовке арналып, ас берілді, Құран қатым түсірілді.
Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.