Оразақын аға Одаққа танымал болған
Кеңес одағының дәуірлеп тұрған шағында шаруашылықтарда еселі еңбегімен ел ықыласына бөленген қаншама жандар болды десеңізші. Солардың көпшілігі еткен еңбегін, төгілген терін дауламай, бүгінде қатардағы көп зейнеткерлердің бірі болып жүріп жатыр.
Қарабұлақтық Оразақын Сіләмжанов деген ағамыз да сондай жандардың бірі. Бір кезде республикаға, одаққа танымал шопан бүгінде «Нұртас» шаруа қожалығын ашып, өз алдына мал өсіруде. Рас, еңбегі еленбей қалды дейтін емес. Ол – III және II дәрежелі «Даңқ» ордендерінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.
– Оразақын әріптесім шын мәнісінде әр жүз саулықтан 140-180-нен кем қозы алып көрмеген қой өсірудің шебері болатын. Малды жаз жайлауда, күз күзекте қайда жаюды білетін аса малсақ жан еді. Қазір жасы 70-тен асса да қарамағындағы 500 қойынан өнім алуда алдына жан салмайды. Бұл оның осынау бабалардан қалған көне кәсіпке деген құрметі деген дұрыс шығар,-дейді өзінің досы Даутан Сүттібаев деген ағамыз.
Оразақын Сіләмжанов ағамыз әскер қатарында үш жыл болып, Отан алдындағы абыройлы борышын өтеп келісімен сол тұстағы шаруашылық директоры Кәкім Орынханов шақырып алып, жас жігітпен кеңінен сөйлесті. Әкесінің қартайып қалғандығын, ата-баба кәсібін жастардың жалғастырғаны жөн екендігін айта келіп, Сіләмжан қарттың ақ таяғын алуды ұсынды. Өзі де малсақ жігіт бірден келісті. 12 құрсақ көтерген анасы Гүлбараннның қуанышында шек жоқ. Сонымен осыдан бір ай бұрын мұның әскер қатарынан оралу қуанышын бірге бөліскен Кәрім Сабырбеков, Кеңшілік Данабеков, Құсмания Оспанов, Бейсенбай Еркінтаев сынды жігіттермен қоштасып, ақтылы қой соңына түсті де, көп ұзамай Бикеш Сандыбаевадай теңдесімен бас қосты. Ұлының отау құрған қуанышына Сіләмжан ақсақал тай сойып, күллі атырапты шақырып ұлан-асыр той жасады.
Өмір бір орнында тұрмайды емес пе, жылдар жылжып өтіп, жоғарыдай айтқанымыздай еңбегінің жемісін де көрді. Құдайдың берген үш ұл, үш қызынан бүгінде әлденеше немере сүйіп, шүкірлік еткен жайы бар. Тек бір өкініштісі, жастайынан бас қосып, отау құрған жары Бикеш апа бүгінде бақилық болған…
-Атам қазақ «Мал өсірсең – қой өсір, табысы оның – көл-көсір», деген ғой, шырағым. «Қой малы пейіштен шыққан» деп те бекер айтпайды халқымыз. Осы шопан ата түлігін өсірудегі қиыншылықтары мен қуанышын қатар көрдім. Бұрынғы өткен өмір көрген түстей буалдыр. Әлгінде айттым ғой, мал бағу өте ауыр іс. Өзіңіз ойлаңыз, жаз жайлауға малды егіндік алқаптардан аулақпен айдап 300 шақырым жердегі сонау Бақты, Қаратұманы басып, Тарбағатайдың басы Көктекше, Суасу асуына өгіз арбамен, атпен 10-15 күн көшеміз. Қыркүйектің аяғына таман жұрттың соңы болып күзекке, Шағантоғайға түсеміз. Е-е-е, қарағым, қойшы болу оңай емес. Тіпті, қойдың жүні кәріқыз, шоңайдан, топырақ, құмнан ада, таза болуы үшін ондай алқаптармен айдамай, үстін баспай, жаймай сырт айналуға тура келеді. Шолақ тұма, болмаса Жиделі қыстағына келіп жеткенше мал жайылымда болады. Сосын қолға қарайды да, қыстың қысқа күнінде үш уақ өгіз арбамен шөп тасимыз. Ал төл алу өз алдына бір науқан. Онда жыл бойғы еңбегіңнің жемісін көру үшін күні-түні көз ілмей еңбек етуге тура келеді. Осылайша 2007 жылы зейнеткерлікке шыққанша тыным таппадық қой. Жан баласына өкпе артпаймын. Тек елеусіз ғана ешкімге керегі жоқтай ғұмыр кешу маған жат құбылыстай.
Ия, шынында да бір кездері еселі еңбегімен ел ықыласын бөленген осындай ардагер ағаларымызға бүгінде көзден таса болып бара жатқандай. Елбасының өзі мұндай жандарға ықылас, қамқорлықты арттыру қажет екенін баса айтып келеді. Тек біздің тарапымыздан ғана жылулық жетпей жататындай.
Ал, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, III және II дәрежелі «Даңқ» ордендерінің иегері Оразақын Сіләмжанов ағадай жанға қандай құрмет көрсетсе де, артық етпек емес.
Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы.