Ораза қайырымдылық һәм ізгілік айы
Қадірменді шығысқазақстандықтар!
Баршаңызды күллі мұсылман баласы асыға күтетін қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бақыт пен береке, зор денсаулық тілеймін!
Міне, бүгін уақыттың ағысы, дәуірдің көшімен қасиетті Рамазан айына да келіп жеттік. Осы күнге аман-есен жеткізген және осындай зор нығметті нәсіп еткен Жаратушы Иемізге сансыз шүкірлер айтамыз.
Рамазан – тәрбие мен тағылымның, тәуба мен шүкірліктің айы. Сондықтан берекелі айда көбірек сауапты амал жасауға асығайық, ағайын. Ата-анамыздың, қазыналы қарттарымыздың дұғасы мен алғысын алуға тырысайық. Мүмкіндікке қарай мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, науқастың көңілін сұрап, сауап алайық.
Рамазан – Раббымыздың мейірім-махаббатына бөленетін ай. Берекелі айдың берекетінен құр қалмай, сауабы еселеніп жазылатын айда әрбір ізгі амалымыз қабыл болғай.
Алла Тағала ұстаған оразамызды, қоғам үшін жасалған қайырлы істерімізді мол сауаптан жазғай. Еліміз аман, жеріміз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болғай. Әмин!
Ермек қажы Қасболатұлы,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шығыс Қазақстан облысы бойынша бас имамы
Ұлттық құндылықтың түп қазығы тіл мен діл, дін мен дәстүр. Осы бір ұйыстырушы күштерді санасында сақтай білген елдің бірлігі бекем, ынтымағы берік болмақ. Адам баласын осындай ізгі қасиеттерге жетелейтін діни дәстүрлі үрдіс, әр мұсылманға парыз саналатын ораза да келіп жетті. Осыған орай облыстық «Халифа Алтай» мешітінің өкілдері баспасөз мәслихатын өткізді.
Биылғы ораза наурыздың басында басталып, сәуірдің салқынында аяқталмақ. Көктемгі ұзынсары уақыты ораза ұстағандарға оңай соға қоймасы анық. Сондықтан да мешіт өкілдері бірінші денсаулықты, одан кейін құлшылықты ойлау керектігін айтады.
– Биылғы Рамазан айының басталуын ҚМДБ 11 наурыз деп бекітті. Ораза ұстау мұсылман қауымның бес парызының бірі саналады. Ал биылғы ораза көктемгі уақытқа сәйкес келіп отыр. Сондықтан да ораза ұстауға ниет қылған адамдар барынша денсаулығын тексертіп, өз мүмкіндіктеріне қарай ауыз бекітуі керек. Құран аятының өзі «оқы», – деп басталады. Сондықтан да мүмкіндігінше оқушылар, кәмелет жасына толмаған балалар оқуды бірінші орынға қойғаны дұрыс. Ораза айында ҚМДБ және облыстық мешіттердің ұйымдастыруымен көптеген қайырымдылық және рухани іс-шаралар өтетін болады. Барша мұсылман қауымды қайырымды, мейірімді болуға шақырамыз. Әр күніміз ізгілікке толы болсын, – деді облыстық «Халифа Алтай» атындағы мешіттің наиб имамы Дәулет Қабидолдин.
Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. Ораза айт мерекесі 10 сәуірге сәйкес келіп отыр. Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде пітір садақа еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге болып бекітілді.
Сонымен қатар ораза айында қайырымдылық қорларының және жеке азаматтардың ұйымдастыруымен көптеген іс-шара өтпек. Мешіт қызметкерлерінің айтуынша, қарттар үйі мен балалар үйінде ауызашар берілмек. Сондай-ақ дәстүрлі үрдіске сай облыстық «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен мұқтаж жандарға пәтер берілетіні де айтылды.
– Рамазан айында көптеген қайырымдылық және рухани іс-шаралар өтетін болады. Рамазан айында мешіттерде пәтуә бөлімінің мамандары тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, барынша тұрақты жұмыс істейтін болады. Жылдағы дәстүрлі үрдіске сай «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен биыл екі пәтер берілмек. Оның біреуі мұқтаж жанға, енді біреуі дін қызметкеріне беріледі. Сондай-ақ «Рамазан сыйы», «Рамазан қоржыны», «Рамазан тәттісі», «Жомарт жұма» қатарлы акциялар да өтетін болады. Алла қаласа, 15 наурыз күні қарттар үйінде, 20 наурыз күні балалар үйінде дастархан жаймақпыз. Қайырымдылық шараларын мешіттен бөлек жеке азаматтар да өткізіп жатады. Мүмкіндігінше, қайырымдылық жасайтын азаматтар қазіргі замандағы алаяқтықтан сақ болып, мұқтаж жандарға көмектессе екен дейміз. Жалпы биылғы ораза айында өтетін шараларды мүмкіндігінше наурыз мейрамымен де ұштастыратын боламыз, – деді «Уақып» қорының облыстағы өкілі Берік Кәдірұлы.
Сондай-ақ ораза айы қарсаңында «Жарапазан» эстафетасы жалғасын тауып, күн сайын ауызашар беріледі. Ақындар айтысы өтіп, ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Осылайша ораза айында қайырымдылық іс-шаралармен қатар, ұлттық құндылықтың да ұпайы түгенделмек.