Дүлдүл

Оразайдың әлемі

Ынтымақ Толқын

Пушкин атындағы облыстық кітапханада республикалық әдеби конкурстардың жеңімпазы, танымал жас ақын, журналист Оразай Жеңісұлымен «Қара өлең – жүйрігімсің, жалың майда» атты кездесу өтті.

«Әдеби hub» жобасы аясында ұйымдастырылып отырған кездесуге қаланың өлеңсүйер қауымы мен жас ақынның оқырмандары қатысты. Кездесу барысында Оразай Жеңісұлының таңдамалы өлеңдері жатқа оқылып, ақынмен ашық сұхбат болды. Шараға қатысушылар жас талантқа өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жауап алды.

– Бүгін Оразай ағамызбен кездесу болады дегенді естіп арнайы келдім. Оның өлеңдерін оқып жүремін. Шығармашылығы өте ұнайды. Қай өлеңін алып қарамасаңыз да өзгеше бір леп пен өзіне ғана тән табиғаты, бағыты бар. Өзім өлеңге жақын болған соң шығармашыл жастарды салыстыра оқимын. Маған Оразайдың жазу стилі мен сөз саптауы өзгелерден дараланып тұрады, – деді кездесуге келген жас дарын Жәнібек Серікұлы.

Әдеби кешке құрметті қонақ ретінде ақынның өнер жолындағы ұстаздары мен үзеңгілестері шақырылды. Өз кезегінде қонақтар әдемі естеліктерімен бөлісіп, әзіл-қалжыңы аралас әңгіме өрбітті.

Аталмыш шараға жас ақынды әдебиет әлеміне жақындатқан ұстаздары да келіп, оның балалық шағы туралы айтты. Оқушыларын ерте келген мұғалімдер Оразайдың ізін қуған жеткіншектерге өлең оқытып, құттықтауларын жеткізді.

– Оқырмандармен жүздесу – жауапты іс. Оларға есеп беруің керек, өйткені шығарма жазылған соң халықтың еншісіне айналады. Ал қазақ – ақын халық. Атадан балаға мирас болып келе жатқан сөз өнеріне сен де үлес қосамын десең, шалағайлық жасауға қақың жоқ! Өлең жазуға тақыстық осы үшін қажет шығар. Мен де бүгін азынаулақ өлеңімнің бас-аяғын түгендеп, маған жас ақын деп ат қойып, айдар таққан қауымға ұсындым. Оным көпшіліктің көңілінен шыққанға ұқсайды. Жалпы мұндай кездесудің ең жақсы тұсы – жинақтала түсесің, алдағы уақытта сақадай шымыр жыр жинақ шығаруға үлкен септігін тигізеді, – дейді Оразай Жеңісұлы.

Ол – талантымен талайды тәнті етіп жүрген жас дарын. Өскемен қаласының №20 мектебінде білім алған. Оқушы кезінен дүбірлі додаларға түсіп, бәйге алып жүр. Облыс намысын республикалық деңгейде қорғап жүрген талант иесі. Соның бір дәлелі жақында өткен «Алтын тобылғы» байқауында Оразай Жеңісұлы «Жылдың үздік поэзиясы» номинациясының иегері атанды.

Ақынның алға қойған ендігі бір мақсаты – таңдамалы өлеңдер жинағын шығару. Қазіргі уақытта осы мақсатта жұмыс істеп жатыр.

 

Back to top button